23 Мамыр, 2014

Таиланд: әскерилер жағдайға араласты

373 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Дүбірге толы дүние

Сейсенбі күні Таиланд қарулы күштері құрғақтағы әскерінің бас қолбасшысы Проют Чан-Оча елде әскери жағдай енгізілгенін мәлімдеді.  THAILAND-POLITICS-PROTEST-RALLYМұның да жөні бар. Бұл елде мем­лекеттік төңкерістер таңсық емес. Соңғы 80 жылда әрбір төрт жылда бір төңкеріс болып отыр­­ған, оның 11-і – әскери төң­керіс. Әскерилер халықты үрей­ленбеуге шақырды. Мақсат – заңдылық пен тәртіптілікті сақ­тау ғана. Әскерилер өздерінің конс­ти­ту­циялық құқықтарын ғана пайдаланған. Әскерилер барлық телеарналарды бақылауға алған, көшеде шерулер, митингілер өткізуге тыйым салынған, сондай-ақ, комен­данттық сағат енгізілген. Соған орай әскерилер талапты бұз­ғандарды тұтқындауға да, күш қолдануға да құқылы. Әскери жағдайды тек Таиланд королі Пумипон Адульядет қана өз жарлығымен тоқтатады. Елдегі шиеленіс, билік пен оппозиция арасындағы бітіспес күрес өткен жылдың қарашасынан бері жалғасып, қазір шарықтау шегіне жетті. Билікте, үкімет басында «Таиланд үшін» партиясының көсемі Йинглак Чинават болса, оппозицияны Демократиялық партияның көсемдері бұрынғы премьер Абхисит Ветчачива мен қазір көше оппозициясының көсемі саналатын Сутеп Таугсубан басқарады. Бұлардың келісімге жетуі қиын. Осы жарты жылда Таиландтың заңды үкіметін басқарушы Йинглак Чинаваттың ымыраға барып, оппозицияны талай рет келісімге шақырғанын да айтқан жөн. Біршама талаптарына құлақ та асты. Тіпті, парламент сайлауын өткізуге де барды. Сол сайлауда жеңілетіндеріне көздері жеткен соң, оппозиция біраз сайлау учаскелерінде дауыс беруді бұзды да. Сөйтіп, сайлауды негізсіз деп есептеуге жетті. Сайлау жолымен, заңды жолмен үкіметті кетіре алмайтын болған соң, олар басқа ілік іздеді. Және тапты да. Осыдан үш жыл бұрын, 2011 жылы премьер-министр Чинават ұлттық қауіпсіздік кеңесінің басшысы Тавил Плиен­сриді қызметінен босатқан еді. Міне, енді елдің жоғарғы соты оны заңсыз деп тауып, орнына қайта қойғанда, оппозиция мұны Чинаваттың қызметін теріс пайдаланғаны деп тұжырымдады. Ақыры бұл премьердің қызметінен кетуіне соқтырды. Бұл елдің заңы бойынша, үкі­мет­ті биліктегі партияның өкілі бас­қарады. Соған сәйкес жаңа пар­ламент сайлауына дейін енді сау­да министрі Ниватхамронт Бун­сонгпаисан премьер-министр­лік­ке тағайындалды. Оппозиция мұ­ны азырқанып отыр, үкімет бір­жола сайлауға дейін-ақ кетсін дей­ді. Әрине, бұған қазіргі үкімет келіс­пейді. Олар, егер билік сайлаусыз оппозицияға берілер бол­са, мұның азамат соғысына ұла­са­тынын ескертті. Және өз жақ­тас­тарын да көшеге шығарған. Әске­рилер жағдайға осы кезде араласты. Билік пен оппозиция ара­сын­дағы қайшылық жеке тұлғалар емес, қауымдық топтар­дың арасында екені аңғарылады. Атап айтқанда, сарапшылар оны буржуа­зия мен аристократия арасындағы күреске апарып тірейді. Буржуазия Чинаваттар әулеті төңірегіне топтасса, аристократия маңына корольдің айналасы, ірі коммерсанттар, жер иелері, әскер басшы­лығы топтасқан. Қазіргі билік тобын негізінен ауылдағылар