Жазушы Б.Пруттың «Жойқын князь Мстислав» («Мстислав удалой», О.Бековпен бірге, 1933), А.Афиногеновтің «Қорқыныш» («Страх», 1934), Н.Погодиннің «Ақсүйектер» (1936), Н.Гогольдің «Ревизор», К.Треневтің «Любовь Яровая» (1937) пьесаларын, В.Шекспирдің «Отелло» (1939) трагедиясын, «Асауға тұсау» («Укрощение строптивой», 1943) комедиясын аударып, сахнаға шығарды.
Л.Толстойдың «Будда» (1918), «Той тарқар» (1931), «Булька» (1936), Ю.Вагнердің «Жер жаратылысы жайындағы әңгімелерін» (1924), А.Чеховтің «Аққасқа», Дж.Лондонның «Қасқыр» (1936) атты әңгімелерін, И.Тургеневтің «Дворян ұясы» романын (1952) қазақ тілінде сөйлетті.
Мұхтардың 1918 жылы «Абай» журналында жарияланған Л.Толстойдан аударған «Будда» «бұл өзі қазақ әдебиетінің тарихында үлкен із қалдырған Мұхтар Әуезовтің де жазушылық өнерінің баспасөз бетін көрген тұңғыш туындысы деп айта аламыз» (А.Нұрқатов. Мұхтар Әуезов творчествосы. Алматы, 1965). Жас Мұхтардың бұл әңгімені аударуына себеп әңгімедегі Шығыстағы гуманистік идеялар атасының бірі – Будда ілімі қызықтырған болуы мүмкін. Қызығып қана қоймай, қазақ оқырмандарын онымен таныстыруды мақсат тұтқан. Қанша уақыт өтсе де өзінің өміршеңдігін жоймаған өмір сүрудің мына бір қағидаларын бүгінгі күннің оқырманы да қызыға оқиды.
- Өмірді өлтірме, қор қылма, сыйла.
- Ұрлама, тонама, еңбегіңнің пайдасын әркімге тигіз.
- Арамдықтан сақтан, әйелден аулақ бол.
- Өтірік айтпа, шынды айтудан қорықпа, бірақ махаббатпен.
- Ойыңнан өсек шығарма, біреудің айтқан өсегін қайта айтпа.
- Ант ішпе.
- Бос сөзге уақыт бөлме, істі сөйле, әйтпесе үндеме.
- Мақтан қума, күндеме. Жақыныңның жақсылығына қуан.
- Жүрегіңді ашудан тазарт, дұшпаныңды жек көрме. Бар жан иесіне махаббатпен қара.
- Сенімсіздіктен құтыл, хақтықты ұғуға тырыс» (М.Әуезов. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. Алматы, «Ғылым», 1 том, 1997, 60-бет).
Әңгіме аударма дерлік емес, жазушының өз туындысындай жеңіл оқылады. Оның басты себебі, жазушы шығармада көтеріліп отырған жақсы өмір сүру үшін адам не істеуі керек деген мәселенің қазақ оқырманына түсінікті болу жағын ойлап, еркіндеу көсілген.
Бұл жерде Будда ілімінің негізгі шарттарының Исламға қайшы еместігі байқалады. Жастайынан Абайды оқып өскен Мұхтарға оның әсіресе 36-шы, 38-ші қарасөздеріндегі діни ойлардың Будданың қағидаларымен сәйкес келіп жатқандығы да әсер етіп, ойланып барып, қолына қалам алған сияқты.
М.Әуезов Л.Толстойдың «После бала» әңгімесін «Той тарқар» деп, 1931-жылы аударыпты. Сол кездің өлшемі бойынша, әлі қазақ оқырманына түсініксіздеу «бал» сөзінен гөрі көпшілік назарын бірден аударатын, түсінікті «тойды» алуы ұтымды шыққан. Оның үстіне «послені» «соң» деп, аудармай, «тарқар» деп алуы да әңгіменің атауын шырайландыра түскен.
Л.Толстойдың «Булька», «Булька мен қабан», «Мильтон мен Булька», «Булька мен қасқыр», «Булькаға Пятигорскіде не болды?», «Булька мен Мильтонның ақыры» тақырыбындағы балаларға арналған алты әңгімесі «Булька» деген ортақ атаумен басылым көрген. Мұхтар осы алтауын біріктіріп, «Булька» деген атаумен аударған.
