
Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Әлемдегі ғылыми-техникалық прогрестің даму барысында қоршаған орта мен қоғам арасындағы қарым-қатынастың қарама-қайшылықтары айқын байқалады. Қазіргі уақыт адам баласының қоршаған ортасына бұрын-соңды болмаған іс-әрекеттермен ықпал ету ерекшелігімен сипатталып отыр. Соның салдарынан адамзат табиғатты өзгертудің келеңсіз нәтижелерін бастан өткеріп жатыр. Табиғатта болып жатқан өзгерістердің көбі адам қолымен жасалады. Мұның табиғатқа зиян келтіретін келеңсіз жақтары көп. Осындай жайттардан табиғаттың өзара тепе-теңдік қарым-қатынасының бұзылуы ірі экологиялық апаттарға әкеледі. Экологиялық апаттар ғаламдық жағдайды күрделендіріп, уақыт озған сайын өткір сипат алып, айналадағы ортаны қорғау мәселесі алға шығып отыр. Белгілі ғалым В.Вернадский болашақта Жер табиғатындағы антропогендік – адамның қарекетінен болатын өзгерістер планеталық сипат алады деп болжаған болатын. Бүгінгі таңда бұл болжам нақты шындыққа айналып отыр.
Күн өткен сайын дүние жүзінде қоршаған ортаны бүлдіру арқылы қоғам өз келешегін жоятынын мойындау түсінігі қалыптасып келеді. Адамдар өзінің техникалық жабдықталу жетістіктерімен орасан күшке ие болды. Ал шексіз кеңістік болып есептеліп келген Жер шары шектеулі, оның ареалы тез тарылып қана қоймай, бірнеше сағатта жоқ болатын осал шарға айналған дәуірде өмір сүріп жатқанымыз көзі ашық, көкірегі ояу жандардың бәріне мәлім.
Табиғат пен адамды бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Табиғаттың адам тіршілігіне әсері көп. Бұл тұста «Жаңаның бәрі жақсылық емес», деген сөздің растығына көз жеткіземіз.
Адамзатта экологиялық мәдениет болуға тиіс, сонымен қатар жаңа технологиялық мәдениетті қалыптастыру міндеті де тұр. Бұл арада қалдықсыз технологиялар басымдыққа айналуы шарт. Соның көмегімен өндіріс пен табиғат арасындағы қайшылықтарды бәсеңдетуге, кейінірек жоюға, экономикалық өсудің экологиялық шектеулерін алып тастауға, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға болады.
Экологиялық проблемалар әр адамның мүддесіне тікелей қатысты. Еліміздің жеткілікті дамыған өндірістік-экономикалық әлеуеті, аса бай минералды-шикізат қоры бар. Соған қарамастан қазір экологиялық проблемалар өзекті күйінде қалып отыр. Атап айтқанда, жердің азуы және ландшафтардың азаюы (еліміздің территориясының 60% шөлейт далаға айналған); су ресурстарының тапшылығы (Қазақстан сумен қамтамасыз етуден ТМД елдері арасында соңғы орында); Арал, Балқаш және Семей ядролық және әскери полигондары, Каспий маңы аймағының проблемалары; елді мекендердегі ауаның, жер қыртысы мен судың жоғары дәрежеде ластануы. Осы және табиғи қорлардың бірте-бірте азаюы, тағы басқа жағдайлар экономиканы дамыту және әлеуметтік мәселелерді шешуге айтарлықтай кедергі жасайды.
Әлеуметтік-экономикалық ілім барлық құбылыс пен процесс бір-бірімен тығыз байланыста екенін дәлелдейді. Сондықтан қоршаған ортаның тепе-теңдігі заңдылықтарымен санасуға тура келеді. Әйтпесе, адамның есепсіз әр қимылы экологияның азып-тозуына, оның зардаптары орны толмас қыруар шығындарға ұшыратып, мемлекетіміздің экономикалық өсуіне кері әсерін тигізеді.
Ерте заманнан-ақ адамдар табиғат ресурстарын өз керегіне жаратып келеді. Бірақ ол кезде табиғат байлықтары мол, ал оны жұмсау аз болғандықтан адамдар оның орнын толтыру, қалпына келтіру сияқты мәселелерге көп көңіл бөлмейтін-ді. Кесілген ағаш орнына бірнеше жылдан сон басқа ағаш өсіп, ауланған балық орнын уылдырықтан өскен басқа балықтар толтырып, лайланған сулар өзен, көл, теңіз суларымен араласып тазарып жататын. Адамнан келген залалды табиғат өз күшімен жойып, біртіндеп қалпына келетін. Алайда ғылым мен техниканың соңғы жетістіктерімен қаруланған адамдардың іс-әрекеті миллиондаған жылдар бойы қалыптасқан осы теңдікті бұзып, қоршаған ортаны күл-қоқысқа толтырып, енді адамның өз өміріне қауіп төндіре бастады. Табиғи ортаны бұзу мен бүлдірудің мөлшері өте үлкен болғандықтан жасалған зиянды табиғат өз күшімен жоя алмайтын, өздігінен бұрынғы қалпына келе алмайтын күйге түсті. Өйткені табиғат ресурстарын пайдаланғанда адам алдына белгілі бір мақсат қояды, соған тезірек жету жолын ойлайды. Бірақ осы орындалған мақсат коғамға, табиғатқа қандай, ойға келмеген залал әкелетінін ескермейді.
Қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау мен оның байлықтарын сақтау, шаруашылық және басқа да қызметтерді тыятын іс-әрекеттермен алдын алу, қоршаған ортаның сапасын жақсарту және сауықтыру әрбір адамның өміріндегі нормаға айналуы тиіс. Өйткені адам – тіршіліктің ең жоғарғы тетігі, оның табиғатқа тиісті дәрежеде табиғи процестерді үйлестіру, қоршаған ортаның жағдайына ықпал ету мүмкіндіктері бар. Сондықтан да дүниені бағындыратын күшке ие адам ғана бұл мәселенің жалпы үйлестіру функциясын өз мойнына алуға тиіс.
Қоршаған ортаға келтірілген зиян негізінен экология және экономикалық жағдайға әсер етеді. Экологиялық зиян экономикалық шығынға әкеп соқтырады, ал экономикалық зиян табиғатта жағымсыз өзгерістерді тудырады. Экономикалық зиян өтемақымен өтеледі, ал экологиялық зиянды барлық уақытта қалпына келтіру мүмкін емес және оның құнын ақшамен бағалауға келе бермейді. Өйткені оның зардабын жою өте ұзаққа созылады. Бір сөзбен айтқанда, экологиялық проблемаларды шешу мемлекет экономикасына орасан зор шығын әкелетіні сөзсіз. Сондықтан әр жастағы адам баласы, кез келген кәсіп иесі экология негіздерін жақсы білуі қажет. Сонда ғана әрбір адамның санасында, көзқарасында қоршаған ортаны бүлдірмеу туралы негіз қалыптасады. Осы негіз қалыптасқанда адамзат туған өңірінің табиғатын қорғауға белсенділік көрсетеді. Әлемнің әдемі болуы қолымызда екенін әрқашан жадымызда ұстайық, бұл қоршаған ортаны қорғауға қосқан үлесіміз болмақ.
Жаңылқан ӘЛЕМСЕЙІТОВА,
«Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ғылым, ақпарат және экологиялық мониторинг бөлімінің басшысы
Абай облысы,
Үржар ауданы