Қазақ көркем ойының тұтас тарихы, уақытқа, сұлулыққа, кісілікке, ізгілікке көзқарасы ақындар айтысында толық бейнеленген. Айтыс өнері – қас қағымдағы тапқырлық, ұшқырлық, көрегендік танытатын қас жүйріктердің бәсекесі. Расында, 1980-1990 жылдарда айтыс әлемінің «әй-әйі», тапқыр ой-толғаныстардың майталманы, таңдайынан жарылған ділмәр, ағып тұрған айтымпаз, ұшқыр зейінді жеңімпаз атанған Қазақстанның халық ақыны Қонысбай Әбілдің: «Топ жардым туын жықпай туған елдің» деуінде шындық бар.
Ол шынайы халықтық өнердің сүре айтыс, қыз бен жігіт айтысы, наурыз айтыс, жезде мен балдыз айтысы түрлерін дамытып, байытуға ересен еңбек сіңірді. Айтыскер Қонысбайдың ой дүниесі мен сөз жүйесі әдемі үйлесім тауып, бұған қоса айтыстың философиялық-көркемдік және риторикалық мақсатқа пайдаланатын таңдаулы мақам-сарындарды да табиғилықпен туындатып, толқындатып, жұтынтып жеткізді.
Көкірегіне телегей сыр мен лағыл маржан тұнған айтыстың қаракөгі Қонысбай 1984 жылы ақын-композитор, әнші Кенен Әзірбаевтың 100 жылдығына орай ұйымдастырылған республикалық айтыста 34 саңлақтың ішінен оза шауып екінші орынды, 1990 жылы Ташкент қаласында Орталық Азия мен Қазақстан ақындарының айтысында бас бәйгені қанжығаға байлағаны, 1990 жылы өткен ІІІ республикалық ақындар айтысында озат көрінгені әлі есімізде.
«Жылым – жылқы, өмірім – бәйге менің» деп өзі айтқандай, ұлы дуда, өнер жолында айтыстың көкжалы Көкен, Көпбай, Шынболат, Қатимолла, Ерік, Серік, Амангелді, Әселхан, Әсия, өзбекстандық Мекембай, моңғолиялық Тоқтамұрат тәрізді дүлдүлдермен өнер салыстырды, ой жарыстырды, арыстанша арпалысты. Осынау ақындармен айтысында Қонысбайдың интеллектуалдық дәрежесі, терең дүниетанымы, сөйлеу, айту мәдениеті, композиторлық қабілеті, дәстүрлі орындаушылық мәнері, парасатты тапқырлығы жарқын көрініс тапты.
Қонысбай тұңғыш рет тәуекелшіл ынтамен 1980 жылы Торғай елі –Аманкелді ауданының ақыны Батырболат Ғазизовпен айтысқан екен. Рухани-әлеуметтік құбылысқа айналған айтыстың туын желбіретуге басталған ұлы жорық осылайша жанданыпты.
Бұл – 1985 жыл еді. Айтыс сахнасында тұлғасы таудың шоқысындай, дауысы арыстанның күркіріндей Көкен Шәкеев:
«Қарағым, Қонысбайым, қатарласшы,
Үзеңгілес жүруге жараса атың», – деп қорашсынады, сес көрсетеді. Сонда Қонысбай ізетпен амандасып:
«...Өлеңді мен де жастан құрап едім,
Ақ бата бүгін сізден сұрар едім.
Ақан мен Біржан шыққан Көкшетаудан,
Жеттің бе желдей есіп, Құлагерім!
Көкшенің көркіне кім таласады,
Атағы Алатаудан әрі асады.
Шыңына өрлей өскен қалың ағаш,
Ыбырай үкісіндей жарасады», – деп мөп-мөлдір ойы мен сөзін ағытады да, одан әрі былайша пікірін сабақтайды:
«Көкшені мен жасымнан сүйген едім,
Көңілге қасиетін түйген едім.
Тілімді топ алдында тигізуге,
Ақанның аруағынан именемін.
Сонда да жалғыз ғана айтарым бар,
Демеймін мен көрген соң байқадыңдар.
