Астанада «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің Ливанның «Әл-Мустакбаль» («Болашақтың қозғалысы») партиясы парламенттік тобының жетекшісі, Ливанның бұрынғы премьер-министрі Фуад Синиорамен кездесуі өтті.
Ф.Синиора бастаған Ливан делегациясы елімізге осы күндері Қазақстанның елордасында өтіп жатқан VII Астана экономикалық форумына қатысу сапарымен келіп отыр.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан-Ливан қарым-қатынастарының даму динамикасын сөз етіп, партияаралық үнқатысуды жолға қою қажеттілігін атап өтті.
«Біз үшін центристік идеяға жақын либералдық құндылықтарды ұстанатын «Әл-Мустакбаль» партиясымен байланыстар орнату өте маңызды. Біздің партия өткен жылғы жүргізілген ребрендингтен кейін центристік партияға айналды. Күні кеше ғана «Христиан-демократиялық одағы» өкілдерімен, Конрад Аденауэр атындағы қордың өкілдерімен кездестік. Біз Еуропа халықтық партиясымен, ҚКП, «Сэннури», «Единая Россия» және өзге де партиялармен тығыз жұмыс жасаудамыз. Ең басты міндетіміз – қоғамның сенімін қалыптастыру, ол біздің билеуші партия ретіндегі жауапкершілігіміз болып табылады», – деп атап өтті кездесуде Бауыржан Байбек.
Өз кезегінде Ливаннан келген қонақтар партияның XV съезінде қабылданған «Нұр Отан» Доктринасының тарихи маңыздылығын атап өтті.
«Сіздердің елдеріңізде Президенттеріңіздің саясаты арқасында бейбітшілік, тыныштық пен келісім орнаған. Ливан мен Қазақстанның көзқарасы ұқсас. Біздердің тәуелсіздік, отбасы, салт-дәстүр, елдің еркіндігі мен бірлігін сақтау секілді ұқсас құндылықтарымыз көп. Бұған дейін экономикалық және саяси ынтымақтастықты орнаттық, енді өзге салаларда өзара қарым-қатынасты дамытуымыз керек», – деді кездесу барысында Фуад Синиора.
Қазақстан мен Ливан халықаралық өмірде көптеген маңызды проблема бойынша ұқсас ұстанымдарды ұстанып, БҰҰ, ИЫҰ және өзге де халықаралық және аймақтық ұйымдар шеңберінде өзара қарым-қатынас жасайды. 2012 жылы Ливан еліміздің БҰҰ Адам құқығы жөніндегі кеңесіне мүше болу кандидатурасын, ЕХРО-2017-нің Астанада өткізілуін, ИЫҰ жанындағы азық-түлік қорын құруды қолдаған болатын.
Сонымен қатар, кеше Бауыржан Байбек Еуропа Халықтық партиясының вице-президенті, Еуропа Парламентінің депутаты Марио Дэвидпен кездесті. Кездесу барысында центристік идеологияны ұстанатын еуропалық партиялармен ынтымақтастықты, сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясының консервативтік, либерал-консервативтік идеологияны ұстанатын оңшыл саяси партиялар бірлестігі –Халықаралық демократиялық одақпен ынтымақтастықты тереңдету мәселелері талқыланды.