Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
«Нақа, алматылық боламыз!»
Шын мәнінде, жай адамның анасы болу бір бөлек те, талантты тұлғалардың, оның ішінде әдебиетшілердің анасы болу басқа тағдыр сияқты. Бұны біз «Өлеңім өлтірмейді» деп сенген Мұқағали Мақатаевтың анасы Нағима апаның естелігінен оқып өстік. Ана, ол – қашанда ана. Баласын оттан да, оқтан да қорғауға дайын. Әрине, мейірімнің, жауапкершіліктің, үміттің отымен қорғайды.
Әдебиет әлемін мойындатқан тұлғалардың аналары туралы аңыздар өте көп. Тіпті сол әңгімелерде өмір шындығы қаз-қалпында берілетінін қайтерсіз. «Нақа, бұйырса алматылық боласың, көшеміз» деген Мұқағалидың жалғыз ауыз сөзінде оның анасына, Алматысына, тіпті жалғыз отанына деген жүрекжарды жыры мен өзіне ғана тиесілі мұңы жатқанын біз кеш түсінген шығармыз. Сосын да ол «Шеше, сен жыламағын» деп өміршең өлең жазды. Кейде алып Хантәңірі біздің көзімізге Мұқағалидай талантты алдына алып мәңгі тербетіп тұрған Нағима апа болып елестейді, ақ қарды оның ақ шылауышы, төменге қарай құлай аққан бұлақтарды апамыздың кейде көз шарасынан төккен жасы дерсіз. Осыдан үш ғасыр бұрын жасаған Бальзак бір сөзінде «Ана көрегендігінің теңдесі жоқ. Ана мен баланың арасын көзге көрінбейтін бір тылсым сырлы жіп жалғап тұрады» деп жазып еді, сол тылсым жіптің Нағима апамыз бен Мұқағали ақынның арасын мәңгілікке жалғағанын есті оқырман жақсы біледі. Ол жіптің аты – өлең.
«Физика саласы бойынша Нобель алам деп ең?»
Жапонның әйгілі жазушысы, Нобель сыйлығының иегері Кендзабуро Ое өзінің басынан өткен анасы туралы мынадай бір қызық оқиғаны баян етеді: «Бала кезімде менің кейбір қылықтарыма ренжіген шешеме «Осыдан көресіз, болашақта физика саласы бойынша Нобель аламын» деп уәде бергенмін. Араға 50 жыл салып әдебиет саласы бойынша Нобельді алған кезде шешеме барып: «Міне, Нобель сыйлығын алдым» дегенімде, ол ренішін білдіріп: «Сен маған Нобельді физика саласы бойынша алам деп уәде бергенсің», деді. Өмірге деген қайсарлық, өз ұрпағының да сондай деңгейде болуын көздеген аналардың көкірегі небір кереметке толы екенін осындай оқиғалар дәлелдейді.
Мо Янның момын анасы
Нобель сыйлығының иегері Мо Ян аталған алпауыт сыйлықты алғанда, үлкен мінберде тұрып анасын былай деп есіне алады: «Менің бүгін осы үлкен мінберде тұрып, сіздерге лекция оқуыма анамның да үлесі зор. Бір күні үйіміздегі жалғыз термосты алып, әлеуметтік асханадан қайнаған су әкелуге бара жаттым. Аштық пен әлсіздіктің салдарынан қолымдағы термосты сындырып алдым, қорыққаным сонша, жақын жердегі пішеннің арасына барып жасырындым, тіпті сол жерде күні бойы қозғалмай отырдым. Қараңғы үйірілгенде анамның атымды атап шақырғанын естідім, неде болса таяқ жейтін болдым ғой деген оймен оның қасына бардым, бірақ ол ұрған да, ұрысқан да жоқ, керісінше, басымнан сипап, ауыр күрсінді. Анам хат танымайтын, бірақ хат танитындарға құрметі мүлде бөлек еді. Отбасымыз қиыншылық қыспағында өмір сүрді, кейде ішерге тамақ тапсақ, кейде күні бойы аш жүретінбіз. Мен оқитын кітаптар мен оқу материалдарын алғым келетінін айтқанымда, анам менің қалауымды орындайтын». Осы бір естеліктен мейірлі ананың баласының болашағына деген шексіз үмітін, риясыз сенімін сезінеміз. Тіпті сол үмітте бір ұлттың әдебиетіне деген үлес жатқаны да шындық еді.
«Өліп-тірілген» Исабеков
Ал жазушы Дулат Исабековті бала кезінде өліп қалды деп көміп тастай жаздаған оқиғаны ағамыз маған өз аузымен айтып берген болатын: «Иә, ол рас. Кішкентай кезімде қатты науқастансам керек, анам мені өлді деп киізге орап дәлізге шығарып тастаған екен. Ертесі бірнеше жігіт күрек-кетпенін алып, маған қабір қазуға кеткен ғой. Бір уақытта апам көрші кемпірге: «Ана баланы жолға шығарыңдар», депті. Сонда ол кісі бетімді ашып қараса, «өліп қалған» мен көрші кемпірдің бетіне қарап күліппін. Қатты қорыққан әлгі кісі мені жерге тастай салып, «Ойбай, Күміскүл-ау, балаң тірі ғой», деген соң, апам қатты жылапты. Ал маған қабір қазып жатқандарға біреуі барып, «бала тіріліп кетті», дегенде олар не істерін білмей дал болыпты. Бұл оқиғаны маған ешкім айтпаған еді. 6 жасымда бірінші класқа барғанымда, сабақтан 5 алыппын. Апам қуанып, жұртқа шай берген еді. Сол кезде әлгі көрші апамыз маған қарап «сенің бес алуың менің арқамда, егер сенің бетіңді ашып қарамағанымда, мыналар сені көміп тастайтын еді» дегенде барып, бұл оқиға туралы алғаш естіп, жай-жапсарын түсіндім. Тағы бірде менімен бірге оқыған ағам екеуміз кітапқа ма, бірдеңеге таласып қалып, жұлқыластық, мен оны «қалқанқұлақ» деп мазақтадым, «Тіліңді тарт», – дейді, тартпаймын. Сонда «сол кезде сені көміп тастау керек еді», деп айтқан еді қатты ашуланып. Әне сол сәтте «өліп-тірілгенім» туралы екінші рет естідім». Солай да солай бала кезінде «өліп-тірілген» жазушы бүгінде үлкен жазушы атанып, шығармаларының арысы Ұлыбританияда да кітап болып шығып, Лордтар палатасында өз өмірі мен шығармашылығы туралы, Батыс пен Шығыстың айырмашылығы жөнінде, біздің әдебиетіміз хақында пікір білдіріп, сөз сөйледі. Қарасаң, өмірдің қызығы көп-ақ. Ал сол өмір ана мен бала арасындағы қызықтары кейде аңыз деңгейіне көтеріп, биіктетіп жібереді. Осындайда «болашақты тек аналар ғана болжай алады, өйткені олар оны балалары арқылы дүниеге әкеледі» деген Максим Горькийдің нақылы еске түседі.
Аналардың кең жүрегінен жаралған талантты ұлдар өз саласы бойынша әлемді мойындатты, өзгеше жетістіктерімен биік мінбелерден көрінді. Ал сол жетістіктердің бәрі аналардың үмітінің бір ұшқыны болса керек.