Бауыржан Момышұлы – 100
Ел мен Ер егіз ұғым. Бірінсіз бірінің мәні келіспейді. Мысалын айтсақ, Қазақстан мен Бауыржан. Қазір жаһан дүниені жалпағынан басқанда, осы қастерлі қос атауды қатарластыра айтсаңыз, мерейіңіз тасып жүре береді... Шалғай мемлекеттің төрінен бөгде біреудің өзіңді жыға танығанына шалқисың кеп. Ненің құдіреті, бәтір-ау! Ел мен Ердің бітісіп кеткен тағдырына қатысты бұлқынысты ой бүкіл сана-сезіміңді билеп ала жөнеледі екен.
Өте зерделі, терең білімді, атақ қорғамаса да қай дәрежелі ғалымыңнан да кейде шоқтығы биіктеу көрінетін, тіл білімінің айырықша жанашыры, астаналық Сейітбек Нұрқановтың жаратылысы бөлек батыр Бауыржан Момышұлы жөнінде ағытқан мөлтек сыры еді...
– Әбен өмірден өткен соң Гүлнәр Міржақыпқызының (ері – Әбен Сатыбалдиев) үйіне бара қалдым, – деп бастаған еді көшеде кездесе қалған Сейітбек аға. – Төрде төбедей болып Бауыржан Момышұлы отыр екен. Үстел жасалып қойыпты. Оның бұрышында коньяк, бірнеше фужер тұр. Батыр аға коньякты жақсы көреді. Бірақ Әбеннің жерлеуінде бола алмай, көңіл айтуға енді келген ол амалсыз тыныш отырған секілді. Шай ішілген соң Баукең: “Оқ тескен құйрық көп отырысқа шыдамайды, тұралық енді” деп мені де көтере кетті.
* * *
...1965 жыл еді. Әбен Сатыбалдиевтің үйінде той болып жатыр. Баукең өз сөзінде: “Ата-анамды еске түсіріп мынадан алып қойғым келеді” деп коньякты шалқая тартты... Маған тост берілгенде: “Мен де Баукеңді құптаймын. Ата-аналарымыз үшін, асылдарымыз үшін!” – деп көтерткіздім. Қасыма Хамза Есенжановтың зайыбы келіп: “Қалқам, рақмет! Өткен боздақтарымызды ұмытпайық. Бостандық үшін күресті ғой!” – деді де шыланған көзін білдіртпей бұрылып кетті... Гүлнәр апай, оның қасындағы тағы басқа белгілі-белгілі ірі тұлғалардың ұрпақтарының жүздерін әп-сәтте кіреуке шалып, мұңайысқа түскені сезіліп тұрды... Бәрі де іштей Міржақып сынды асылдарын ойлап, солардың рухына мінәжат етіп отырғандары айдан-анық еді.
Сөйтіп, аттарын атауға болмайтын алаш ардақтыларын Баукеңнің арқасында ойша ескеріп, аруақтарға тағзым еткеніміздің өзіне тәубә дестік.
* * *
Атақты композитор Бақытжан Байқадамов пен ғалым Асқар Закарин құдандалық жолымен ата-дәстүр жоралғысын жасаспақ болған ғой. Құдаларды үйдегілер, араларында Бауыржан Момышұлы да бар, бәрі тағатсыздана күтіп отырады. Қадірменді қонақтар уақытынан көп кешігіңкіреп келеді. Әбден ширығып, терісіне сыймай отырған Баукең екі қолын ұнмен сылап алып, сырттан кіре берген құда Закаринге тұра ұмтылыпты... Аналар кешірім сұрап, құтылыпты. Әйтпесе, батырдың ығынан шықпағанда ұнға былғанар еді. Батырдың ойыны да қызық қой...
... Бұл той Байқадамовтың екі дүниедегі баянды бағы бар екендігінің куәсі іспетті болды. Асылы, Бауыржан батырдың араласқан бір сәттік отырыс-мезеті де қымбат әсермен өмірде өріліп қалатынына жиі кезігіп, жүрекпен сезініп жүрміз-ау!
* * *
...Тосыннан кездескенімде Сейітбек аға маған қойын қалтасынан алып бір қағаз ұсынды. “Момышұлына қатысты Әзілхан Нұршайықовқа жазған хатым еді. Оқып көрерсің”,– деді жүзі нұрланып.
“Әзеке! Таяуда “Ақиқат пен аңыз” атты жаңа типті (“роман-диалог”) кітабыңызды оқып шықтым. Батыр ағамыз туралы батыл жазылған шығармаңыз өзіме қатты ұнаған соң, құтты болсын айтқалы өзіңізді институттан іздеген едім, бір жаққа жолаушы шығып кетіпсіз. Сондықтан осынау бір сүйкімді әдеби дүниеден алған әсерім жайында бірер сөз айтқым келіп отыр.
Менің әдебиет зерттеушісі емес екенімді жақсы білесіз. Соған орай шығарманың идеясын, композициясын, тілін т.б. атрибуттарын әдебиетшілерше талдап жату біз сияқты қарапайым оқушыға лайық емес.
