Еліміздегі қолға алынып жатқан жаңа реформаларға сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві салалық тақырыптарды қамтитын негізгі бастамалар көтеруде ерекше тәсілдерді ұсынып отыр. Соның бірі Архивтің – Халықаралық архивтер кеңесімен бірлесе отырып, 19-21 қазан аралығында Алматы қаласында «Ашық қоғамға – ашық Архив» тақырыбымен I Халықаралық архившілер Конгресін өткізгенін айтуға болады. Халықаралық архивтер кеңесі әлемнің 200 елінің архившілерін біріктіретін ЮНЕСКО ұйымының ең абыройлы құрылымының бірі болып табылады. Жиынның біздің еліміз үшін басымдығы сол – Қазақстан осы тектес форматта Халықаралық архивтер кеңесінің тікелей атсалысып қатысуымен іс-шара өткізген ТМД елдеріндегі алғашқы мемлекет болып отыр.
ҚР Президентінің Архиві Халықаралық архивтер кеңесімен бірлесіп дамыған архив ретінде осы Конгресті ұйымдастыру арқылы шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасып, ортақ келіссөздер алаңын құруды мұрат тұтады. Алматыдағы Достық үйінің дөңгелек залында өткен жиынға Қазақстан, АҚШ, Иордания, Ресей Федерациясы, Польша, Иран, Түркия, Франция, Канада, Оңтүстік Корея, Қытай, Түркіменстан, Қырғызстан, Өзбекстан секілді 15 елдің мемлекеттік архивтік ұйымдарының делегациясы және БҰҰ, ЮНЕСКО, Халықаралық архивтер кеңесі ұйымдарының басшылары мен сарапшы мамандары қатысты. Архив қызметіне жиі жүгінетін, іргелі ғылыми мекемелерде тарих саласының жұмысын ілгерілетіп жүрген отандық ғалымдар да осы алаңнан табылды. Алматының төріндегі бұл алқалы жиында мамандар әлемдегі жетекші архивтердің инновациялық даму жолдарын талқыға салды. Конгресс жұмысын ұйымдастыру Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігі, Мәдениет және спорт министрлігі, Сыртқы істер министрлігі, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Алматы қаласының әкімдігі тарапынан да қолдау тапты. Президент Әкімшілігі Жалпы бөлім меңгерушісі Нұрдәулет Төлеев, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат Конгресс қатысушыларының жұмысына табыс тілеп, халықаралық жиынның маңызын атап өтті.
Халықаралық маңызы бар шараға құрмет білдірген Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев Конгрестің ұйымдастырушылары мен қатысушыларына құттықтау хат жолдап, қолдау білдірді. Ол өз сөзінде «Қазақстан өз дамуының жаңа кезеңіне қадам басты. Кең ауқымды жаңғыру іс жүзінде барлық салалар мен бағыттарды, оның ішінде архив ісін де қамтуда. Басқарудың барынша демократиялық қағидаттарын, озық тәжірибе мен цифрлық технологияларды енгізу әдеттегі дәстүрлі консервативті салаға қуатты серпін беріп, заманауи архив үлгісін жаңғыртудың сапалы жаңа деңгейіне шығарды. І Конгрестің толымды күн тәртібі мен қатысушыларының беделді құрамы архивтерді басқару, сақтау және пайдаланудың өзекті мәселелері бойынша мазмұнды пікірталастар орын алатын сұхбат алаңының қажеттілігін айғақтайды» деп, Конгресс жұмысының алдағы уақытта дәстүрлі шараға айналатынына сенім білдірді. Халықаралық архив ісінің кәсіби қоғамдастығының ынтымақтастығы мен біліктілігі үдемелі және серпінді дамуы үшін осындай келіссөздер алаңы қажет екенін тілге тиек еткен Мемлекет басшысы Конгрестің жұмысына демеу жасап, қатысушыларына ғиззат танытқаны архившілерді жігерлендіріп, ыждағаттылықпен еңбек етуіне серпін берері сөзсіз.
Конгрестің ашылуында сөйлеген Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов Қазақстан Үкіметінің архивке үлкен назар аударып, қолдау жасап келе жатқанын, «Архив-2025» жобасының 2020-2025 жылдарға арналған кешенді іс-шаралар жоспары архив ісінің нормативтік құқықтық базасын жетілдіруді көздеп отырғанын атап өтті. Бұл жоба мемлекеттік архивтерді материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етуді, кадр әлеуетін, сондай-ақ отандық және шетелдік архивтер, музейлер, кітапханалар мен ғылыми орталықтардан, кеңейтілген халықаралық ынтымақтастықтың шеңберінде Қазақстан тарихы жөніндегі құжаттармен Ұлттық архив қорын толықтыруды мақсат етеді.