Дж.Лондонның «Бурый волк» әңгімесін жазушы «Қасқыр» атап, балаларға арнап, ықшамдап аударған. Әңгіме балалардың түсінігіне оңай, жеңіл оқылады. Ықшамдалу барысында «Медж уверяла, ...» деп басталатын сөйлемнен «В то время Как Уолт вполголоса читал свое произведение, внизу, в чаще, послышался какой-то шум» – деген сөйлемге дейінгі тұтас абзац алынып тасталған. Сол сияқты «Волк был весьма сдержан проявлении своих чувств», «Ирвин не любил долго раздумывать» деген сияқты жолдардың түсіп қалғандығынан аудармаға нұқсан келмеген; керісінше, қазақ баласының ұғымына ауырлау тиетін жерлерінен арыла түсуі барысында аударма құлпыра түскен.
Әрбір шығарманы басынан бастап оқығанда-ақ оның қандай екендігі бірден белгілі болады. «Аңға бару үшін аш қасқыр орнынан тұрды. Аш қасқыр оларды бір-бірден жалап алды да жүріп кетті» (А.Чехов. Әңгімелер. Алматы, 1952, 3-бет). Бұл – А.Чеховтің «Белолобый» әңгімесінің басындағы «Голодная волчица встала, чтобы идти на охоту. Она облизала их и пошла» (А.Чехов. Собрание сочинений. 8 том, Москва, 1956, стр. 25) деген жолдардың қазақша аудармасы. Бірінші сөйлемнің түпнұсқаға дәлдігі соншалық қолданылған сөздердің санына дейін сәйкес келіп тұр; түсіп қалған, не болмаса, жаңадан қосылған бірде-бір сөз жоқ. Ал екінші сөйлемде сәл шұбалаңқылық байқалғандай.
М.Әуезов қазақ әдеби аударма сынының қалыптасуына, теориялық негіздерінің орнығуына айтарлықтай еңбек сіңірді. Кезінде шығып жатқан аударма әдебиеттің жай-күйі жайлы өз ойларын баспасөз беттерінде білдіріп отырды. Көркем аударма жасау, оны зерттеу барысында жазылған «Пушкинді қазақша аудару тәжірибелері туралы» (1936), «Ревизордың» аудармасы туралы» (1936), «Қазақ сахнасындағы аударма пьесалары» (1937), «Евгений Онегиннің» қазақшасы туралы» (1937), «Көркем аударманың кейбір теориялық мәселелері» (1955) т.б. сын-зерттеу мақалалары қазақ аударматанушылық ой-пікірін биік деңгейге көтерген, маңызын күні бүгінге дейін жоғалтпаған елеулі еңбектерге айналды.
Ол 1955 жылы жазған «Көркем аударманың кейбір теориялық мәселелері» атты проблемалық мақаласында «Аударма өнерін зерттеушілер өздерінің теориялық дербес пікірінің дәлелді болуы үшін бір-бірінен алшақ тіл жүйелеріндегі келелі аудармаларды тереңірек, толығырақ сипаттағаны пайда болар еді. Мысалы, аударуға қиын тиетін және де бұл реттен жақсы аударма үлгілері бар, өте-мөте жеке қиын сөйлемдердің аудару тәжірибесін ортаға салса, сөз сипаты жағынан, сөздің түбірлік, туындылық құрылыстары жағынан бір-бірінен өзгеше орыс тілінен бурят-моңғол тіліне, не түркімен тіліне аударылған қиын сөйлемдердің аудармасын, оның аса бір халыққа тән жайларын талдап көрсетсе. өте игі іс болар еді» (Мұхтар Әуезов. Жиырма томдық шығармалар жинағы. 14-том, Алматы, 1983, 298-бет) деген ұсыныстар айтыпты. Өзі де аудармашылық тәжірибелерін ортаға салып отырған.
Жазушы қазақ драматургиясында тың туындылар жазумен, жаңа пьесаларға, аудармаларға пікірін білдіріп отырумен бірге өзі де әлемдік әдебиеттің асыл үлгілерінен тамаша аудармалар да жасады. Ол аударған В.Шекспирдің «Отеллосы» мен «Асауға тұсауы», Н.Гогольдің «Ревизоры», К.Треневтің «Любовь Яроваясы», Н.Погодиннің «Ақсүйектері» – бір тілден екінші тілге тәржімалаудың қазақ әдебиетіндегі тамаша үлгілері.
