Бір кездері Байзақ ауданында ірі-ірі 10 кеңшар болған екен. Қазір майда-майда 2770 шаруа қожалығы бар. Әрине, бұларды біріктіру, ірілендіру жұмысы өз ретімен жүріп келеді, бірақ ұсақ-ұсақ болған соң олардың шаруасы да, машақаты да шаш етектен. Не несие ала алмайды, не мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктерді пайдалана білмейді. Бұл бір ғана Байзақтың емес, барлық ауданның басында бар жағдай. Сондықтан мұндай ұсақ қожалықтарды біріктіру басты мәселе болып тұр.
Жамбыл облысында 50 гектарға дейін жер телімі бар шаруашылықтардың үлесі 64,4 пайызды құрайды. «Бұлардың алдыңғы қатарлы ғылыми-техникалық жетістіктерді, атап айтқанда тамшылатып және жаңбырлатып суару, басқа да ылғал ресурс сақтау технологиясын, өндіріске агротехнологияны, ауыспалы егіс жүйесін ендіруге, өсімдікті қорғауды дұрыс жолға қоюға ешқандай мүмкіншіліктері жоқ», дейді облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Абдалы Нұралиев. Расында сөз етіп отырған сала алға басуы үшін ғылыммен тығыз байланыста болуы керек. Еккен егін көп немесе аз өнім берсе де, соның сырын зерттеп, соңғы технологияларды ендіріп отырмаса, еш нәрсе дамымайды. Тағы да мықты мамандар қажет. Ал, ұсақ, әлеуеті аз шаруашылықтар мұндай жағдайға қол жеткізуді ойланбайды да, тіптен мүмкіндігі де жоқ. Сондықтан ауыл шаруашылығы басқармасы осы іске белсене кірісіп, бірігудің үш жолын ұсынып отыр. Ол бойынша ұсақ қожалықтар іргесіндегі ірі шаруашылықтарға қосылу, өңдеуші кәсіпорындарға бірігу және өңкей ұсақ қожалықтардың өздері бірігіп, ірі шаруашылыққа айналу. Бұл тұста айта кететін бір ерекшелік, бірігудің арқасында үлкен ұжымға айналып, жұмысын тәп-тәуір бастаған кейбір шаруашылықтарға «Тараз» ӘКК арқылы техника әперу ісі пилоттық жоба ретінде қарастырылып отыр. Яғни, әр ауданнан кем дегенде бір шаруашылыққа осындай демеушілік жасалатын болады. Яғни, жұмысын көп болып бастаған ұжымдарға трактор, соқа, басқа да ауыл шаруашылығына қажетті техникаларды беру жоспарда бар. Аталмыш жоба «2013-2020 жылдарға арналған Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы құрылымдарын ірілендіру» бағдарламасы бойынша әзірленіп, халық қалаулыларының қолдауына ие болған.
Биыл Жамбыл облысында жоспар бойынша 1252 шаруашылықты біріктіру керек болса, бүгінгі күнге дейін 146 шаруашылық іріленді. Жаңа жоба шаруаларды бірігуге ынталандырады деген үміт бар.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Жамбыл облысы.