Саясат • 13 Қазан, 2022

Сенаторлар кірістерді жылыстатуға қарсы заң қабылдады

189 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сенаторлар кірістерді жылыстатуға қарсы заң қабылдады

Отырыс барысында сенаторлар басқа жұмысқа ауысуына байланысты депутат Ақылбек Күрішбаевтың өкілеттігін тоқтату туралы қаулы қабылдады. Мәулен Әшімбаев Ақылбек Күрішбаевтың сенатор, Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің хатшысы ретінде атқарған нәтижелі жұмысына назар аударып, оның заң шығару ісі мен өңірлердегі мәселелерді шешудегі белсенділігін ерекше атап өтті.

Отырыс барысында сенаторлар кірістерді жылыстатуға қарсы іс-қимылдарға қатысты екі заң қабылдады. Олардың бірі - «2011 жылғы 19 желтоқсандағы Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізу кезінде қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң. Құжат Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің қылмыстық кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі өзара іс-қимыл тетігін жақсартуды көздейді.

Аталған бағытта  «Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізу кезінде қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласында ақпарат алмасу туралы келісімді ратификациялау туралы» заңы да да қабылданды. Бұл заңда жеке тұлғалардың ЕАЭО шегінен тыс қолма қол ақша қаражатын өткізуі бойынша ақпарат алмасу тетіктерін жақсартуға қатысты жаңа нормалар көрсетілген.

«Қабылданған заңдар Кеден одағына мүше мемлекеттер арасындағы қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы бірлескен қызметті одан әрі жетілдіруге бағытталған. Бұл заңдар ақпараттық өзара іс-қимыл арқылы аталған қылмыстардың алдын алуға қосымша құқықтық негіздер қалыптастырады деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.