Ойлап отырсам, бұған дейін Баукеңнің кейбір өз кітаптарын, газет-журналдағы біраз мақалаларын оқып, Кубаға барған сапары жөніндегі лекция-әңгімесін, Ұлы Отан соғысының 30 жылдығына байланысты телевизордан сөйлеген сөзін тыңдаған екенмін. Солардан түсініп-түйгендерімді Сіздің романыңыз молайта түсті.
Есіңізде бар шығар, Баукең өзінің жасы 60-қа толған тойында ресми және бейресми құттықтаулардың бәрінің орайына бір-ақ ауыз өлең оқып берген сияқты еді:
Сыр айтам, саған халқым, ұға білсең,
Дайынмын от пен суға – маған сенсең.
Арыңды ақ ниетпен ақтамасам,
Разымын –теріс қолмен бата берсең.
Бұл жолдар Баукеңнің өмірлік кредосы іспетті естіледі маған. Сондықтан да болар, Отан ұлы, намыс құлы абзал жан осынау жалғыз ауыз өлеңді реті бар деген жерінде үнемі қайталап отыратыны байқалады.
Баукең туралы кітап жазудың әрі оңай, әрі қиын іс екенін шығармаңызда дұрыс айтыпсыз. Оңай болатыны – Батырдың өмір жолы өз жазғандарында сайрап жатыр. Бір ғана мысал: “Тағдыр маған дарытпады көктемін, Өзің айттың өмір деген – от дедің! Дұшпандардан көп атылды маған оқ, Тағдыр әділ – менің оған өкпем жоқ!” Ең жақсысы – күні бүгін Баукеңнің көзі тірі ғой. Қиын болатыны – Баукең туралы көп аңыз (әсіресе, өсек-аяң) оның адамгершілік сом тұлғасына көлеңкесін түсіруі мүмкін. Оның үстіне Баукең әскери қаһарман ғана емес (бұған А.Бек пен батырдың өз шығармаларынан бастап, Сіздің осы кітабыңызға дейінгі жазба дүниелердің бәрі куә) ұлттық әскери көркем әдебиетіміздің табан тасын қалаушы ғана емес (бұл арасы да Сізде әділ айтылған), кешегі сұрапыл соғыстың ойлы тарихшысы ғой деп те топшылаймын. “Қазақстандық 316-атқыштар, кейін панфиловшылар деп аталған 8-гвардиялық дивизияның қаһармандығы әлемге әйгілі. Олар жаппай халықтық ерлік көрсетуді бастап берді”. Осы тезис Баукеңнің “Замандас туралы толғау”, т.б. мақалаларында (жоғарыдағы бір ауыз өлең секілді) жаңғыртылып қайталанып айтылатын сияқты. Соған қарағанда бұл пікір ұлттық әскери тарихшымыздың өзіндік қорытындысы болар деп ойлаймын. Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңістің себептерін ашып көрсетуде де Баукең ресми тұжырымдарды қайталап айтумен ғана тынбайтын сияқты. Шынымен халқымыздың бауыржантанытушысы (“бауыржановед”) болғыңыз келсе (бүгінгі таңда Қазақстанда бұл атаққа сізден жақын тұрған ешкім де жоқ) Баукеңнің осы бір үшінші қырына да көз тіге жүргеніңізді қалар едім. Ақиқатына келсек, Бауыржан – әскери тарихшы Бауыржан – әскери теоретиктен басталса керек-ті. Алайда Бауыржан стратег, Бауыржан – тактик, жалпы әлеумет үшін құпия мәселе ме, әлде жария мәселе ме – бұл арасын, әрине, білмеймін. Кітабыңызда жаяу әскерлер уставында Баукеңнің ұсыныстары енгені туралы жазылған екен. Соңғы ойларды содан өрбітіп айтып жатқаным ғой. Бәрінен қиыны ойшыл Баукеңді өз дәрежесінде көрсету болса керек.
Әзеке! “Ақиқат пен аңыздың” өмір жасы ұзақ болады деген ойдамын. Өйткені, біріншіден, әдеби геройыңыз – халқымыздың сүйікті перзенті, екіншіден, шығарма – барынша шынайы.
Майдандағы ерлігіңіз бір төбе болса, мына кітабыңыз “екі төбе” болды дегім келеді.
Сейітбек НҰРҚАНОВ.
9.06.1976 жыл”.
...Сексеннің сеңгіріндегі Сейітбек ағаның Бауыржан Момышұлына қатысты осы үш үзік әңгімесі мен бір хаты Астананың бас поштасының маңындағы көше қиылысында айтылып, табысталыпты маған. Ағамыз осында келіп газет, журнал сатып алады. Мен “Абай” кітап дүкені жағынан келе жатамын. Іздегенім – кітаптар... Алдымнан кітаптай шежіреші қарт жолығыса кетеді. Бір жолы Секеңді сол дүкенде кітап қарап тұрғанда кезіктірдім. Қарап емес, оқып тұр екен. Сатушы қыз қарт кісіге орындық әкеп ұсынды. Ағамыз жайғасып алып оқысын. Оқып, оқып тастап кетер ме екен деп, маңайында қызықтап, қарайлап жүрмін. Жоқ, ақшасын төлеп алды. Әлгінде байқағанмын, Момышұлының бір кітабы!..
Қайсар ӘЛІМ, АСТАНА.