Н.Гогольдің «Ревизорының» атауын М.Әуезов аудармай, сол күйінше алыпты. Ревизордың келе жатқанын естіген дуанбасы қарамағындағыларды жинап алып, былай дейді: «Я пригласил вас, господа, с тем чтобы сообщить вам пренеприятное известие: к нам едет ревизор» (Н.Гоголь. К нам едет ревизор. Москва, 1979, 366-бет); қазақшасында «Мырзалар мен сендерді бір орасан жайсыз хабарды естіртуге шақырып едім. Бізге ревизор келе жатыр» (Мұхтар Әуезов. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. 17-том, Алматы, «Жібек жолы», 2004, 259-бет). Аудармада екі тілдегі сөздердің санына дейін сай келіп, түпнұсқадағы мағынаның қазақшада да көркем сөйлеп тұрғанын көреміз. Айырмасы орыс тіліндегі үш бөліктен тұратын құрмалас сөйлем қазақшасында екі жай сөйлеммен берілген.
Бұл жерде түпнұсқадағы мәтін, ондағы көркем ойлар сол күйінде бояуын жоғалтпай, қазақ тілінде де сөйлеп тұр. Әр тілдің өзіндік сөз саптаулары болады. Оны сол күйінде аударсаң, түсініксіз балдыр-батпақ болып шығады. Осындай сөз тіркестеріне келгенде де аудармашы мүдірмеген. Орыс тіліндегі тұрақты сөз тіркестерінің қазақ тілінде баламасымен беріліп, көркемдігіне нұқсан келмегенін көреміз.
Мақал-мәтелдерді аударғанда да тапқырлық тауып отырған. Мысалы: «Каждый сверчок, знай свой шесток» – «Аяз әліңді, құмырсқа жолыңды біл», «Слона не заметит» – «көрмес түйені де көрмес».
М.Әуезов әлем әдебиетінде екі тұлғаны ерекше құрмет тұтқан. Олар прозада орыс жазушысы Л.Толстой болса, драматургияда ағылшынның атақты драматургі В.Шекспир болатын. Ұлылардың шығармаларын көп оқумен бірге оларды қазақ оқырмандарына таныстыру мақсатында бірнеше мақалалар жазды; тәрбиелік, тағылымдық жақтарынан пайдалы, көркемдігі кемел туындыларын қазақшалады.
Ағылшын жазушысы В.Шекспирдің даңқын әлемге шығарған «Отелло», «Асауға тұсау» драмаларын қазақ тілінде сөйлетті. «Отеллоны» орыс тіліне жиырма шақты адам аударыпты. Мұхтар солардың ішінен Анна Радлованың 1935 жылы жарық көрген нұсқасын таңдайды.
Драмадағы өлеңдер негізінен, дәл аударылған. Бұл жерде алдымен, көзге түсетін ерекшелік – орысшасындағы 10-11 буынды өлеңнің қазақшасында 7-8 буынды өлең өлшемімен аударылуы.
Мына жолдар қазақшаға дәлме-дәл аударылған.
«Яго! Будь уверен во мне.
Гони деньги.
Я часто говорил тебе и говорю снова и снова, что ненавижу мавра: у меня кровная на то причина, и у тебя причина – не менее основателная.
Давай, соединимся, чтобы отомстить».
Қазақшада:
«Маған шәк қылма. Ақшаңды төк.
Мен көп айттым ғой саған, тағы, тағы айтайын – маврға өшпін. Өшігетін жөнім бар, сенің де себебің олқы емес, кел екеуміз бірігелік те кек алалық» (сонда).
Бұл жолдарды салыстырғанда, «Яго» қаратпа сөзі мен «кровная» қазақшада түсіп қалған да, «айда» мағынасын білдіретін «гони» «төк» болып, аударылған.
Аудармашы синьор, суфлер, лейтенант, генерал, герцог сияқты қазақ тілінде баламасы кездеспейтін сөздерді өзгертпей, сол күйінде алған. Ал труба – керней, флейта – сырнай, свита – нөкер, ядро – топ, ночная рубашка – ет көйлек, мнительный – сезікшіл, чудной – ерепейсіз, благородный – асылзада, льстивый раб – жорға құл, дикая драка – қырықпышақ, убитый гневом – ашуынан қайғы шеккен, клянусь христовой верой – иманыммен ант етемін, катехизис – мөңкір-нәңкір, хаос – додақ, монахиня – сопы қатын, т.б. секілді ұғымында ұлттық реңк бар жекелеген сөздердің, сөз тіркестерінің аударылуы сәтті шыққан.
