Қоғам • 17 Қазан, 2022

Шежірелі шаһар

272 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елорда тарихы елдің тарихымен сабақтас. Егемендікке қол жеткізгеннен кейін бас қаламыздың басына бақ қонды, шежіресі шертілді. Бұл алдымен тәуелсіз мемлекетіміздің хронологиясы. Осы орайда Астана қаласының мемлекеттік архиві 1920 жылдардағы араб графикасымен жазылған құжаттарды аудару үстінде. Кешегі дәуірдің келбеті қазақ тілінде айшықталмақ.

Шежірелі шаһар

Жақын арада құнды құ­жаттар толықтай ана тілінде сөйлеп, зерттеушілерге қолже­тімді болады. Материалдардың дені Ақмола облысының сол жылдары болған Ақмола және Атбасар аудандарының тарихына қатысты.

«Қала тарихы аз зерттелді. Себебі ол кезде іс-қағаздардың басым бөлігі араб графикасы арқылы жүргізілді. Қазіргі таңда араб жазуын біліп, одан аударма жасаумен айналысатындар аз. Оның үстіне аударма жұмысы қыруар қаржы мен көп еңбекті қажет етеді. Бұдан былай араб қарпімен жазылған астаналық мұрағат құжаттары туған өлкесін зерттеушілер үшін аса құнды тарихи дереккөз болмақ», дейді қалалық архив директорының орынбасары Жангелді Бимолдин.

Қазірдің өзінде қордың бір­неше мұрағаттық істері ауда­­рылған. Аударылған құ­жат­тардың тарихшылар мен өл­кетанушылар үшін маңыз­дылығын ескере отырып, оларды баспаға дайындау қолға алыныпты. Сондай-ақ 1920 жылдары аудандастыру тақырыбын толық ашу мақсатында кириллицамен жазылған құжаттар жинаққа енгізілген.

Архившілер құжаттарды хронологиялық және тақы­рыптық принцип бойынша жүйелеп, кейбір материалдарды алғаш рет ғылыми айна­лымға енгізген екен. Атап айт­қанда ашаршылыққа ұшы­ра­ған халыққа көмек көр­сету, ауылдардың атын өзгерт­у, мек­­­­теп ашу мәселелері қам­тыл­­ған жергілікті атқарушы ор­ган­дар­­дың жиналыс хаттамалары үл­кен маңызға ие.

Бұл басылым оқырмандарға ел тарихындағы көптеген кө­лең­­келі сәттерді түсінуге мүм­­­кін­­дік береді. Оны құрасты­ру­шы­­­лар­дың мақсаты – бұрын пай­да­ла­ныл­маған мұрағат материалдарын ғылыми айналымға енгізу.

Ж.Бимолдиннің айтуынша, бюджетте қара­жаттың жоқтығы оны жария­лауға ке­дергі болуы мүмкін. Сон­дық­­тан архив қызметкерлері де­меуші іздеп, Ақмола өңірінің тарихына бейжай қарамайтын азаматтардың қолдауына үміт артып отыр.