VII Астана экономикалық форумы аясында «Мемлекеттік қызмет персоналын басқару: ахуалы мен болашағы» атты жаһандық конференция өтті. Оны Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен БҰҰ Даму бағдарламасы, Еуропа одағы «Қазақстан үкіметі мемлекеттік қызметі реформасы және модернизациясы» жобасы ұйымдастырды. Жиынға келген халықаралық сарапшылар қазақстандық мемлекеттік қызмет моделін жоғары бағалады.
Аурелия БУШЕЗ,
Еуропа одағының Қазақстандағы өкілдік басшысы:
– Қазақстанда мемлекеттік қызметтің жаңа моделі қолданылуда. Бұл негізгі үш қағидатқа сүйенеді: қоғам алдында есеп беру, ашықтық және меритократия. Осы бағытта Қазақстанда күрделі жұмыстар атқарылып, жетістіктерге қол жеткізілді. Мәселен, мемлекеттік қызмет бойынша аймақтық хабтың құрылғанын атап өтуге болады. Қазақстанның аймақтағы басқа мемлекеттерге көрсетіп отырған үлгісі құнды. Бұл өзге елдердің мемлекеттік қызмет саласын жаңғыртуға серпін береді. Әрине, Еуропа одағы Қазақстанның мемлекеттік қызмет саласын модернизациялау бойынша жетістіктерін толық мойындай отырып, әрі қарай оған қолдау білдіреді.
Честер НЬЮЛАНД,
АҚШ Мемлекеттік қызмет персоналды басқару офисі жанындағы басқарушылардың біліктілігін арттыру федералды институтының бұрынғы директоры, Оңтүстік Калифорния университетінің профессоры:
– Қазіргі таңда Қазақстанның мемлекеттік қызмет жүйесі әлемдегі, оның ішінде АҚШ-ты қоса алғанда, ең озық үлгілердің бірі. Саяси лауазымдағылар саны қысқартылып, әкімшілік мемлекеттік қызметкерлер саны арттырылып отыр. 70-ші жылдары АҚШ саяси қызметшілер санын көбейту жолын ұстанған болатын. Ал бұл мәселеде америкалық үкімет белгілі бір деңгейде олқылық жіберді. Бізге, керісінше, сіздердің мемлекеттік қызмет жүйесіндегідей бағытта жұмыс жасау керек еді.
Манвел БАДАЛЯН,
Армения Республикасы Азаматтық қызмет кеңесі төрағасы:
– Арменияның мемлекеттік қызмет саласы Қазақстанның тәжірибесі мен көмегінің арқасында жетіле түспек. Әлі біз қол жеткізе қоймаған мәселелер қызықтырып отыр. Мысалы, Қазақстан мемлекеттік қызметкерлерді саралап, «А» корпусы сияқты мемлекеттік қызмет деңгейлерін анықтады. Біз мемлекеттік қызмет саласын жетілдіру үшін көптеген елдердің тәжірибесімен таныстық. Соның ішінде Қазақстанның үлгісі бізге өте жақын көрінді. Сондықтан, жаңадан «велосипед» ойлап таппай-ақ, қазақ үлгісін алуды жөн көрдік.
Стефан ХЛАВАЧЕК,
Австрияның Сауда палатасы экономикалық даму институтының экс-директоры, басқару және ұйымдастыруды дамыту мәселелері бойынша бас сарапшы:
– Әсіресе, мемлекеттік қызмет бойынша Астана аймақтық хаб туралы идея өте жақсы! Өйткені, мемлекеттік қызметті реформалау барысында ақпарат тарату, тәжірибе бөлісу өте маңызды. Мемлекеттік қызметкерлер арасында көбірек ақпарат алмасып, үнемі біліктіліктерін арттырып отыру қажет. Ал сол білімдерді, ақпараттарды бір жерден тарататын орталықтың болуы өте қызықты!
Жазып алған
Сәулебек БІРЖАН.