«Егемен Қазақстан» газетінің облыстағы тілші қосыны мен
«Жайық Пресс» ЖШС ұйымдастырған дөңгелек үстел мәжілісінен
Бүгінгі өндірісі дамыған елдердегі ең басты түйткіл өнімді өндіру емес, оны өткізу болып отыр. Соған орай әлемдегі мемлекеттер арасында сырт көзге байқала бермейтін күрестер үздіксіз жүруде. Оның үстіне ХХІ ғасырда экономика қарышты дамып, заманауи технологиялар өндіріске енгізілуде. Өндірістің күрделі технологиялық үрдістерден тұратынын ескерсек, дайын өнім өндірісін арттыру өндірісшіге тиімді және сол өндіріс ошағының ұдайы жұмыс істеуін қажет етеді. Молынан өндірілген өнімдерді бір елдің ішінде өткізем деу бекершілік, сол себептен де өнім өткізу мәселесі қай елде де өткір күйінде қала береді. Сондықтан да тауарларды өткізетін жаңа нарықтарды табу өмірдің қажеттілігінен туындайды. Мұнсыз экономикалық даму жөнінде әңгіме болуы мүмкін емес. Міне, Елбасының бұдан 20 жыл бұрын ұсынған Еуразиялық экономикалық одақты құру идеясы осындай мұрат-мақсаттардан бастау алғаны хақ. Экономикалық кеңістіктер үшін күресте, атам қазақ айтқандай, «жалғыздың үні» шықпайды. Қарашығын әлемдік нарыққа қадаған сарапшылар мұндай жағдайда көршілерге, мүдделестерге арқа сүйеудің артықшылығын бірінші кезекке шығарады. Бұл ретте тарихи тағдыры тамырлас Ресейдің 12 аймағының Қазақстанмен шекарасы 7 500 шақырымды құрайтынын және бұл әлемдегі ең ұзақ шекара екенін ескерсек, бұл құдай қосқан көршіден артық экономикалық одақтасты табу қиын-ақ. Экономист-ғалымдардың айтуынша, үш мемлекеттің Еуразиялық экономикалық одақ құруға қол қоюымен, үлкен экономикалық кеңістік пайда болады. Бресттен бастап Владивостокқа дейінгі кеңістікте 150 миллионға жуық халық тірлік етеді. Айлапат кеңістікке қадам басу 17 миллион халқы бар Қазақстан мен оның кәсіпкерлері үшін де өте тиімді. Олар өз өнімдерін молынан шығарып, осы кеңістікке ұсына алады. «Егемен Қазақстан» газетінің Оралдағы тілші қосыны мен «Жайық Пресс» ЖШС бірлесіп ұйымдастырған дөңгелек үстелге қатысушылар ой-пікірлер желісін осы арнадан тарқатты. Аталған медиахолдинг ғимаратының баспасөз орталығында бас қосқан өндіріс жетекшілері мен экономист-ғалымдар жаңадан құрылатын Еуразиялық экономикалық одақтың жаңа нарықтарға есік ашатыны жөнінде түйінді де толғақты тұжырымдарын ортаға тастады. Сондықтан да біз осы дөңгелек үстелде айтылған ұсыныстар мен тілектердің бірқатарын іріктеп газет оқырмандарының назарына ұсынғанды жөн көрдік. Раушан ҒАБДУАЛИЕВА, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті экономика және бизнес факультетінің деканы, экономика ғылымдарының докторы, профессор: – Одақ деген сөзге үрке қараудың ешқандай реті жоқ. Бүгінгі күннің өзінде әлемде экономикалық, кедендік және еркін экономикалық аймақтар деп кете беретін 300-ге тарта мемлекетаралық құрылымдар жұмыс істейді. Еуропа елдерінің Еуроодағы да сондай құрылымның бірі. Азуын айға білеген алып держава АҚШ-тың өзі NAFTA деген ұйымға мүше. Бұл ұйымды бір құрлықта орналасқан АҚШ, Канада, Мексика өзара еркін сауда жүргізу үшін құрған. Құрылғалы отырған экономикалық одақ еліміздің тәуелсіздігіне нұқсан тигізбей ме деген сауалдың көпшіліктің көкейінде жүргенін білеміз. Алайда, жаңа құрылымның тек қана экономикалық одақ екенін естен шығармалық. