«Қайнар» білім беру және бос уақытты қамту кешеніне қарасты аула клубы негізінде өмірге келген қосымша мектеп – Екібастұз қаласы білім беру бөлімі және жергілікті төтенше жағдайлар басқармасының бірлескен жобасы. Мұнда балаларды оқыту, оларға мектепте алған теориялық білімдерін кеңейтуге және нақтылауға, алғашқы көмек көрсету дағдыларын қалыптастыруға, төтенше жағдайларда іс-әрекеттер туралы білім алуға, іздестіру-құтқару жұмыстарының дағдыларын игеруге, психологиялық дайындықтан өтуге мүмкіндік қарастырылған.
Кәсіптік бағдарлауға арналған ұйымға орта мектептердің 7-10-сынып оқушылары келеді. Жас құтқарушылар төтенше жағдайлар басқармасымен әзірленген қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру бағдарламасы бойынша білім көкжиектерін кеңейтіп, дәрістерді арнайы мамандар мен педагогтер жүргізеді. Оқу-жаттығу орталығы мамандандырылған жабдықтармен, оқу әдебиеттерімен және азаматтық қорғау бойынша әдістемелік құралдармен жабдықталған.
Орталықтың ашылуында «Ангренсор» ЖШС «Жас құтқарушылар» жасағына форма жиынтығын сыйға тартты.
– Балалар жылында қолға алынған жобаның маңызы зор. Көптеген жоғары сынып оқушылары белсенді өмір салтын ұстанады, спортпен шұғылданады. Біз жастарға төтенше жағдайда алғашқы көмек көрсету мүмкіндігін ұсына отырып, әлеуметтік маңызы бар салада өздерін танытуға жағдай тудырамыз. Патриотизмді, жауапкершілікті, белсенді қоғамдық ұстанымды қалыптастыруға ықпал етеміз, – деді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы, генерал-майор Жасұлан Жұмашев мектептің ашылу салтанатында.
Айта кетелік, бүгінде Екібастұз қаласында 8 аула клубы бар, олар жалпы саны 2 мыңнан астам баланы қамтып отыр. «Жанұя» отбасылық клубы, жас шаштараздар мектебі, аспаздық клуб, балалар велотуризмі және «Жас құтқарушылар» орталығы жергілікті жасөспірімдер үшін аса танымал. Ал жыл соңына дейін шаһарда ұлттық ойындар мектебін ашу жоспарда тұр.
Павлодар облысы,
Екібастұз қаласы