Қоғам • 17 Қазан, 2022

Дарабоз батыр – Қабанбай

752 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қаракерей Қабанбай батырдың туғанына 330 жыл толуына орай №30 орта мектепте «Дарабоз батыр – Қабанбай» атты дөңгелек үстел өткізілді.

Дарабоз батыр – Қабанбай

Іс-шараға мектеп оқушылары, тарих пәнінің мұ­ғалімдері, мектептің кітапхана меңгерушісі қатысты. Іс-шара­ның мақ­саты қазақ батыры Қаракерей Қабанбайдың өмірі, саяси қызметі, ерлік істері туралы кеңінен мәлімет беру, батырдың қазақ тарихындағы алатын орнын ұлықтау, тұлғаның өмірін оқыту арқылы логикалық, аналитикалық ойлауды дамыту және оқушыларды бабамыздың ерлігіне тарихи тұрғыдан баға бере білуге дағдыландыру, танымдық қабілеттерін арттыру болды.

Ұлы қолбасшы Қабанбай 1692 жылы туып, 1770 жылы дүние салған. Жеті жасында әкесі Қожағұл, он алты жасында ағасы Есенбай жоңғарлар қолынан қаза табады. Он алты жастағы бала 1708 жылы жау арасына жасырын барып, ағасын өлтірген жоңғар батырынан кегін қайтарған. Осыдан кейін Зайсандағы Керей ішіне барып, апайы мен жездесі Бердәулеттің қолында ержетеді. Өзіне шапқан қабандарды жайратып, «Қабан батыр» атанатыны осы кез. Содан бастап қашан көзі жұмылғанша қылышын қынабына салмаған.

Дөңгелек үстел барысында оқушылар қазақ ақындарының батырға арнаған өлеңдерін оқып, «Білім сандығына» жасырылған сұрақтарға жауап берді. «Ерлер есімі – ел тарихы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге Қабдеш Жұмаділовтің «Дарабоз» шығармасы, «Қазақтың алпыс батыры», «Қазақстан тарихы» тағы басқа да кітаптар қойылды. Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мирагүл Мирғалиқызы кітапхана ұжымына осындай тағылымды іс-шара ұйымдастырғаны үшін алғыс айтып, алдағы уақытта да бірлескен жұмыстар жалғасатынына сенім білдірді.

 

Лаура ЕРІКҚЫЗЫ,

Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер

кітапханасының кітапханашысы

 

АҚТӨБЕ