Қара шаңырақ ұлттық оркестрдің маусымашар концертінде өнер ұжымымен бірге «Аванти» тенорлар триосы, Әсел Рақымжан, Аружан Төлепберген, Әзиза Әбдірейім, Мадина Ерланова сынды жеке орындаушылар ән айтып, жаңалыққа толы жаңа маусымның алғашқы кешін бастады.
Айта кетейік, Қазақстанның аспаптық музыкалық өнер тарихындағы тұңғыш оркестрдің жаңа маусымдағы жаңалығы көп. Соның ішінде ауқымды жоспарларға тоқталсақ, Қали Жантілеуовтің 120 жылдығы, Құрманғазы оркестрін әлемге әйгілі еткен кәсіби дирижер Шамғон Қажығалиевтің 95 жылдық мерейтойы, Республикалық «Шертпе күй» фестивалінің ұйымдастырылуы болмақ.
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің директоры Медет Қуанышев кезекті маусымның шығармашылық тынысына тоқталды. «Ұлттық оркестр болғандықтан әр жыл сайын жаңа маусымды ерекше дайындықпен бастаймыз. Маусымашар концерт біз үшін үлкен мереке десек те болады. Жаңа жоспарлар, жаңа леп, жаңа толқынмен оркестрді тағы бір биікке көтеру үшін қадам басамыз. Сондай-ақ маусымның ашылуына Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов бастаған бір топ өнер қайраткерлері келді. Маусымашар концертімізге келіп, қолдау көрсеткен барша қонақтарымызға ерекше алғысымды білдіремін. Айта кететіні, біз өз көрермендеріміз бен өнерсүйер қауымды қуанту үшін жаңа шығармаларды дүниеге әкелуден талмаймыз», деді.
Ал аталған өнер ұжымының бас дирижері Абылай Тілепберген алдағы фестивальдің республикалық маңызын атап өтті. «Жаңа маусым ірі жаңалықтарға толы болады деп үлкен сенімділікпен айта аламын. Жаңа маусымның басты оқиғалары – Құрманғазы оркестріне елеулі еңбегі сіңген тұлғалардың мерейтойларымен қатар «Шертпе күй» республикалық фестивалі болады. Фестиваль-конкурс арқылы қазақ жерінің түкпір-түкпіріндегі үлкенді-кішілі елді-мекендердегі шын таланттарды бәйгеге қосып, үздігін анықтаймыз деген ойдамын. Маусымның ашылуы тек оркестрдің ғана емес, оркестр көрермендерінің де үлкен қуанышы деп білемін», деді бас дирижер.