Туризм • 16 Қазан, 2022

Қолөнер – туризмнің ажырамас бөлігі

546 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Алматыдағы Орталық мемлекеттік музейде өткен Халықаралық қолөнершілер форумы осы кәсіппен шұғылданатын еліміздің ең таңдаулы шеберлері мен шетелдік сарапшылардың басын қосты. Форумға Қазақстанның барлық аймағынан, сонымен бірге Еуропа мен Орталық Азия елдерінен 150-ден аса шебер-қолөнерші қатысты. Қазақстан қолөнершілерін толғандырар мәселе көп, сондықтан халықтық қолданбалы өнер өкілдері кездескен жерде жиынның іскерлік сипат алатыны белгілі. Себебі қолөнершінің қай өңірден екеніне қарамастан, олардың өнеріне демеу болып, құшақ жайып қарсы алатын алаңдар аз, ақысыз қатысатын көрмелер, кәсібін кеңейтуге қолайлы әлеуетті әріптестер жоқтың қасы, билік орындары қажет болған кезде ғана оларды іздеп, антураж ретінде пайдаланып, басқа уақытта ұмыт қалдыруға үйренген, ал халықаралық алаңдағы қызу сау­да туралы сөз қозғаудың өзі артық.

Қолөнер – туризмнің ажырамас бөлігі

Қолөнершілер – аз болса да, эко­номикалық кеңістіктегі әлеуеті зор орта. Кез келген елдің мәдени мұрасының өзегі қолөнер десек, бұл нарықтағы ең мықты ойыншылардың бір алаңда бас қосуының өзі қозғалатын тақырыптың салмағынан хабар береді. Салтанатты шараға Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев, Алматы қаласы мәслихатының депутаты Әсия Ақанова, «Атамекен» ҰКП Прези­диу­­мының мүшесі, Туристік сала коми­те­ті­нің төрағасы Юлия Якупбаева, Қазақ­станның Алматыдағы АҚШ Бас кон­сулы Кэролайн Сэвидж, Harper’s Bazaar және Vogue журналының редакторы, қолөнер, дизайн және өмір салты бойынша білікті маманы Эчавария Марселла, Қолөнершілер одағының төр­ағасы Айжан Бекқұлова, «Aigul line» брендінің негізін қалаушы, «Qazaq-Oner» ұлттық ассоциациясы» президенті Айгүл Жансерікова, «Алтын Орда» ав­тор­лық дизайн үйінің негізін қалаушы, «Baqyt­ty otbasy» орталығының директоры Ырза Тұрсынзада, арт-менеджер, дәстүрлі табиғи ішектер шебері Бабыр Арғынов, Born Nomad директоры Айка Әлемі, «Алтын адам» қауымдастығының жетекшісі Динара Бакирова және басқа да шеберлер мен қонақтар қатысқан жиын салған жерден қарқынмен қызу басталды. Бұл саланың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, жандандыру жолын жақсы білетін спикерлер әбден иі қанған ойын ортаға салып, бірінің сөзін бірі іліп алып, шағын кәсіп саласындағы қиындықтың себеп-салдарын саралап жатты.

Форумның ашылуында Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркін­баев барлық қатысушыны, сондай-ақ арнайы келген қонақтарды жылы қарсы алып, қолөнершілердің туризм мен креативті индустрияны дамытудағы рөлін ерекше атап өтті.

«Қазақстанда креативті индустрия бұрын-соңды болмаған. Біздің зама­науи шығармашылығымыздың бастауын­да ата-бабаларымыздан қалған асыл қасиеттер жатыр. Өнерге деген жылы көзқарас және ерекше дүниетанымымыз бар. Ұлттық қолөнер – бұл біздің баға жетпес мұрамыз», – деді вице-министр Е.Еркінбаев.

Алматы қаласы мәслихатының депутаты Әсия Ақанова креативті индустрия­ларды дамыту үшін осындай ауқымды іс-шараларды өткізудің маңыздылығына тоқталды.

«Жақын арада мегаполис әкімшілігі қолөнершілер өздерінің инновациялық өнімдері мен қызметтерін құра алатын, идеялармен алмасатын және өз­дерін таныта алатын, қайталанбас шығар­машылығын көрсете алатын креативті алаң құруды жоспарлап отыр. Бұл бастама шығармашылық идеяларды креатив­ті кәсіпкерлік қызметке айналдыруға бағытталады», деді ол.