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Мәскеу мен Минскіде өткен мәжілістерде мұны бірнеше мәрте атап көрсетті. Осындай одақты құру арқылы бұрынғыдай кеңестік одаққа қайта айналуымыз мүмкін деген болжамдар да шындыққа жанаспайды. Өйткені, интеграцияның басты қағидаттары экономикалық прагматизмге және ашықтық пен теңдікке негізделген. Экономикалық одақтың құрылуынан тұтынушылар әсте ұтылмайды. Әрине, қазір нарықтағы баға көтеріңкі, бірақ жабық есіктер айқара ашылып, үш елдің аумағында тауарлар ағыны еркін қозғалған кезде, жоғары деңгейдегі бәсекелестік пайда болады. Тұтынушы қауым тауарлар мен азық-түлікті сапасына қарай таңдап, талғап алатын болады. Бұған қоса өнімдердің де түрлері артады. Анатолий СМИРНОВ, «Орал механикалық зауыты» ЖШС бас директорының орынбасары: – Мен Раушанның пікірін басқаша бір қырынан жалғастырғым келеді. Қалай дегенде де, Кеден одағы құрылғаннан кейін өндіріс көлемі өскені, өнім өткізудегі шекаралық қиындықтар азайғаны ақиқат. Қазақстан мен Ресейдің арасындағы экономикалық байланыстарда айта қаларлықтай күрделі жайттар бола қоймас. Бұл ретте Еуразиялық одаққа мүше үшінші ел Белоруссия бір бүйірде қалып қоймауы керек. Сондықтан да біздің өндірістік ұжым осы олқылық пен кеңістікті толтыра түсуге назар аударуда. Мысалы, «МТЗ», «Беларусь» тракторлары Минск мотор зауытының қозғалтқыштарымен жұмыс істейді. Бүгінде бұл маркалардың түрлі модификациялары бар. Міне, Орал механикалық зауыты соған иінді біліктер шығаратын Қазақстандағы бірден-бір кәсіпорын. Сондай-ақ, аталған бөлшек автобустар мен өзге де техникаларға лайықталып зауыт конвейерінен әр қиырға жол тартады. Айтайын дегенім, иінді біліктің сексен пайызға жуығы Белоруссия мен Ресейге экспортталады. Кеден одағы шеңберінде оның көлемі жылдан-жылға ұлғайып келеді. Нақты деректерге сүйенсем, өткен жылдың қорытындысы бойынша оралдық өнімнің 91 пайызы экспортқа кеткенін айта аламын. Тәуелсіздіктің алғашқы он жылымен салыстырғанда қазір зауытта өнім көлемі бес есе ұлғайды. Осының бәрі интеграция мен кедендік ресімдерді оңтайландырудың жемісі мен нәтижесі деуге болады. Қанат ЕШІМОВ, Жаңақала ауданындағы «Бірлік мал зауыты» ЖШС бас директоры: – Мамандар жаңа интеграциялық бірлестік жағдайында кедендік және экономикалық ресімдерге қоса оның өзге түрлерінің де жеңілдейтінін алға тартады. Мысалы, ет өнімдері бағыты бойынша қазақстандық өндірісшілер Ресейге немесе Беларусь еліне сауда жасау үшін алдымен сол елдердің ветеринарлық аттестациясынан өтіп, тіркеліміне тіркеліп, қазақстандық сертификаттарды олардың сертификаттарына ауыстыратын. Содан кейін ғана өз тауарларын кедендік бақылаудан өткізіп, сауда жасау мүмкіндігіне ие болатын. Бүгінде біздің ветсертификатымыз тексерілмей-ақ, ешбір кедендік бақылаусыз Кеден одағындағы елдерге тауар апарып сатуға мүмкіндік береді. Мұндай жаңа тәртіпті қалайша құптамасқа?! Айталық, біздің ЖШС Батыс Қазақстан облысы аумағында халық селекциясының нәтижесінде пайда болған еділбай қойын өсірумен шұғылданады. Кезінде Мәскеудегі ауыл шаруашылығы көрмелерінде зауыттықтар өсірген қошқарлардың салмағы 167 келі, саулықтары 128 келі тартып, бірнеше мәрте көрмелерде чемпион атағын иеленгені тарихта қалды. Қазір шаруашылықта 14694 асылтұқымды еділбай қойы өсірілуде. Зауыт жоспарлы асылтұқымды малды сату жұмыстарын алдағы шілде айының ортасынан бастайды. Еділбай қойларына көрші Ресейдің Саратов, Орынбор, Самара, Қорған облыстарынан сұраныстар мол. Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде серіктестік көрші елдің нарығына еділбай қойын шығаруды жоспарлап отыр. Талғат БЕРЕКЕШОВ, Орал қаласындағы «Кублей» ЖШС бас директоры: – Үш мемлекет арасындағы интеграцияның игілігін көреміз деп үміттеніп жүрген қазақстандық құрылымдардың бірі біздің кәсіпорын. Басты өнімдеріміздің бірі – қалбырдағы ет. Жасыратыны жоқ, бұған дейін шикізат түріндегі мал етінің басым бөлігін өзге жақтан тасымалдап келдік. Дегенмен, соңғы уақытта бұл үрдістен бас тарту жөнінде ұйғарымға келіп отырмыз. Осындай мақсатта жергілікті шикізатты пайдалану үшін Орал қаласының іргесіндегі Рыбцех елді мекені аумағынан мал сою кешені құрылысын тұрғызу үстіндеміз. Сонымен бірге, балық зауыты өндірісіне отандық инвестиция салуға қол жеткізе алдық. Соның нәтижесінде бұл бағыттағы зауыт құрылысы басталды. Мұның бәрі таяу арада компанияның Еуразиялық одаққа мүше елдерге шығаратын өнімдері тізбесінің өсуіне әсер етеді деген байламдарымыз бар. Дайын өнім шығару үшін қалбыр өндірісіне қажетті бұйымдарды өз елімізден және қажетті жағдайларда сырттан сатып аламыз. Ал, шетелдерден балық түрлерін сатып алып, өңдеп, қалбырлап шығарамыз. Қазақстан Каспий теңізінің қайраңынан басқа ашық теңізі жоқ елдердің қатарына кіреді. Сондықтан да еліміздің ашық, үлкен теңіздерге шығу мүмкіндігіне ие болуының пайдасы зор. Өйткені, Біртұтас экономикалық кеңістікке дейін біздің кәсіпкерлердің тауарлары Ресей, Беларусь арқылы өтетіндіктен, олардың қазақстандық тауарларға қоятын тарифтері өздерінің тауарларына қарағанда жоғары болып келді. Енді бұл мәселе бірыңғай бағытқа түседі деп ойлаймыз. Экономикалық одақ құрылғаннан кейін тарифтер төмендеп, тауар тасымалдау жеңілдеп, бәсекелестікке төтеп беру мүмкіндігі артады деп күтеміз. Марат БАГАУТДИНОВ, Орал қаласындағы татар мәдени орталығы жанындағы Ғабдолла Тоқай атындағы мұражай директоры: – Бұл одақты қолдау – экономикалық өсімді және үш ел арасындағы бірқатар сауда, мәдени байланыстарды нығайту деген сөз. Өз басым мәдениет саласының қызметкері ретінде елдер арасындағы бұған дейінгі мәдени байланыстар тереңдей түседі деп ойлаймын. Өткен тарихқа қарасақ, көрші елдердегі ақын-жазушыларымыз өзара тығыз шығармашылық байланыс жасап тұрған. Біз бүгінгі таңда солардың ізін жалғастырып, желкілдеп өскен құрақтай кейінгі ұрпақтарды әржақты байланысқа бағыттап келеміз. Біздерге ортақ дүние көп. Біріккен интеграция арқылы бірлесе жұмыстану нәтижесінде ортақ мұраны зерттеу мен жарыққа шығаруға мол мүмкіндік туады. Жалпы, Ресеймен көрші орналасқан біздің облыс үшін сауда-өндірістік саласында тиімді қатынастар жүзеге асып, нарықта қолжетімді баға пайда болады деп есептеймін. Себебі, өзара ықпалдастықтың арқасында елдер арасындағы тауарлар бағасы тұрақталып, белгілі бір дәрежеде халыққа арзан да сапалы өнім ұсынылады. Өйткені, салық, жол қатынасы мәселелері барынша реттелмек. Сонымен қатар, сауда орындарында бұған дейін елімізге жетпеген түрлі өнімдер пайда болады деп ойлаймын. Өйткені, бір кездері өзім Ресейде өндірілетін балық өнімдерін өзіміздің сауда нүктелерінен кездестірмей, арнайы тапсырыс беріп алдыратынмын. Қазіргі таңда мұндай мәселелер жолға қойылуы арқасында ол балық түрлерін таңдап жүріп сатып алатын болдық. Құрылғалы отырған Еуразиялық одақ аясында да көптеген сауда байланыстары тиімді жолға қойылады деп үміттенеміз. Тағы бір айтарым, Қазақстан азаматтарының Ресейдің белгілі бір аумағына барып-келуі де жылдан-жылға жеңілдеп келеді. Бұған дейін екі елде тұратын қарапайым адамдардың өзара қатынасында әртүрлі қиындықтар мен кедергілер болып келген еді. Міне, осы секілді түйткілді мәселелер шешімін тапса әрі олардың тұтынушылық сұранысы қанағаттандырылса, интеграциялық құрылым