Экология • 13 Қазан, 2022

Лас су неге теңізге құйылады?

718 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Каспий теңізі мен Қаракөл көлінің тазалығын сақтау – Маңғыстау өңіріндегі өзекті мәселелердің бірі. Бірақ «ит қорыған жерге өш» дегендей, осы екі айдынға лас сұйықтық немесе өзге де зиянды қалдықтарды төгу әрекеттері азаймай тұр. Куәгерлер келеңсіз оқиғаны желіге жүктеп жариялап жатады. Содан соң экологтер барып мәселенің мән-жайын анықтайды, ал белгісіз күйде қалғаны қаншама деген ой келеді.

Лас су неге теңізге құйылады?

Жуырда Қаракөл көліне құйылған суға қатысты шу шыққан болатын. Осы шу енді басыла бергенде Каспий теңізіне арқыраған екпінмен құйылған қоп-қоңыр лас судың көрінісі тұрғындарды тағы мазалады.

Нақтырақ айтсақ, 2022 жылдың 11 қыркүйек күні кешкі уақытта әлеуметтік желіде Приморский елді мекенінде орналасқан «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС-не қарасты №1 ЖЭО ағынды каналындағы судың ластануы туралы бейнежазба таралды.

Маңғыстау облысы бойынша экология департа­ментінің мәліметіне сүйенсек, аталған каналға «Кас­пий су тұшыту зауыты» ЖШС және «Орбита» спорт кешені төгінді жұмыстарын жүргізеді.

«Маңғыстау облысы бойынша экология депар­та­ментінің мамандары жедел түрде оқиға орын алған жерге барып, арна бойындағы ластану аумағына шолу жұмыстарын жүргізді. Тексеру барысында № 1 ЖЭО Каспий теңізіне шығаратын құбырының көзінен, «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС арнаға төгу көзінен және «Каспий тұшыту зауыты» ЖШС төгінді құбыры көзінен су сынамалары алынды. Алынған сынамалардың нәтижелері бойынша «Каспий тұшыту зауыты» ЖШС-нің ағызу құбырының көзінен және № 1 ЖЭО Каспий теңізіне шығаратын құбырының көзінен алынған сынама құрамында темірдің және фосфаттың, мыстың артық мөлшері анықталды. Анықталған фактілер бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен қажетті шаралар қабылданып, атқарылған жұмыстардың нәтижелері туралы қосымша хабарланатын болады», дейді аталған департамент өкілдері.

Сонымен қатар департамент мамандары «Pudslushano_aktau» әлеуметтік желісіне 11 қыр­күйек күні күндіз жарияланған бейнетүсі­рілімдегі «Достар» қонақ үйінің артқы жағалаудағы теңіздің қызғылт түске боялуына шаландар себеп болып отырғанын айта келе, департамент тарапынан түсірілген фото және бейнетүсірілімдері бар екендігін жеткізді.

Қай жағдайда болсын, Экология департаменті экологияға қатысты орын алған оқыс оқиғалардың зиян-зардабын анықтап, кінәлілердің заңға сай жазаға тартылғанын айтады. Жаза жеңіл ме, әлде жазаны айналып өтетін жол бар ма, әйтеуір Маңғыстауда су көздерін ластаушылар заңбұзушылық әрекеттерін тыймай отыр...

 

Маңғыстау облысы