Ал алты айда Қазақстан аумағын жаяу басып өткен 72 жастағы саяхатшы әрі қолөнерші ақсақал Сәрсенбай Қотыра­шев форумның құрметті қонағы болды. Ол 8000 шақырым жерді жаяу жүріп өтіп, аймақтардың барлық әкімшілік орталығына табан тіреген. Ең бастысы, ол осы саяхаты арқылы елдің бар­лық қол­өнершілерін тізімдеу мақсатын көздеген.

Сонымен бірге қолөнер саласын ком­­мерцияландыру мүмкіндіктері, про­-
б­­л­е­малық мәселелер және оларды шешу жолдары туралы «Атамекен» ҰКП Пре­зи­диумының мүшесі, Туристік сала коми­тетінің төрағасы Юлия Якупбаева ерекше атап өтті.

«Уақыт барлық салаға, туризмге және креативті индустрияға деген көзқарас­ты өзгертеді. Кәдесый өнімдеріне қажет материалдарды қабылдау мен оның техникасы, формалары өзгеруде. Сондық­тан сарапшылар бұл бизнесті қалай ­коммерцияландыру қажет екенін тал­дап-талқылайтын, өзара пікір алмаса­тын форумдардың өткізіліп жатқанына өте қуаныштымыз», деді Юлия Якупбаева.

Қазақстанның Алматыдағы АҚШ Бас консулы Кэролайн Сэвидж форум­ның ең басты артықшылығына назар аудартты. Ол өз сөзінде: «Біз мұнда жеңім­паздардың жетістіктерін атап өту үшін ғана емес, сонымен қатар осы лау­реаттарға тән құндылықтар – адалдық, батылдық, кәсіби біліктілік пен сыни ойлау сияқты қасиеттерге назар аудару үшін жиналдық», деді.

АҚШ-тан келген спикер, қолөнер маманы, Harper‘s Bazaar және Vogue жур­налының редакторы және журналисі Мар­селла Эчавария «Қазіргі әлемдегі қолөнердің рөлі» туралы дәріс оқыды. «Алтын Орданың» негізін қалаушы, «Baqytty otbasy» орталығының басшысы Ырза Тұрсынзада туризмнің әлемдік экономикадағы рөліне тоқталды. Халық өнері мен кәсіпкерлікті жүргізудің қиындығын тиісті орындарға талмай жеткізіп келе жатқан Ы.Тұрсынзада талай биік мінберлерден айтылса да, әлі күнге шешімін таппаған таласты жайттарды тағы бір еске салды. «Форумнан кейін хаттама толтырылуы керек. Қол­өнер­шілер салықтан босатылуы керек. Үкімет тарапынан қолөнершілердің көр­месін өткізіп, жұмысын қолдау мақса­тында үздіксіз жұмыс істеп тұратын ақысыз алаңдар берілуі керек деп ойлаймын. Егер қателеспесем, мен «Алтын сапа» сыйлығына ие болған жалғыз қол­өнершімін. Қолөнер ұлттық мәдени сәйкестендірудің ажырамас бөлігі және туризм индустриясының ажырамас бө­лігі, оны жаңа деңгейге көтеру керек. Біз қазір туризмді дамытуға мемлекеттің ерекше қолдау көрсетіп отырғанын көріп отырмыз. Біз, қолөнершілер де осындай қолдауды күтеміз», деді ол.

Қазақстан қолөнершілер одағының президенті Айжан Бекқұлова да қол­өнер­шілікті қолдау қажеттігі туралы айтты. «Бізде үлкен аумақтық айырмашылық сезіледі. Біз туристік орталықтарға ғана емес, елдің басқа аймақтарына да кө­мек­тесуіміз керек. Менің ойымша, бір реттік емес, жүйелі түрде мемлекеттік қолдау қажет. Өндіріс пен бизнес үшін қолайлы жағдай жасау қажет. Айталық, салықтан босату сияқты, сондай-ақ ұлт­тық бірегейлікке, үлкен рөл атқаратын брендке назар аударғым келеді. Сол дәстүрлі киіз іс жүзінде барлық елге қажет ұлттық брендке айналуы мүмкін, оны шетелдерде де сатып алады. Бізде ең жақсы шеберлер бар, бірақ әзірге жаппай және сериялық өндіріс жоқ», дейді А.Бекқұлова.

Айта кетерлігі, форум басталмас бұ­рын Қазақстан стандарттау және метрология институты «Қолөнер орталықтары. Жалпы талаптар» негізінде Qazaq-Oner қолөнершілер орталығының ҚР СТ 3686 белгісімен қолөнер тарихындағы алғаш­қы қызметті стандарттады. Ал Ұлттық стандартқа сәйкестігін «Атамекен» ҰКП және «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ өкіл­дері бағалады. Бұл ретте Qazaq-Uber өте жоғары деңгейді көрсетіп, форум шең­берінде сертификатқа ие болды.