өз мақсатына толықтай жете алады. Руслан САПАРҒАЛИЕВ, Батыс Қазақстан облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары: – Бизнес-қауымдастық үшін Еуразиялық экономикалық одақ жөніндегі келісімшарттың осы құжатқа қол қоятын тараптардың мемлекеттік сатып алуларына қойылатын талаптарды реттейтін және белгілейтін бөлімінің маңыздылығы ерекше. Келісімшартқа қатысушы мүше-мемлекеттерге мемлекеттік сатып алулар саласында ұлттық тәртібін ұсыну қағидасы негізгі мәселелердің бірі. Бұл тәртіп Еуразиялық экономикалық одақ жөніндегі келісімшартқа мүше-мемлекеттердің кәсіпкерлерінің бір-бірінің мемлекеттік сатып алулар нарығына еркін қолжетімділігін күшейтеді. Осылайша, заңдылықтарды үйлестіру және одақтас елдердің мемлекеттік сатып алулар нарығына тең дәрежеде шығуын қалыптастыру еуразиялық интеграцияның нығаюына әкеледі. Отандық кәсіпкерлер мемлекеттік сатып алулар нарығының көлемі Қазақстандағы мемлекеттік сатып алулар нарығынан 26 есеге асатын, шамамен 198 миллиард АҚШ долларын құрайтын Ресей Федерациясының және Беларусь Республикасының мемлекеттік сатып алулар нарығына қатысатын болады. Кәсіпкерлік үшін Еуразиялық экономикалық одаққа мүшелік оған қатысушы елдерге бірыңғай көліктік жүйені, қолайлы инвестициялық ахуалды және өзге де қажетті жүйелерді қалыптастыруға жол ашады. Мысалға, Кеден одағы жағдайында кәсіпкерлер одақ шеңберінде жүктерді тасымалдаудың біршама жеңілдегенін сезінді. Кеден одағы құрылғалы бергі уақытта Қазақстанның өнеркәсібінің өңдеу саласына құйылған шетел инвестициясының көлемі екі есеге, 2009 жылғы 1,8 миллиард доллардан 2012 жылы 3,4 миллиард долларға дейін өсті. Бұл көрсеткіштер әрине, Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын айқын көрсетеді. Одан басқа, Еуразиялық экономикалық одақ жөніндегі келісімшартта кез келген қатысушы мемлекеттің үстемдік етуіне жол берілмейді. Онда тең құқықтық, қатысушы тараптардың ұлттық мүдделерін есепке алу қамтамасыз етіледі. Келісімшартта стартегиялық маңызды мәселелерді және барлық деңгейдегі шешімдерді қабылдауда ортақ келісімге келу тетіктері көрініс тапқан. Валерий ГОЛОУХОВ, «Автокомбинат» АҚ директоры, Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты: – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Астанада қол қойылатын Еуразиялық экономикалық одақты құру жөніндегі келісімшартты ХХІ ғасырдың маңызды тарихи оқиғаларының қатарына қосар едім. Біздің еліміз әуелі жекелеген өндірісшілермен әріптестік орнатып, бірлескен кәсіпорындарды құрып, өзге де интеграциялық шараларды қолға алып, бұл мақсатқа біртіндеп қадам жасады. Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттерінің Кеден одағының құрылуы да сондай маңызды қадамдардың бірі. Ресей Федерациясының бес ірі өнеркәсіптік-аграрлық өңірлерімен шектесетін Батыс Қазақстан облысының өзара тиімді экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени байланыстар жасауда тәжірибесі мол. Енді келісімшартқа қол қоюдың нәтижесінде әріптестікті кеңейтудің жаңа көкжиектері ашылады. Бізге, кәсіпкерлерге бұл үрдіс ашықтығымен, саясиландырылмауымен тартымды. Сонымен қатар, бәсекелестіктен үркудің жөні жоқ дегім келеді. Еуразиялық экономикалық одақ керісінше бюрократиялық сөзбұйдасыз, ешбір кедергісіз озық инновациялық технологияларды бір-бірімізден тікелей алуға, өндірісті жаңғыртуға мүмкіндік береді. ЕАЭО-ны құру заманның, бірыңғай нарықтың ағынында даму қажеттілігінен туындап отыр. Бүкіләлемдік тәжірибеге сүйенсек, оқшауланудың жолы тұйық. Келісімшартқа қатысушы елдердің транзиттік, энергетикалық және өзге де әлеуетін пайдаланбайынша экономикалық өсімге және іскерлік белсенділікті көтеруге қол жеткізу қиын. Мысалға айтар болсақ, біздің облыста 13 қазақстандық-ресейлік кәсіпорын жұмыс істейді. Келісімшартқа қол қойылғаннан кейін олардың қатары өсетініне күмән жоқ. Интеграциялық үрдістерге шағын және орта бизнес белсене қатысуға құлықты. Біздің кәсіпорын Ресейдің іргелес облыстарымен көптен бері әріптестік байланыста. Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде біздің әріптестігіміз тереңдеп, қосымша қарқын алады деп білемін. Мақсатты түрде, қажымай-талмай 20 жыл бойы еуразиялық одақ идеясын алға жылжытып келген, идеяның өміршеңдігі мен қажеттілігіне көптеген скептиктердің көздерін жеткізе білген Елбасы, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке бастамасы мен елеулі үлесін айрықша атап көрсеткім келеді. Әрі мұның өзі Елбасымыздың барша қазақстандықтардың әл-ауқатын көтеруге бағытталған саясатының көрегендігі мен жан-жақтылығын көрсетеді. Қайыр СҮЙІНТИЕВ, Батыс Қазақстан сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы: – Мен жақында қол қойылатын Еуразиялық экономикалық одақтан үлкен үміт күтемін. Оның болашағы бар деп есептеймін. Әрине, бәрі бірден керемет болып кете қоюы оңай емес шығар. Алайда, уақыт өте келе біз Еуразиялық экономикалық одақтың жемісін тататынымызға күмән келтіре алмаймын. Ал, тікелей Ресеймен байланыс жасайтын кәсіпкерлерге бұл одақ тіптен тиімді. Өйткені, бұған дейін қалыптасып үлгерген дәстүрлі байланыстар бар. Интеграциялық құжат еуразиялық, инновациялық, технологиялық өзара тиімді әрекетке негіз қалап, Еуразия аймағында жалпықұрылықтық инфрақұрылымның күрт дамуына ұйытқы болады деп түсінемін. Соның алғышарты ретінде еуразиялық біртұтас телекоммуникациялық жүйе қалыптасып, Алматы-Астана-Мәскеу-Минск бағытында ұшқыр теміржол магистралі іске қосылып, батыста еуропалық, ал шығыста қытайлық көлік жүйесіне шығатын автокөлік және теміржол жүйелері жаңғыртылуы тиіс. Сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық одақ географиялық және геосаяси факторлардың негізінде экономикалық тұрғыдан әлемнің жетекші макроаймағына айналмақ. Ақсерік ӘЙТІМОВ, ҚазИИТУ ғылым-білім кешенінің президенті, Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты: – Еуразиялық экономикалық одақ еліміз үшін аса маңызды жүйе деп есептеймін. Бұл жобаға біреулер о баста үрке қарағанымен біз Кеден одағын ойдағыдай қалыптастыра алдық. Кезінде Еуроодақ та өз ретімен қалыптасқаны белгілі. Меніңше, бұл жүйе білім саласына да игі әсерін тигізеді. Әсіресе, кәсіпкерлер әлемдегі бизнес заңдарды, өзге де өзгерістер туралы көп деректерден және әлемдік заңдылықтардан хабардар болуы тиіс. Экономикалық одақ құру туралы келіссөз үстінде еліміздің ұстанымдары салмақты пайымға негізделген. Елбасымыз Еуразиялық экономикалық одақты дамытудың басымдықтарының бірі – ұлттық экономиканың жеделдетілген инновациялық технологиялық асуы және барлық еуразиялық интеграция кеңістігі үшін базалық жағдайлар қалыптастыру екенін атап көрсетті. Сондықтан экономикалық интеграцияның бізге беретін пайдасы көп болуы тиіс. Эльмира ӨТЕШЕВА, Кәсіпкерлердің аймақтық палатасы салық және кедендік ресімдеу бөлімінің сарапшысы: – Біз интеграцияның үш кезеңін бастан кешіп отырмыз. Оның біріншісі, Кеден одағы болса, екіншісі, Біртұтас экономикалық кеңістік болып табылады. Бүгінде бұл екі кезең де артта