Кокшетав пен Сандыктав, Айыртавқа,
Өз атын құдай үшін қайтарыңдар.
Аса алмай отырмын мен «әттегеннен»,
Ағармас қара тақта әктегенмен.
«Тау» деген қасиетті сөзімізді,
Не пайда таптыңыздар «тав» дегеннен».
Қонысбайдың отты да уытты пікірі кеңестік дәуірдің өзінде Көкшетау облысының тізгінін ұстаған мемлекет және қоғам қайраткері, білімдар көшбасшы Қасым Тәукеновтің арқасында әуежай мен шаһар «Көкшетау» дейтін байырғы атауына ие болды. Әйтпесе, созбақтаса осы күнге дейін аталып жүрер ме еді. Мінеки, айтыстың – пайдасы, айтыскердің – олжасы!
Баба қыран Көкеннің жас пері Қонысбайға мейірі түсіп, аға мен інінің ара қатынасы ырзалық пен татулыққа айналды.
Етек-жеңі кең пішілген Көкен Шәкеевтің 70 жылдық мерейтойында халық алдында атадан балаға мұра болып келе жатқан күміс белбеуін Қонысбайға сыйлайды. Сонда ол ағасын құшақтап тұрып:
«Көкенім бәйгеде аз шапқан жоқ қой,
Белбеуін басқа ақынға таққан жоқ қой.
Жолымды жалғайды деп сенген шығар,
Ышқыры бос деп беріп жатқан жоқ қой», – деп толқып тұрған ақынның көңілін қанаттандырыпты.
Қонысбай айтыстарының әсерлілігі мен мәнерлілігі, күйлілігі мен қуаттылығы – ел мен жердің тарихын, ұлт қайраткерлерінің елшілдік-мемлекеттік істерін жетік білетіндігі, ойға да, тілге де жатық қып, көрерменнің қабылдауына ұғынықты қып келісті өрнектейтіндігі. Нақтылы айғақ-дәйектер Шынболатпен айтысында жеткілікті. Шынболаттай тегеурінді қарсыласының алдында екпінді, серпінді Қонысбай бәйге атындай тізгінін еркін жіберіп, желдей зулайды. Шынболат:
«Өз обалың өзіңе,
Жұлынып кетсе жұлының», – деп, аспанға қарғығанда, қарсыласы қолданған терме сазына ойысып:
«Өзендерім бастауын,
Ұлытаудан алады.
Жыланшық пен Торғайым,
Жеріңді көктей ағады.
Жезқазғанның аруы,
Шелегін суға салады.
Бозбаласы Торғайдың,
Жетелеп атын барады.
Байқап тұрсаң бөгет жоқ,
Бөліп те жатқан араны.
Бір өзеннен су іштік,
Сөзіміз де бір жерден
Шығып жатса жарады», – деп, асау ақынды ақылға шақырып, орасан суретті, мағыналы түйдекті толғаныстарды бір дәннің қауызына сиғызады.
Ұлт руханияты тарихында 1990 жылы Алматыда Республика сарайында ІІІ республикалық айтыстың шалқыған салтанатты жағдайда өтуі айрықша оқиға еді. Әлеуметтің Біржан мен Сара тірілгендей күйге бөленіп, отты да ойлы жырлардың бесігінде тербеліп толқығаны, құмары қанғаны көз алдымызда.
Осы жолы Қонысбай Әселханмен өнер сынасты. Ол ел өміріндегі, ұлт тарихындағы ең бір көкейкесті мәселелерді жітілікпен пайымдады. Мысалы:
«Қарғалар қыран болмас жиылып құр,
Ақының осы жайға күйініп тұр.
Ермактар қаншама жыл ескерткіш боп,
Қылышын төбемізде үйіріп тұр.
Оралды Ясауиге Тайқазаным,
Елімді жарылқайтын бай қазаным.
«Қазақтың құты қайта оралды» деп,
Дәл бүгін қуанбаған қай қазағың.
Әжелер шашуларын шашып жатыр,
Әселхан ақиқаттан қашып жатыр.
