Үкімет • 18 Қазан, 2022

Өңірлердегі электр желілерінің 65%-ы тозған

189 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Үкімет отырысында Премьер-Министр ел экономикасының орнықты дамуы энергетика саласының тұрақты жұмысына тікелей байланысты екенін атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz primeminister.kz-ке сілтеме жасап.

Өңірлердегі электр желілерінің 65%-ы тозған

Қазіргі уақытта Қазақстанда электр энергетикасы үшін күрделі жағдай қалыптасып отыр.

«Экономикаға қосымша энергия көздері қажет. Сондай-ақ бұл саланың климатқа теріс әсерін азайту да оңай болып тұрған жоқ. Бұл – жаһандық дилемма, оның екі жаққа да тиімді балансын табу керек», деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, бүгінде өндірілетін энергияның 80%-дан астамы көмір мен мұнай секілді қазба отындарынан алынып отыр. 

«Алдағы уақытта бұл салада айтарлықтай өзгеріс бола қоймауы да мүмкін. Дегенмен, көмірқышқыл газын ауаға жібермей ұстап қалу және оны кәдеге жарату, атмосфераға шығатын зиянды қалдықтарды азайту үшін жаңа технологияларды қолдануға басымдық берілуде. Біз экологиялық балансты сақтауға, жасыл желекті, орман алқаптарын көбейтуге барынша көңіл бөлеміз», деді Премьер-Министр.

Сондай-ақ ол энергетикалық инфрақұрылымды дамыту мәселесін де шешу қажет екенін атап өтті. Мысалы, өңірлерде электр желілерінің тозуы шамамен 65%-ды құрайды. Жылу электр орталықтарындағы жабдықтардың тозу деңгейі де осындай. Кейбір қалаларда бұл көрсеткіш тіпті 80%-ды құрайды.

Премьер-Министрдің пікірінше, электр станциялары мен қазандықтардың жабдықтарын жаңартып, желілерді реконструкциялау қажет. Сонымен қатар экономиканың тұрақты өсуін қамтамасыз ету үшін 2035 жылға қарай 10 ГВт-тан астам жаңа энергия қуаты қажет болады.

«Алдымызда күрделі міндеттер тұр. Ол үшін бізде жеткілікті ресурстар бар. Атап айтқанда, жаңартылатын энергетиканы дамытуға жарайтын қажетті жер аумағы, қазба байлығының мол қоры, атом энергетикасын дамыту жөніндегі жоспарымыз бар», деді Әлихан Смайылов.

Қорытындылай келе, Премьер-Министр көрші елдердің энергия жүйесі арқылы энергияны тұрақты түрде жеткізуді қамтамасыз етуді, ең көп салмақ түсетін маусымдық кезеңдерде қажетті маневрлік қуаттарды ұлғайту шараларын қабылдауды, сондай-ақ қазан айының соңына дейін Үкіметтің қарауына «инвестиция орнына тариф» саясатын іске асырудың нақты механизмін ұсынуды тапсырды. 

Сонымен қатар Энергетика министрлігіне көмір жағатын электр станцияларынан зиянды заттарды азайту және оларды кәдеге жарату технологияларын әзірлеп, қолданысқа енгізу тапсырылды.