қалып, қазіргі күні Еуразиялық экономикалық одақтың табалдырығында тұрмыз. Бұл экономикалық интеграцияның толысқан, кемелденген өте жоғары деңгейі. Осы тұрғыда Еуразиялық одақтың басты ұстанымын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев белгілеп берді. Яғни бұл – өзара тепе-теңдік, әр мемлекеттің тәуелсіздігі мен еркіндігіне, ішкі істері мен шекарасына қол сұқпау арқылы бірлесу деген сөз. Еуразиялық экономикалық одақ жөніндегі келісімшарт тараптарына сәйкес тауарлар мен қызметтердің, сондай-ақ, капитал мен жұмыс күштерінің салмағы әжептәуір жеңілдейді. Ұлттық экономикалардың көкейкесті мәселелері бойынша бірыңғай саясат жүргізіледі. Сондай-ақ, ЕЭО жөніндегі келісімге сәйкес ортақ Отанымыз Қазақстан өзінің геоэкономикалық жағдайын едәуір көтеріп, Орталық Азия елдері арасындағы құрлықтық томаға-тұйықтықтан сыпырылып, суырылып алға шығады. Бір сөзбен айтқанда, еліміз ресейлік және белоруссиялық көлік инфрақұрылымына жеңілдік жағдайларда кіруге мүмкіндік алады. Сенбесеңіз, міне, қараңыз, Қазақстанға батыс арқылы Еуроодақ шекараларына, шығыс арқылы Жапония және Азия-Тынық мұхиты қауымдастығы қолтығындағы өзге де елдерге шығуға жол ашылғалы тұр. Сондықтан да, бұл экономикалық бірлестіктің төзімді, икемді, әлемдегі өзі тектес интеграциялық құрылымдар арасында бәсекеге қабілетті болуы көңілдегі түйткілдерді тарқата алады. Жантас САФУЛЛИН, «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры: – Таяуда қол қойылатын Еуразиялық экономикалық одақ құру жөнінде бетінен қалқымай, тереңнен тартып, алыстан толғап ой-пікір қозғағандарыңыз үшін бәріңізге көп рахмет! Түйін жасар алдында нышандық түрде алғанда ұшы-қиыры жоқ еуразиялық кеңістіктің түйіскен тұсында орналасқан Батыс Қазақстан облысының интеграциялық үрдістерге қатысы жөнінде екі-үш ауыз пікір қосуға рұқсат етіңіздер. Соңғы алынған ресми деректер мұнда Кеден одағы елдерімен арадағы сауда айналымының көлемі бір миллиард долларға жуықтағанын көрсетеді. Өткен жылы Ресейдің бес бірдей губерниясымен шектесетін Орал өңірінде көрші елге экспорттайтын тауарлардың көлемі он үш пайызға өсіпті. Шекаралас аймағымыздың Белоруссиямен байланыстарында да оң серпілістер бар. Бұл жөнінде дөңгелек үстелде өздеріңіздің де айтып өткендеріңіз біз үшін өте бағалы құндылық. Бүгінде шекаралық облыс бірлескен кәсіпорындар саны жөнінен салыстырмалы түрде алғанда республика өңірлері арасында алдыңғы лекте тұр. Еуразиялық экономикалық одаққа қол қойылғаннан кейін оның саны мен бірлескен кәсіпорындардағы жұмыс орындары одан әрі өсе түсетіні анық. Осының бәрі ел экономикасының күрт өсуіне және халықтың әл-ауқатының артуына негіз қаламақ. Ендеше, іске сәт! Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан» газетінің Батыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі: – Еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстан» мен батыс өңірдегі ірі медиахолдинг «Жайық Пресс» ЖШС бірлесіп ұйымдастырған дөңгелек үстел мәжілісі өзінің алға қойған мақсаты мен міндетін орындап шықты деп ой түйе аламыз. Бүгінгі айтылған орнықты ой-пікірлер мен салмақты ұсыныс-тілектердің шартты түрде айтылмағаны, оның бәрінің нақты деректермен және сараптамалық сипаттағы дәйектермен байланыстырылғаны дөңгелек үстелдің мәртебесі мен бәсін көтере түсті деп санаймыз. Жазып алғандар Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА, облыстық «Орал өңірі» газетінің тілшісі, Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». Батыс Қазақстан облысы.