Қоғам • 14 Қазан, 2022

Қызыл құрттың пайдасы

606 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қызылқоға ауданының Сағыз ауы­лында тұратын Әнуар Нұров биылғы ақпанда калифорниялық құрт өсіруді қолға алған. Жақында «Demey» волонтерлік топтарға арналған облыстық конкурсқа «Құнарлы жер» тақырыбындағы жобасын ұсынып, қаржылай грантқа ие болды.

Қызыл құрттың пайдасы

– Жыл басынан бері биологиялық тұрғыдан зерттелген органикалық тыңайтқыш арқылы құнарлы жер көлемін арттыруды көздедім. Осы мақсатта малдың көңінен табиғи тыңайтқыш өндіруді қолға алдым. Тыңайтқышты бау-бақша, терек өсіруге пайдаланып, жасыл желекті көбейтуге болады. Ауылда үйіліп жататын малдың көңі жазда күннің қызуымен түтіндеп, қоршаған ортаны ластайды. Ал оны өңдесек, экологияның тазалығын жақсартуға үлес қосамыз. Сол себептен калифорниялық құртты өсіріп отырмын, – дейді Әнуар Нұров.

Оның айтуынша, калифорниялық қызыл құрттың ұзындығы – 10 см, диа­метрі – 3-5 мм. Салмағы шамамен 1 граммды  құрай­ды. Ал өмір сүру ұзақтығы – 16 жыл. Кәдімгі жауынқұртына қарағанда, 150 есе тез көбейеді. Бұл құрттың жаңа дернәсілі  21 күнде пайда болып, 90-120 күнде үлкейеді. Екі құртың дернәсілі жылына 1,5 мыңға дейін жетеді.

 

Атырау облысы