Жаңа форматтағы Архив
Халықаралық Конгрестің модераторы, Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры Әлия Мұстафина Жаңа форматтағы Архив жұмысын жандандыру барысындағы өзгерістерден хабардар етті. Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 9 ақпандағы «Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің кейбір мәселелері туралы» Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві қайта құрылып, оның жаңа ережесі мен құрылымы бекітілген болатын. Жаңа мәртебеде мекеме қызметінің мақсаттары мен міндеттері бұрынғыдан да кеңейтілді. Осы жылдың маусымында Архив 2035 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы мен стратегиялық жоспарын әзірлеп, бекітті. Тұжырымдамада Архивтің стратегиялық даму бағыттары, мақсатқа жету қағидаттары, міндеттері, сондай-ақ, оларды іске асыру кезеңдері айқындалған. Айтылған жаңа бастамалар архив ісін құжаттарды сақтаудың төңірегінен мемлекетті дамытудың жаңарған бағыттарындағы өмірлік маңызы бар деңгейге алып шықты. Мемлекеттің бүгінгі ұстанымындағы бұл жаңару құбылыстары қазіргі уақытта тек архив саласында ғана емес, қоғамдағы барлық салаларда көрініс табуда. Жалпыұлттық деңгейде жаһандануға бет алған көшпен бірге түбегейлі өзгерістерді еңсере бастаған Президент Архивін өзге де қоғамдық институттардағыдай жаңа сын-тәуекелдер сынаққа алып отыр. Бұған Архив ұжымы жаңа тәсілдермен жауап қата бастады.
Бүгінгі таңда Архивте бұрынғы партия архивінің құжаттарынан бастап, тәуелсіз Қазақстанның саяси тарихы жөніндегі материалдары, сондай-ақ, Қазақстанның көрнекті саяси, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің жеке тектік архивтері бар. Ұлттың тарихи-мәдени мұрасының сақталуына аманат арқалаған архивтердің басты мақсаты – мемлекеттігіміздің тарихын қастерлеу бағытындағы жұмыстарының деңгейін дамытып, оған қатысты құжаттарды көздің қарашығындай сақтау болып табылады. ҚР Президенті Архивінің мұндағы ұстанымы да ерекше болып отыр. ХХ ғасыр мен Тәуелсіздік кезеңінің әлеуметтік-саяси тарихы құжаттарының елдегі ең ірі сақтаушысы ретінде Архив бұл жауапкершілікті уақтылы сезініп, отандық архив ісін дамытуда тәлімгерлік институт мәртебесіне айналуға бағыт алған. Архивте құжаттарды цифрландыру мақсатында Ұлттық архив қорының құжаттарын қалыптастыру, азаматтардың құжат көздеріне қол жеткізу процесін жеделдету, жеке және заңды тұлғалардың сұранымдары бойынша қызметтер көрсетуді оңтайландыру мәселелері бүгінгі таңда толық шешімін тауып отыр.
Архивтің ынтымақтастық ауқымы
Архивтің өзгешелігі – оның құжаттарының сапалық құны мен маңыздылығында. Әлемдегі әр мемлекеттің саяси тарихы туралы түсініктері құжаттық негізде қалыптасқан. Ел дербестігін даралап, мемлекеттілікті мақтан етіп, отандық және шетелдік архивтердегі тарихи деректермен жұмыс бағыты қаншалықты қолға алынған деген сауал күн тәртібінен түскен емес. Бұл өз кезегінде тек отандық емес, шетелдік архивтердегі зерттеушілердің көпжақты іргелі зерттеулерімен, мемлекеттің тікелей қолдауымен ғана жүзеге асырылатын жұмыс. ҚР Президентінің Архиві өзінің құқықтық базасы мен ғылыми-әдістемелік деңгейін дамыту бағытында әріптестіктің жаңа дәуіріне өткен.
Басқосуға арнайы шақырумен келген Халықаралық архивтер кеңесінің атқарушы директоры Карлос Серрано Васкез қатысушыларды құттықтап, баяндама жасады. Ол өз сөзінде Халықаралық архившілер Конгресін ұйымдастырып отырған Қазақстанға, ынтымақтастық жолында жиырма төрт жылды еңсерген сенімді серіктесі ҚР Президенті Архивіне алғыс айтты. Сондай-ақ ол «Халықаралық архивтер кеңесінің мақсаты – архив ісі мен құжаттарды басқарудың кәсіби мәселелері бойынша тәжірибелер, зерттеулер және идеялармен алмасу арқылы құжаттар мен архивтерді басқаруға әрі пайдалануға, сондай-ақ бүкіл әлем бойынша адамзаттың архивтік мұрасын сақтауға жәрдемдесу» дейді. Бұл жұмыстарды игеру үшін қазір әр елдің архивтеріне зерттеулер ұйымдастырумен шектелмей, заманауи әдістер мен құралдарды меңгеру жолдарын қарастыру қажет. Ол Конгрестің өтуіне атсалысып қатысуының да себебін түсіндірді. Қазақстанның және Орталық Азия мемлекеттеріндегі архив ісін жақынырақ біліп, кеңестің жұмыстарымен, ерекшелігімен таныса түсу ниетін білдірді. «Архивтік құжаттар – бұл керемет ресурстар, олар өткен оқиғалардың құжаттық дәлелі, бірақ олар нәзік әрі осал болып келеді. Оларға құрмет таныту керек. Құнды құжаттарды сақтап, оның өміршеңдігіне жағдай жасап отырған архивтердің басты рөлі – адамдар мен мемлекеттердің құқықтарын қорғау, сондай-ақ архив мұрасына жұртшылықтың барынша кең қолжетімділігін қамтамасыз ету болып табылады. Осы жауапты қызметте барлық қатысушыларды бірлесіп жұмыс істеуге шақырамын. Біз Халықаралық архивтер кеңесі осы тектес форматтағы келіссөздер алаңын құруда әрқашан әріптестік танытуға дайынбыз» деп тоқталды.