қол­да­са, оларға қарсылар жағында – негізінен қалалықтар. Бірінен бірінің күші басым деу қиын. Содан да осынау Оңтүстік-Шығыс Азиядағы ерекше елдегі саяси жағдайдың қалыпқа келуі біразға созылатын сыңайлы. Күштілер сотты да бұзып шығады Қырғыз ағайындар еліндегі жаңалықтарға құлағымызды түріп отырамыз. Жағымдысына қуанамыз, өкінішке қарай, жаңалықтардың жағымсызы да болады. Елдің жоғарғы сот алқасы «әлем таныған» қылмыскер Қамшыбек Көлбаевты ақтаған көрінеді. Неге бұлай болды делік. Шарайна-2 а камчибек кольбаевОнда тұрған не бар, бір қылмыскер ақталса, оның да бір себебі бар шығар деуге де болар. Бірақ мұның үлкен астары бар. Қалайша олай болды деп қырғыздардың өздері ғана емес, сыртқы жұрттың да құлақтары елең еткені анық. Ол – әлемге танымал, елдің ішкі саяси өміріне ықпал ететін белгілі де беделді тұлға. Оның беделін аңғартатын бір ғана мысалды айтайықшы. 2010 жылы елде парламент сайлауы өтіп, соның қорытындысы бойынша Ахматбек Келдібеков спикер болып сайланған. Бірақ ол бұл қызметтің қызығын көре алмады. Сол қызметін Ыстықкөлдің жағасында «Каприз» пансионатында сол Қамшыбек Көлбаевпен бірге «жуғаны», 2011 жылды бірге қарсы алғаны үшін «өз еркімен» қызметінен кетуге мәжбүр болды. Қылмыстық әлемде «Коля», «Қамшы», «Коля киргиз-Тянь­шян­ский» деген лақап аттары бар адаммен достық қарым-қатынаста болу ел парламенті төрағасына жараспайды, деді депутаттар. Кезінде Көлбаевқа тағылған айыптар көп болды: қылмыстық қауым құру, есірткіні және қаруды заңсыз сақтау, үкімет өкіліне қарсы күш қолдану, адам ұрлау, қарақшылық, адамды еркінен заңсыз айыру – жай пендеге өмірін түрмеде өткізу үшін осының біреуі де жеткілікті. Қамшыбек соның бәрінен құтылып, енді түрмеден шығады. Бішкек қалалық соты оны үш жылға соттаса, оны елдің Жоғарғы соты бекітіп отыр. Ал заң бойынша тергеу оқшаулағышында отырған әр күн екі күнге баланады. Сөйтіп, 2012 жылдың желтоқсанында сонда қамалған Көлбаевтың бостандыққа шығатын уақыты да жетіп қалды. Ақпарат құралдарының хабарларына қарағанда, Көлбаевтың сол оқшаулағыштағы жағдайы да жаман болмағандай. Оның қауіпсіздігі қатаң қорғалған. Елдегі саяси өмірге де араласқан. Кейбір партиялар өз тізімдерін жасауда онымен пікірлескен. Тіпті, оның пікірі мемлекеттік тендерде де ескерілген дейді. Кезінде оны айыптауға куәлікке жүргендердің барлығы өз райларынан қайтқан. Бұдан кейін прокуратураның оны 14 жылға соттау жөніндегі ұсынысы далада қалған. Енді біреулер оның адвокаты Сергей Манукян талап еткендей, біржола ақтап жібермей, үш жылға болса да соттағанына да шүкіршілік деп әзілдейтін көрінеді. Әділетті қоғамда қылмыс жазаланады. Жазаланбаса, қоғамда кінәрат бар деген сөз. Жұрт соны айтады. Қылмыскердің жазалан­бағаны жалпы халыққа да қиын. Ондай жағдайда қылмыскерлер еркінсиді. Жұртты үрей билейді. Тек Қамшыбек Көлбаев қана емес, осы жерде тағы да бір үлкен қылмыскер Азиз Барукаевтың да босап кеткені ойға оралады. Қырғыз ағайындар жақта әділдік үстемдік құрса, қылмыс­керлер жазаланып жатса, жұртты үрей билемесе деген тілек қана ғой біздікі. Мамадияр ЖАҚЫП, «Егемен Қазақстан».