Аймақтар • 18 Қазан, 2022

Талайғы Таразбен танысты

140 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдасты­руымен қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасының басым­дықтарын жүзеге асыру мақсатында өңіріміздің бір топ жастары еліміздің ежелгі қалаларының бірі санатындағы – Тараздың тарихи нысандарымен танысып қайтты.

Талайғы Таразбен танысты

Жас көкіректегі рухани бай­лықтың еселенгені, көк­жие­гінің кеңігені қандай тамаша. Білмекке құмар топ­тың құрамында жастар ұйым­да­рының көшбасшылары, бел­сенділер мен еріктілер, жастармен жұмыс істейтін әрқилы мекемелердің қызметкерлері болды. Олар екі мың жылдық тарихы бар көне Тараз қала­сының уақыт шымылдығы кө­легейлеген қисапсыз мәдени ескерткіштерімен танысып, есте жоқ ескі кезеңнің сан-са­лалы сорабын аралап, зама­наның жарқын бейнесін кө­ңілдеріне тоқып оралды. Қа­зір ерекше естерінде қалған Айша бибі кесенесі туралы ауыздарының суы құрып әң­гімелеп жүр. Айша бибі ке­сенесі – Орта Азия аумағында ғана емес, ЮНЕСКО-ның адам­заттың аса құнды және сәулет ескерткішінің тізіміне енген жал­ғыз ескерткіш.

Жоба барысында Ақмола облысының делегациялары «Ақыртас», «Тектұрмас» этно-тарихи кешендері мен «Шахрис­тан» тарихи-мәдени кешенінде, Әулие ата мешіті мен Қарахан кесенесінде болыпты. Ғашықтар аллеясын аралап, Жеңіс саябағын­да ты­ныстаған. Қазақ ханды­ғы­ның 550 жылдығы құрметіне ор­на­тылған монумент түбінде ойға шомып, ел ертеңін түй­сінген. Жалғыз өткеннің өнеге­сін ғана емес, болашақтың бағ­дарын да бағамдаған. Қалай болған күнде де игі сапардан тарихи танымдарын кеңейтіп, көкіректерінде туған жерге деген сүйіспеншілікті молайтып оралғандары анық. Бұл бір рухани әлемімізді нұр­ландырған, жан-дүние­мізді еліміздің өткен тарихымен кемелдендірген сәт­ті сапар бол­ды деседі олар.

 

Ақмола облысы