Қоғам • 16 Қазан, 2022

Отбасы мерекесі – Отан берекесі

473 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Отан – отбасынан басталады. Осы нақылды ұршықтай иіріп, ұлттың ұстынына айналдыру бүгінде үлкен маңызға ие. Неге десеңіз, «тәрбие – тал бесіктен басталады» деп тағы бір оймақтай ой қосуға бейілміз. Бұл ретте «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының мәні жоғары. Жетісуда өткен дәстүрлі додаға біз де куәгер болдық.

Отбасы мерекесі – Отан берекесі

8-ші рет ұйымдастырылып отырған игілікті іс-шараға өңір аумағындағы аудан-аудандардан 20 отбасы қатысты. Мұндағы мақсат – отбасылық құнды­лықтарды дәріптеу, отбасы инсти­тутының мәртебесін көтеру, ата-ана­лар­дың бала тәрбиесіндегі жауап­кер­шілігін арттыру, қазақ халқының әулет тәр­биесін ұлттық құндылық ретінде жан­дандырып, оны әрбір шаңыраққа енгізу арқылы жағымды имиджін қа­лыптастыру.

Салтанатты шарада сөз алған Жетісу облысы әкімінің орынбасары Рустам Әли соңғы айларда жасөспірім студенттердің өз-өзіне қол жұмсау фактілері орын алғанын айтып, алаңдаушылығын жеткізді.

«Әрбір жеке істі талдай келе бір жалпы қорытынды жасалды. Келеңсіздікке әкелген мәселе, ең алдымен отбасылық қатынастарда жатыр. Баланың отба­сында алатын басты құндылығы тәр­биесі екенін ұмытпауымыз керек. Сон­дықтан үлгілі отбасыларымыз кө­бейіп, өзгелерге жол көрсетсе екен деймін», деді Р.Әли

Облыстық қоғамдық даму басқар­масының ұйымдастыруымен өткен са­йыс­та бірінші орынды талдықорғандық Андас отбасы жеңіп алды. Отбасының ақыл­шысы, «Алтын алқа» иегері Ауес­хан Мажай мұндай байқаулар ұлт руханиятының алтын бастауы екенін атап өтті.

«Халқымыздың берекесі де, ұлт ретінде сан қиындықтан сүрінбей өтуі де отбасындағы ынтымақ пен мейі­рім­нің негізінде қалыптасқан. Ан­дас от­басы ғылым мен білім, шығар­машы­лық пен ата мұрасын, әке жолын ұқып­ты жалғастырып келе жатыр. Аталарымыздың аманатын біз сақтасақ, балаларым әкесінің мұрасын ардақтап ұрпақ сабақтастығының үлгісіне айналуда. Бұл үрдіс одан әрі де жалғаса бермек. Арамызда осындай отбасылар көп. Олардың да мерейі таси берсін деп тілеймін», деді А.Мажай.

Одан кейін екінші орынды ала­көлдік Хиаг, үшінші орынды ақсулық Кенжебаевтар отбасы еншіледі. Жеңім­паз атанған отбасы енді республикалық байқауда бақ сынайды.

 

Жетісу облысы