Мекеме қызметкерлерінің айтуына қарағанда аталған музей: Табиғат, Тарих, Этнография бөлімі, Қуғын-сүргін, Қазіргі заман бөлімі қатарлы бес құрылымға жіктелген екен. Ал қордағы жәдігерлер саны 5 400 артефактіні құраса, бұлардың 60 пайызы экспозиция төрінде тұр.
Осындағы көрме сөресінен орын алған экспонаттың бірі – құмай құстың тұлыбы. Көлемі тым алып. Бүркіт оның қасында қарғадай-ақ көрінеді екен. Жайылған қос қанатының ұзындығы – 3,2 метр. Денесінің етін кептіріп тастағандықтан тұлып күйіндегі салмағы 5 килодан аспайтын сияқты. Ал википедиялық анықтамалықта үлкен құмайдың салмағы – 7,5-8 кило болады деп жазыпты.
Бұл құсты орнитолог-ғалымдар қаршыға тұқымдастар тобына жатқызады. Таулы жерде өмір сүреді. Әсіресе, қазіргі Бай-Өлке аймағы орналасқан Алтай тауының қолат-қойнауында баршылық. Бұл құсты моңғолдар «Ёл» дейді. Соған байланысты Алтайдың теріскейі Қобда бетінде «Ёлты» (қазақша – Жолты) атаулы құздар көп.
Ал мына музейдегі құмай құс жайлы жазылған ғылыми анықтамалықта: «1960 жылы Делун сұмынның бір азаматы атақты Лақшын кезеңінің арғы бетіндегі Ёлты тауынан ұстап әкеліп тапсырған», деген жалғыз жол жазу ғана бар. Реттік саны – 60.434.
Кейін бұл жәдігерді кім тұлыптағаны беймәлім. Бірақ жақсы сақталған. Керілген қос қанаты кереге тәрізді жайылған. Кіреуке жүндері сол қалпы бүтін тұр. Ірге қанаты, ара қанаты және шалғысы сап-сау. Керме иығы мен топшысы сәл қисайғаны байқалады. Қасқа құйрығы, балақ жүні, тұяғы бүтін. Жақсылап қараған адам тұяқ үстіндегі бұжыр тастарын санай алатындай. Тегеурін, жембасар, сығым, шеңгел салалары көп жыл тұрып қалғандықтан, ептеп солғаны болмаса, қара тұяғы сол қалпы.
Кітапта бұл құс 40 жыл өмір сүреді деп жазылған. Әлемде бұл сияқты биікке ұшатын құс жоқ. Мысалы, бүркіт 4,5 мың метрге дейін биікте самғай алса, құмай 7 500 метр биікке алқынбай көтеріледі. Ұясын 1 700 метрден аласа тауға салмайды және жыл сайын ауыстырып тұрады. Шыңжан қазақтарының үлкен ақыны Ақыт Үлімжіұлы (1868-1940) өзінің «Құмай деген бір құс бар» атты толғауында:
«Құмай деген бір құс бар,
Көк бетінде мекені,
Мағұлым емес адамға,
Дәл қай жерде екені,
Жылда бір жерге жақындап,
Сая салып кетеді,
Саясы түскен адамзат,
Шын дәулетке жетеді», –
деп жырлаған екен. Осындағы мәтінде айтылғандай, бұл құстың ұя салар орны мен мекені мағлұм емес және бұл құстың ұясын көрген адам бақытқа жетеді-мыс.
Құмай құс туралы ел арасында аңыз-әңгіме жетерлік. Мысалы, қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданындағы Сауыр-Сайқан тауларын қақ жарып ағып жатқан Үйдене өзенінің бойында биік құз жартас бар. Осында алып ұя орналасқан. Ел оны «Құмай ұясы» деп атайды. Жергілікті жұрт «Ұясы осындай үлкен болғанда, құмайдың өзі қандай екен?», деп жұрт таңғалады.
Ел арасында осы ұя туралы мынадай аңыз бар. Ерте заманда Малай деген қойшы болыпты. Бір күні оны қой жайып жүрген жерінен құмай көтеріп әкетіп, биік кұз жартастың ішіндегі балапанының қасына әкеліп тастапты. Малай болса балапанмен бірге құс әкеліп берген аң-құстың етін жеп, күн көреді. Шыңыраудан қалай шығудың амалын ойластыра бастайды. Аң мен малдың тарамысын есіп арқан жасайды. Күз келіп, балапан өсіп жетіледі. Малай балапанның екі аяғына тарамыс арқанды тұсаулап байлайды да, өзі оған асылып жатады. Бір күні енесі есейген балапанын баулып жоғары көтеріледі. Арқанға белінен асылып жатқан Малай да бірге ұшады. Екі құмай қатар ұшып, таудың басына қонады. Малай құстың аяғындағы арқанды шешіп сол жерде қала береді. Құмайлар ұшып кетеді. Осылай бір жаз жоғалып кеткен Малай еліне оралады. Оны көрген жұрт тапқырлығына риза болады. «Малай, тасқа түсуің қалай?», деген мәтел осыдан қалған екен.
Бұл аңыздың өзегінде шындық бар. Өйткені алып құмай ірі қара малдың бүтін жемтігін көтеріп ұша алады. Ұсақ малды сүйегімен қосып жұтып жібереді. Бұл хайуан-құс көбінде сүйек жұтып коректенеді. Ірі қараның үлкен жілігін көтеріп ұшып, 100-150 метр биіктен жердегі тасқа тастап шағып жұтады. Бұл әдіске бала құмай жеті жыл бойы үзбей жаттығады екен.