22 Мамыр, 2014

Америка үшін де үлгі боларлық модель

449 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Оңтүстік Калифорния университеті мемлекеттік басқару саласының құрметті профессоры Честер Ньюланд Қазақстанның мемлекеттік қызмет істеріндегі модельді АҚШ үшін де үлгі болатындай деп бағалайды. Бұл пікірді ол Қазақстан Респуб­ликасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде журналистермен болған сұхбатында айтты. Профессордың пайымынша, Қазақ­станның мемлекеттік қызмет жүйесіндегі реформаларына сәйкес, саяси мемлекеттік қызметкерлер саны азайып, оның орнына 2050 жылға дейінгі елдік даму стратегиясын жүзеге асыруға белсене кірісетін әкімшілік қызметшілер саны арта түсетін болады. «Қазіргі таңда Қазақстанның мемлекеттік қызмет жүйесі, менің ойымша, әлемдегі ең озық үлгілердің бірі, тіпті, АҚШ-пен салыстырсақ та солай. 70-ші жылдары АҚШ саяси қызметшілер санын арттыру жолын ұстанған болатын. Ал бұл мәселеде америкалық үкімет белгілі бір деңгейде олқылық жіберді. Бізге, керісінше, сіздердің мемлекеттік қызмет жүйесіндегідей бағытта жұмыс жасау керек еді», деді профессор Честер Ньюланд журналистерге берген сұхбатында. Айта кетерлігі, Честер Ньюланд АҚШ Мем­лекеттік басқару ұлттық ака­де­миясының және Аумақтық басқару жөніндегі халықаралық қауымдастықтың мүшесі болып табылады. 1977-1978 жыл­дары ол АҚШ-тағы мемлекеттік қыз­мет саласының соңғы заңнамалық өзгерістеріне басшылық жасаған. Тоқтала кететін жайт, осыдан аз бұрын америкалық профессор Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жолдап, онда ол Елбасының тәуелсіздік жылдарының қиын кезеңдеріндегі қажыр­лы еңбегі мен әрекеттеріне тәнті болғанын жеткізген еді. Ол, сондай-ақ, осындай батыл шешімнің арқасында азаматтардың өмір сапасы жақсара түскенін, қазақстандықтардың көңілінде олардың лайықты өміріне деген сенім мен жігер ұялағанын атап өткен болатын.