Конгресс жұмысына арнайы қатысуға келген өзбекстандық делегацияның басшысы, «Узархив» агенттігі директорының орынбасары Хусан Исаев бауырлас елдің ұлттық архивтерінің даму жолдарын тізбектеп шықты. Мәртебелі мейманның пікірінше, Конгресс – әрдайым сындарлы диалогті қамтамасыз ететін, халықаралық және жергілікті деңгейде архив ісін серпінді дамыту жөнінде шешім қабылдау жолында туындаған мүдделер мен мәселелерді талқылайтын, барлық қатысушының өзара тығыз қарым-қатынас жасауға мүмкіндік беретін іс-шара екенін атап өтті.
ҚР Президенті Архивінің салалық серіктестері ҚР Орталық мемлекеттік архиві мен Алматы қаласының мемлекеттік архивінің қосқан үлесі зор. Аталған Архивтер шараға қолғабыс жасап, өздерінің тікелей ұйымдастыруларымен заманауи архивтегі теориялық және тәжірибелік сын-қатерлерді игеру тақырыптарында дөңгелек үстелдер өткізді. Сонымен қатар Алматының бірнеше метрополитенінде Конгресс жұмысына бағытталған тарихи-құжаттық көрмелер ұйымдастырды. Серіктестермен бірлесіп ұсынған бұл форматтағы көрмелер қалалықтар мен қонақтардың көңілінен шығып, оң бағасын алған болатын.
Нәтижесінде, осындай халықаралық кәсіби архив ісінің мамандары мен ұйымдарының ымырасын жарастырған алқалы жиын ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейтіп, еліміздің бұрын-соңды белгісіз болған бағалы құжаттарды еншілеуіне қол жеткізуі әбден мүмкін.
Халықаралық Конгрестің әлеуеті
Халықаралық Конгресті кешенді түрде ұйымдастыруға басшылық жасаған ҚР Президенті Архивінің директоры Ә.Мұстафина, тек ТМД елдерінің шеңберіндегі дәстүрлі үрдіспен шектелмей, алыс-жақын шетелдік архивтік ұйымдармен ынтымақтастық орнату Архивтің о бастағы алдыға қойған мақсаты еді, дейді. Конгресс жұмысында Архивті дамытудың инновациялық идеяларын қалыптастыру, жобаларды іске асыру және үздік архивтік тәжірибелерді тираждау негізгі тақырыпқа айналды. Бұл жиынның аясында мәдениет, өнер, әдебиет, ғылым және білім арқылы қоғам үшін архивтік құжаттардың рөлі мен маңызын ашатын тақырыптық алаңдар (архивтік пікірталас курстар) ұйымдастырылды. Архивтік лекторийлер форматында шақырылған негізгі спикерлер отандық архившілер және ғалымдармен бірге ЕО, Азия және ТМД елдерінің, сондай-ақ алыс-жақын шетелдің, БҰҰ мен ЮНЕСКО, Халықаралық архивтер кеңесі ұйымдарының сарапшылары және мамандары мемлекеттік сақтаудың стратегиялық даму жоспарлары мен іс-қимыл аспектілерінің ұзақмерзімді перспективадағы шешімдерін ортаға салды.
Кәсіби мамандар Конгрестің жұмысынан құжаттарды басқарудың нақты тәртіптері мен оны сақтаудағы жаңа регламенттерін біліп, сандық форматқа көшірудің әлемдік үрдісінің қалай жүзеге асатынына куә болды. Сондай-ақ қатысушылар құжаттық ақпараттың жаңа түрлерімен жұмыс істеу үшін қазіргі заманғы шешімдерді пайдаланып жүрген тәлімгерлермен тәжірибе алмасып, жаңа нормалар мен озық технологиялық жабдықтармен танысты.
Бұл өз кезегінде отандық архившілер үшін өңірлік архивтерде тиісті архивтік әдістемелік базаны қалыптастыруда, құжаттарды жинақтауда және сақтау бойынша құралдарды жетілдіруде үлкен жөнсілтер болары сөзсіз. Конгресте елдердің архив мекемелері арасындағы бірлескен іс-шараларды ұйымдастырудың, алдағы жылдарға арналған іс-қимыл жоспарлары талқыланып, Халықаралық архившілер Конгресін дәстүрлі түрде өткізіп тұру мәселесі күн тәртібінде қолдау тапты.
Конгресс аясында форумның қорытынды құжатының жобасы – архивтердің ынтымақтастығы туралы Декларация талқыланып, қабылданды. Келесі «Ашық қоғамға – ашық Архив» Халықаралық архившілерінің Конгресі екі жылдан кейін 2024 жылы Қазақстанда болатыны жоспарға алынды.
АЛМАТЫ