Омбыда хан Кененің мылтығы тұр,
Қор болып, «Эрмитажда» басы жатыр.
Ойнамас аруақпен жақсы халық,
Іс жасап сауабы мол, бақ сыналық.
Алып кеп Кенекемнің алтын басын,
Туған жер топырағына тапсыралық».
Сондай-ақ, халықтың көкейіндегі Абылай хан, қанжығалы қарт Бөгенбай, қаракерей Қабанбай, Мұстафа Шоқайларды мәңгі есте қалдыру жөніндегі ойын жалғастырады.
Наурыз айтыста Қонысбай моңғолиялық Тоқтамұратқа «Сағынған қара орманын қасқырым-ай!» деп үн қатуының өзі қасқалдақтың қанындай қымбат лебіз. Қоғамдағы жариялылықтың арқасында айтыскер қазақ тағдырындағы қиямет-қайымды:
«Қайтейін-ай, қайтейін...
Қайсы бірін айтайын,
Ішімдегі сырымды,
Шығарып сыртқа байқайын.
Бауырын жазған тұлпардай,
Көсіліп біраз қайтайын.
Айып етпе, ағасы,
Ащы боп кетсе айқайым.
Айырылып әдет-ырымнан,
Тағдыры қырын бұрылған.
Еңбегі еш, тұзы сор,
Бейнеті басым бұрыннан.
32-дегі аштықта,
Масадай болып қырылған.
37-дегі нәубетте,
Жау болып тағы ұрылған.
Жақсы менен жайсаңды,
Тізіп те берген мұрыннан,
Жуас елміз-ау, ағасы.
Төңкерісте қуанған,
Қолға қызыл туды алған.
Мезі болған бұл күнде,
Мағынасыз думаннан.
Жазығы жоқ жайлауы,
Соқалармен туралған.
Тулап аққан Аралдан,
Тостағандай су қалған.
Есіне алса Балқашын,
Жанарлары суланған.
Абайды берген ұлы жер,
Атомменен уланған.
Көнбіс елміз ғой, ағасы», – деп ағыл-тегіл тізбелейді.
Тегінде айтысқа өткірлік тән. Заманның, қоғамның шындығын көрбілтелемей айту ләзім. Айтысу дегеніміз, жалпақшешейлік те, бет жыртысу да, тіл бұзарлық та емес. Ана тіліміздің лексикалық, стилистикалық, фонетикалық байлығын, гармониялық заңдылықтарын сақтау, байыту парыз. Бұл ретте Қонысбайдың импровизаторлық тұлғасы, көркемдік ойлау, сөз саптау мәдениеті жоғары. Ақындық, жыршылық, әншілік, күйшілік дәстүрлері бай топырақтан түлеп ұшқандығы бірден байқалады. Бұған айғақ: Ахметқан, Мұхамедия, Жүсіпбек, Сардан, Нағашыбайлар мектебі. Тұлпардай жараған Қонысбайдың Шынболатпен айтысында:
«Тұяғы едім тұлпардың,
Топшысы берік сұңқармын.
Кеудеге жырым кептеліп,
Борасын болып бұрқармын.
Тайсалтып талай ақынды,
Түндігін жел боп жұлқармын.
Торғайдан шыққан бір таймын,
Жалғаған жырын Нұрханның», – дейтін тап-таза, уыздай уылжыған ар-намыстың тірегіндей тілегі айғақ.
Екіншіден, атасы Әбіл от ауызды, орақ тілді айтқыш екен. Үшіншіден, өзінің өнерге деген көзқарасын, қазақ қағидатын болмысына терең сіңіруі, зерделілікпен қабылдауын айтсаңызшы!
