Әдебиет • 19 Қазан, 2022

Құлагер

699 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жыр Құлагері дегенде есіңе еріксіз Ілияс Жансүгіров түседі. Ақынның өлең өлкесіндегі шабысы да, өмір жолы – тағдырының күрт үзілуі де Ақан серінің арғымағы Құлагерден аумайды. Құлагер ғұмыр ақынның Батырашы қызыл империяның ұрда-жық, солақай саясаты болды.

Құлагер

Қазақ әдебиетінің ұлы керуенінің алдыңғы сапынан көрінетін ақын өзінің қысқа өмірінде ұлтына мол мұра қалдырып кетті. Қазақтың рухани қазынасына кең тынысты өлеңдерін, поэмаларын, аудармаларын, драмалық туындыларын қосып, өзі де жарық жұлдызға айналды.

Ілияс Жансүгіров өмір мектебінің, халық ауыз әдебиетінің талантты шәкірті бола білді. Ал осынау ірі де мән-маңызы жоғары мектептердің лайықты шәкірті болған адам өз халқының болашағы үшін алаңдайтын, ұлтының жоғын жоқтайтын тұлға болмауы мүмкін бе? Әрине, мүмкін емес.

Ұлы даланы берекелі мекенге айналдырып, жаһанды тұлпарының тұяғымен дүбірлеткен бабаларымыздың биік рухымен сусындап, өзі де өлең өлкесінде қиқу салған, олжа түсірген, жыр айдынында жасындай жарқылдаған Ілияс Жансүгіровтің Абай шығармашылығына ат шалдырып, қуат алып, ұлы ақынның туындыларына арқа сүйегендей.

Абай:

«Ұйықтап жатқан жүректі

ән оятар,

Үннің тәтті оралған мәні оятар,

Кейі зауық, кейі мұң, дертін қозғап,

Жас балаша көңілді жақсы уатар...»

деп толғанса, Абайдың бір інісі, қазақтың бір ірісі Ілияс:

«Ұйықтап жатқан көңілді

өлең түртер,

Қайғы-зарын, қуанышын

жақсы түптер.

Жүрегімнің айнасын шаң басқанда,

Орамалым – осы өлең, бетін сүртер, – деп жырлайды.

Ақын «Ұйықтап жатқан көңілді өлең түртер», дейді. Иә, ақынды өлең құдіреті қалғытпайды, көз ілдірмейді, келелі ойға, тоқсан бұрым толғанысқа түсіреді. Ал «Жүрегімнің айнасын шаң басқанда, Орамалым – осы өлең, бетін сүртер» деп тағы да өлеңге иек артып, өлеңнен өмір іздейді, жанына жұбаныш табады. Бұл жерде бір қарағанда Ілияс Абайға еліктегендей көрінеді. Иә, Абайға еліктемеген ақын кем де кем. Бірақ шын дүлдүлдер Абайдың ықпа­лында түбегейлі қалып қоймай, өз жолын тауып, өз биігін қалыптастырады, дара шығып, атын оздырады. Сондай дүлдүлдердің бірегейі Ілияс та өзіндік шыңын түзіп, сөз өнерінде қайталанбас тума талантымен шоқтығын талайдан биік еткен тұлға.

«Құлагер!» Бұл – Ақанның Құлагерін қайта тірілткен, мәңгілік өмір сыйлаған, тұлпардың даңқын өшірмей, уақыт көші­нен қалдырмай, бүгінге жеткізген әрі бола­шаққа аманаттаған, қазақ тілінің құді­ретін анық көрсеткен тұнық поэма, тар­лан жыр. Басқасын айтпағанда, ақын­ның Құлагерді сипаттағанын қараңыз.

«Тәует бас, қамыс құлақ, қуарған жақ,

Құлан жал, бұлан мойын,

қой жұтқыншақ,

Қоян жон, жазық жая, жауырынды,

Құс топшы, қос шынтағы

қалқыңқырақ.

Сіңірлі, жер соғарлы, аяғы тік,

Түлкі төс, тазы тізе, ит жіліншік,

Шашақты, шақпақ етті,

аласа ұршық;

Құндыздық қалай біткен

құйрыққа дүп?

Қоқанның жібегіндей жеңіл құйрық,

Не қою, не болмаса емес сұйық!

Бұтының арасынан ел көшкендей,

Жамбастың басы делдек,

қуыс қолтық.

Шүйделі, шоқтығы өргек, шідерлігі,

Серке сан, желмаядай тілерсегі;

Тау желін тартса жұтқан

талыс танау,

Тынысты кеңде жатыр кеңірдегі.

Жүрсе де жаздай құры болмайды тоқ,

Кез жарым кесер баста кесім ет жоқ.

Қақпан бел, қалбаңайлы, үңгір сағақ,

Шапса жел, мінсе жайсаң,

тұрса селсоқ».

Ал, ендеше... Әдебиеттің бір міндеті – тамсандыру, таңғалдыру. Олай болса, «Құлагерге» таңғалмай көр. Бұл поэма арқылы Ілияс өзінің шын жүйрік екенін көрсетті әрі өзі дәріс алған ұлағатты мек­тептің мерейін өсірді. Ілиястың «Құлагері» қазақ ұлты тұрғанда ешқашан мертікпейді, ешкім мертіктіре алмайды да, өйткені оның өзегінде қазақтың жаны, қазатың тулаған қаны, мінезі, болмыс-бітімі, рухы, бәрі бар. «Құлагер» ғасырдан ғасырға секіріп, ұлы көшті жұтатпай ілгері «шаба» береді.

«Тетігі терең, тілі орам, Төгілмеген ой арам» деп, ақынның өзі айтқандай, ол өз халқынан ешқандай сыр бүгіп қалмады, бар арман тілегін жайып салды. Ілиястың «Құлагер», «Дала», «Күй», «Күйші» сынды поэмалары бастаған мұралары өлең өңіріндегі классикалық үлгісі саналады. Осы орайда көрнекті ғалым Өтеген Күмісбаевтың пікірін келтірейік. «Ілияс Жансүгіров – қазақ поэмасының классикалық үлгісін жасап берді, шоқтығына шың жетпес көркем туындылар жасады, поэма жанрын қалыптастыруға елеулі еңбек сіңірді», дейді. Бұл зерттеушінің тұжырымы. Халықтың бағасы да осындай.