Қоғам • 16 Қазан, 2022

Қуанса, бала қуансын

338 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Баланы бұзуға, түзеуге себеп болатын бір шарт – жас күнде көрген өнеге. Мұны қазақтың көрнекті қаламгері Жүсіпбек Аймауытұлы айтқан еді. Осы өнеге көрсетуде ұлт қандай қарекет етіп жатыр? Биыл жетісулықтар кішкентайларға арнап әртүрлі іс-шара ұйымдастырған. Бұл ретте Балалар жылына баса мән берген көксулықтардың үлесі мол.

Қуанса, бала қуансын

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Көксу аудандық білім бөлі­мі­нің мұрындық болуымен би­ыл­ғы оқу жылында игілікті іс­тер жоспарланып, бірқатар ша­ра өткізілген. «Балалар әле­мі» жобасы аясында 3-10 сынып оқушыларының арасында «Ба­лалар оқулары» байқауы, ай­тулы датаға тұспа-тұс келген тұлғалардың мерейтой­ла­рына байланысты эссе бәй­гелері, «Ақ­берен» сайыстары ұйым­дастырылған. Аудан мектеп­те­рінің аулалық клубтары арасында кіші футболдан жарыс өткен. 

Аудан әкімі Марлен Көл­баев­тың бастамасымен аудан кө­лемінде, әр ауылдық округте ашық аспан астында оқушыларға мультфильмдер мен қазақы құн­дылыққа негізделген алуан түрлі кино көрсетілген. Сонымен қа­тар «Үздік оқушылар» клубы құрылған. Бұл клубтың мақсаты – әр пәннен, әр саладан озық шық­қан оқушылардың нәтижесін наси­хаттау және іс-шараға тарту.

«Әр аптаның сәрсенбі-жұ­ма күндері сағат 15:00-де аудан­дық Мәдениет үйінде бала­лар­ға арналған мультфильм­дер мен кинофильмдер көрсе­тіледі. Көр­сетілім тегін ұйымдас­ты­ры­лады. Мұның барлығы – бала­лары­мыздың бос уақытын пайдалы әрі көңілді өткізуге ар­налған іс-шаралар. Мәдениет үйі балалар­ды асыға күтеді, арасында вик­то­риналық ойындар ойнатылып, сыйлықтар да таратылады. Сондықтан балаларыңызды алып келіңіздер, бір қуанып, демалып қалсын», дейді М.Көлбаев.

Білім сайысы, спорттық және мәдени іс-шаралардың басым ба­ғыты Балалар жылына орай жос­парланып, ел Президенті мін­деттеген тапсырма аясында жүзеге асырылып келеді. Бала құқығын қорғау, жан-жақты дамытуға бағытталған жобалар мен шаралардың көптігі көңіл қуантады. Алдағы уақытта да балалардың қызығушылығын арттыратын, шығармашылыққа баулитын түрлі челлендждер мен жобалар жоспарланып отыр.

 

Жетісу облысы