«Біз үшін еліміздегі алғашқы Qazaq-Uber қолөнершілер орталығын ашу, сонымен қатар ҚР СТ 3686-2020 «Қолөнер орталықтары. Жалпы талаптар» Ұлттық стандартына сәйкестік сертификатын алу үлкен мәртебе. РМК «ҚазСтандарт» мұны қолөнер қызметтерін стандарт­тау саласындағы алғашқы жоба екенін хабарлады. Біз осындай жоғары мемле­кеттік бағалауға ие болғанымыз үшін қуаныштымыз және мақтанамыз», деді Айгүл Жансерікова.

Арт-менеджер, дәстүрлі ішектер ше­бері Бабыр Арғынов қойдың ішегінен жасал­ған домбырада нағыз таза дәс­түрлі «қоңыр» үн, барқыт дыбысы сақта­латынын айтып, осы тақырыпта бірқатар ұсыныс айтты.

«Дәстүрлі құралдарды жаңғырту – ұлттық кодты, мәдени бірегейлікті, ұлт­тық құндылықтар мен дәстүрлер идеясын сақтау жолындағы маңызды қадам», деді ол.

Форум аясында BORN NOMAD power AWARDS 2022 байқауының қоры­тындысы шығарылды.

Бұл байқау халық-қолданбалы өнер шеберлеріне, қолөнершілер мен шығар­машылық индустрия өкілдеріне өздерін танытуға, идеяларды коммерцияландыру, қазақстандық және экспорт нарығына өнімді шығару, сондай-ақ қазылар алқасы мүшелерінің, кәсіпқойлардың, қолөнер, дизайн, сән, туризм және креативті индустрия саласының сарапшылары мен инсайдерлерінің құнды кеңестерін алуға мүмкіндік береді.

Born NOMAD директоры Айка Әлеми байқаудың қорытындысын жариялады. Ол өз кезегінде бұл байқаудың басты мақсатына тоқталды.

«Біз ең алдымен бәсекеге қабілетті қолөнер брендтері мен сұранысқа ие өнімді құру, маркетплейстер мен экспорт нарығына шығу арқылы қолөнер индустриясының экономикалық тұрғы­дан дамуын көздейміз», деді.

Форум аясында Ержан Еркінбаев қолөнершілер Серік Рысбеков, Ұлмекен Маутова, Жұпар Бейсенова, Алмас Мұс­тафаев, Қалмырза Тасов, Раиса Мұха­меджанова, Нұрзия Тәшімова және ақ­сақал Сәрсенбай Қотрашовқа «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін табыс етті.

Сондай-ақ адал еңбегі, еліміздің мә­де­ниеті мен қолөнерін дамыту ісіне бел­сенді қатысқаны үшін Мәдениет және спорт министрі Д.Абаевтың атынан «Ал­тын Орда» негізін қалаушы, «Baqytty otbasy» орталығының басшысы Ырза Тұр­сынзадаға, Қазақстан қолөнершілер ода­ғының президенті Айжан Бекқұловаға Құр­мет грамотасы, ал Born NOMAD дирек­торы Айка Әлемі мен Qazaq-Oner ұлт-
­тық қауымдастығының президенті Айгүл Жан­серіковаға Алғысхат табыс­талды.

Халықаралық форум аясында өтетін отандық қолөнершілердің жәрмеңкесін­де қыш, киіз, тоқыма, зергерлік өнер, жібек шаруашылығы және басқа да қол­өнер түрлерінің өнімдері ұсынылды. Тәжірибе алмасу үшін қолөнершілер «Қазақстандағы қолөнер бизнесін дамыту», «Қазақстандағы қолөнершілікті дамыту жолдары мен мүмкіндіктері», «Қолөнер индустриясы, бизнес, экономика», «Қолөнер тұрақты даму ретінде» тақырыптары бойынша пікірталас сессия­ларына қатысты.

Іс-шара дәстүрлі қолөнерді сақтау және одан әрі дамыту, ұлттық мұрамызды жандандыру және танымал ету, сондай-ақ дәстүрлі қолөнердің заманауи интерпретацияларын және халықтық қолданбалы өнер мен басқа да шығармашылық индустриялардың колоборациясын құру бойынша түрлі аймақтық бастамаларды біріктіру мақсатында өткізіледі.

Сондай-ақ форум аясында өнімдер көрмесі, шеберлік сыныптары, семинарлар, Korpe Fest секілді ауқымды шаралар да қамтылды.

 

АЛМАТЫ