Қоғам • 16 Қазан, 2022

Дара композитор дәріптелді

522 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қарағандыда Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қай­рат­кері, КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты Сыдық Мұхамеджановтың есімі «Жұл­дыздар аллея­сына» жазылып, ескерткіш тақта ашылды.

Дара композитор дәріптелді

Жұлдызды белгіні ашумен қатар, еске алу кеші көпшілік назарына ұсынылды. Онда композитордың туындылары да орындалды. Қызы Ләйла сөз алып, Құрмет кітабына әкесінің есімін жазды.

– Әр жағдайдың өз орны,  уақыты бар. Бү­гінгі шара сол өз орнында, өз уа­қытында іске асып отыр­ғандай. 100 жылға жуық бұрын осы топырақта ұлы композитор, менің әкем Сыдық Мұха­мед­жанов дүниеге келді. Қара­ған­ды шаһары – рухани-мәдени орталық. Менің әкем өмірге келген облыс орталығында тұратын, осы қаланы өркендетуге бар үлесін қосып жүрген жерлестеріме ризамын. Бірер жылдан кейін туғанына 100 жыл толатын әкемнің атаулы мерейтойы қар­саңында мынадай игі істі жүзеге асырған баршаңызға ал­ғы­сым шексіз, – деді қызы Ләйла Сыдыққызы.

Айтулы шараға арнайы келген белгілі опера әншісі Кенжеғали Мыржықбай ком­позитордың төл туындыларын алғашқылардың бірі болып орындағанын еске алады. Сондай-ақ хас таланттың ескерткіші Қарағандыда орнатылып, концерт залына есімі берілсе дейді.

– 1981 жылы Ғабит Мүсі­репов либреттосын жазған Сыдық Мұхамеджановтың «Ақан сері – Ақтоқты» опе­ра­­сындағы бас кейіпкер пар­­тиясының алғаш­қы орын­даушысымын. Орато­рия­сын, «Жұм­бақ қыз» операсын­да Адақ­ты, Абай өлеңіне жаз­ған циклін орындадым. Алда ком­позитордың 100 жыл­дығы күтіп тұр. Соған орай Қа­ра­ғандының бір әйдік ғима­ра­тына, ол «Шалқыма» концерт залы ма, әлде басқа өнер ошағы ма, үлкен ордаға есімін беріп, туған жері Қарағандының қақ төрінен еңселі ескерткішін орнату керек. Композитор атында республикалық әншілер бай­қауын ұйымдастыру қа­жет деп білемін. Тұңғыш «Ай­сұлу» операсы Қарағанды ака­демиялық музыкалық комедия театры репертуарына тұрақты бекітіліп, сахнаға шығып тұр­ғаны жөн. 100 жылдығында ас ішіп, аяқ босатумен шектелмей, барлық шығармалары республикалық деңгейде насихатталып, орын­далуға тиіс, – деді Кенжеғали Мыржықбай.

Сыдық Мұхамеджанов Қа­рағанды облысы, Шет ауда­нының тумасы. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын профессор Е.Брусиловскийден ком­по­­зиция классы бойынша бі­тірген. Композитордың «Ай­сұлу», «Жұмбақ қыз», «Ақан сері-Ақтоқты» опералары, «Ға­сырлар үні», «Шаттық мекені» симфониялары, «Дархан дала» симфониялық күйі, «Дом­быраға арналған концерт­тер», «Қобызға арналған кон­церттер» туындылары, скрипка, қобыз, домбыраға ар­налған концерттері қазақ музы­ка­сын­дағы ірі құбылыс деп бағалайды өнертанушылар.

Айта кету керек, 2024 жылы композитордың туғанына 100 жыл толады.

 

Қарағанды облысы