Қазақ драматургиясының, қазақ театрының әлемдік арнаға түсуіне тарихи еңбек сіңірген М.Әуезовтің «Отелло» драмасын сәтті аударуы қазақ мәдениетінің елеулі оқиғасына айналды. Аударыла салысымен Қазақ драма театрының сахнасында қойылып, зор табысқа жетті. Күні бүгінге дейін Қазақстанның театр сахналарынан түспей келеді.
М. Әуезов орыс әдебиеті көрнекті өкілдерінің бірі И.Тургеневтің «Дворян ұясын» қазақша сөйлетті. «Дворян ұясы» романының қазақша аудармасы туралы» мақала жазды. Онда «Орыс халқының ұлы классиктерінің бірі Иван Сергеевич Тургеневтің «Дворян ұясы» атты романын қазақшалап, біздің оқушыға ұсынуды мен көптен мақсат еткен едім. Қазір осы аударманы бастырумен қатар, роман туралы және өзімнің осы романды аудару жөніндегі іздену, мақсат, талаптарым туралы кейбір пікірлер айтуды қажет деп білдім» дей келіп, жалпы аудармаға қойылар талаптар жайында айта келіп, осы романды аудару барысындағы тәжірибелері жайлы ойларын ортаға салыпты.
«Мен шамам келгенше, ең алдымен, романды дәл аударуға тырыстым. Тек дәл аудару ғана үлкен жазушының тіл, стиль, сөйлем ерекшеліктерін бере алатын болады, бұл жөніндегі дәл аударуды мен сөйлеміне сөйлем орай етіп аудару деп түсінемін. Сондықтан қанша ұзын болса да, романның өзіндегі сөйлемі үзіліп, бөлшектеніп, бірнеше сөйлем болып берілмейді. Соның орайына орысша текстің өзінде болған тыныс белгілерінің (пунктуацияның) көбі қазақша тексте де мол қолданылады. Сөйтіп, Тургеновтің сөйлемдері қазақшасында да өзінің ұзынды-қысқалы көлемімен дәл беріледі. Бұлай етудің себебі бар. Орыстың ұлы классикалық әдебиет үлгісін аудару арқылы аударушы-жазушы мен өзім сол асыл нұсқаның шеберлігін үйренуге тырысамын. Және, әсіресе Тургеновті өз қалпында дәл беру арқылы сол шебердің анық, нақтылы өзгешеліктерінің бәрімен өзіміздің оқушы жұртшылығымызды дәл таныстыруға тырысамын. Сөйлемін дәл беру – жазушының стилін дәл беруге төтелей себепші болады. Стилін білсе, сол жазушының өзгешелік, ерекшелік қасиеттерін де толық танитын болады. Олай болса, Тургеневті өзінің тургеневтік сөйлемдерімен, Гогольді гогольдік периодтарымен, сол сияқты Шолоховты және де өзінің сөйлем ерекшеліктерімен дәл беруге тырысу керек...» (Мұхтар Әуезов. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. 30-том, Алматы, «Жібек жолы», 2007, 225-бет).
Үзіндіні ұзағырақ келтіруге мәжбүр болған себебіміз, мұнда ұлы жазушының жалпы көркем аударманың негізгі ұстанымдары жайлы пікірлеріне назар аудару, сонымен бірге аудармашы ретінде қолданған әдіс-тәсілдері мен тәжірибесіне назар аудару еді. Бір сөзбен айтқанда, жазушы көркем аудармада түпнұсқадағы жазушы стилінің барынша сөз бен сөздің, сөйлем мен сөйлемінің сәйкес келуін, яғни дәлме-дәл келуін жақтайды.
Сонымен әлемдік әдебиеттің озық үлгілерін қазақша сөйлеткен М. Әуезов аудармаға қойылар биік талаптардың деңгейінде көріне білді. Мұндай пікірді айтып қоя салмай, өзі де «Дворян ұясы» секілді қазақ аудармасының тарихындағы тәржіменің озық үлгісін жасады.
Дандай ЫСҚАҚ,
филология ғылымдарының докторы, профессор