Қонысбай өзінің импровизаторлық өнері, өнегелі жолда ұстанған бағыт-бағдары туралы былайша сыр бөліседі: «Мәдениеттілік – жыр сайысы кезінде қарсыласын жөнсіз ысырап қылмау. Менің Керекуде: «Жазықсыз біреуге тіл тигізгеннен, Өзім сөз естігенді артық көрем», – дегенім бар. Бұл менің имандай шыным. Ақындық берік позициям. Менің бір қуанатыным, осы ақындар алдында да, олардың ел-жұрты алдында да қашанда бетім ашық. Өйткені, не өздеріне, не топыраққа негізсіз тіл тигізгенім жоқ. Кейбіреулер мен Әселханмен айтысқанда денесіне, Ерікпен қағысқанда домбырасына тиіседі деп күтті. Ал мен ол жаққа барғаным жоқ. Қарсыластың қабағын қанатып, ұрыстан шығарып жіберіп, қолын көгерткен боксшыны таза жеңіске жетті деп есептемеймін. Айтыста да сол секілді».
Сыншылдығына шыншылдығы ұштасқан, шыншылдығына сыршылдығы ұласқан тарланбоз Қонысбай 1990 жылы Ерікпен айтысында өзекті өртеген өкініштерін жақсы айтқан.
Қонысбайдың 1989 жылы Жәнибамен айтысында:
«Жүрсің ғой жырға қосып Гурьевіңді,
Айтайын көңілге мен түйгенімді», – дей келіп,
«Ескі аты – Үйшік деген жақпады да,
Басшылар бас қатырып жатпады ма.
Көпестің аты екен Гурьев деген,
Басқа бір дұрыс есім таппады ма», – дегені;
1995 жылы Омбы шаһарында Амангелді Жүсіповпен өнер сынасқанда:
«Зейнетке шығу енді арман шығар,
Үкімет тізеге де салған шығар.
Кемінде алпыс үш жыл жасайтұғын,
Малшыны пайғамбар деп қалған шығар», – деген көріксіз көріністерге жаны күйіп, күңіреніп.
Расында, айтыс – заман айнасы, айтқыш ақынның аталы толғамдары қоғамдық пікір туғызары хақ.
Қонысбайдың Ерікпен айтысында:
«Осынау өмірімді қызық еткен,
Өнерді биік қоям қызметтен.
Ақын деп сыйлайды елі Қонысбайды,
Жүзі кеп редактордың жүзі кеткен», – деуінде елдің сөзін сөйлеу, ақиқатты қуаттау, әділетті жақтау басты нысанаға айналған.
Табан астында тапқырлық таныту, ойын түрлендіріп, кестелеп, тамсандырып айту – Қонысбайдың табиғи дағды-машығы. Бұған бір мысал: тәуелсіздік таңы атар алдында кейбіреулер жариялылықты біреуге күйе жағу, өткенге тас лақтыру құралы ретінде пайдаланып жатқанда, Қонысбай:
«Кезінде Ленинге жан теңгермедік,
Сыйынып, пайғамбардан кем көрмедік.
Ал, бүгін Мавзолейден алу керек,
Халықтың қарғысынан өлген дедік.
Жангелдин қазаққа түк жасаған жоқ,
Соңынан сол Лениннің ерген дедік.
Шоқанды ақ патшаның жансызы екен,
Картасын жауға сызып берген дедік.
Ыбырай балаларды шоқындырды,
Сол үшін алған медаль, орден дедік.
Сәкенді қызылдардың «қол шоқпары»,
Суретін алу керек төрден дедік.
Біз әлі мұныменен тоқтамаймыз,
Талайды тұрғызамыз көрден дедік.
Кешегі асылдардан түк қалмады,
Қазағым, неткен мұнша «көргенді» едік, – деп ашына айтқан.
Қонысбайдың шығармашылық өнерінде мұндай терең ойлар, тосын тапқырлықтар ұшан-теңіз.
Ұлттық өнерді ұлықтап, үкідей үлпілдетіп ұстап, тереңнен толғап, шамырқанып-шырқап, ұлт, ел, заман, қоғам атынан:
«Жыр етуге елімнің жарқын ісін,
Арналады өнерім, талпынысым.
Әл кеткенше қолымнан домбыра ұстап,
Ән салумен өтемін халқым үшін!» – деп, қыранша саңқылдауы – ар-намысты, ғибратты, от жігерлі азамат ақынның лағыл арманы!
Серік НЕГИМОВ,
Л.Н.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы.
Астана.