Облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері, медицина ғылымдарының кандидаты Фазылбек Темірханов бастаған дәрігерлер операциядан шаршап шықты. Бірақ көңіл тоқ, операция өте сәтті өтті. Алты жасар баланың бауырындағы жылауықты алып тастады. Бір айдың ішінде дәл осындай диагнозбен бес операция жасалды. Мал өнімдерінен, әсіресе, сүттен жұғатын бұл ауру баланың өміріне аса қауіпті. Отасыз баланың өмірін сақтап қалу мүмкін емес. Қандай ауыр жатқан ауру болса да, облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері сәтсіз ота жасаған емес. Жақында ауыр жарақат алған қыз балаға алты рет ота жасап, ажал тырнағынан алып қалды. Ата-анасының алғысында шек болған жоқ, дәрігерлерге келіп, қайта-қайта басын иді, батасын берді.
– Ата-ана бір қуанса, біз, дәрігерлер екі есе қуандық. Өйткені, бала тірі қалды, денсаулығын дұрыстадық. Бұл – біздің еңбегіміздің жанғаны, сол еңбегіміздің рахатын сезіндік. Біз әр баланың өмірі үшін күресеміз, бұл күрес күнделікті үзілмейді, – дейді Фазылбек Сәбитбекұлы.
Қазірде облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері бала қандай аурумен түссе де оны оңайлықпен ажалға бермеуге күш салады. Әттеген-айы, ата-аналар кейде баланың ауруын асқындырып әкеледі. Әйелдер екіқабат кезде дұрыс күтінбейді. Мұндай жағдайда дәрігерлер бала өмірі үшін ажалмен алысып жатқаны. Жыл өткен сайын медицина саласына мемлекет тарапынан жасалып отырған қамқорлық күшейе түсті. Сонымен қатар, медицина саласы ғылымсыз, ал ғылым интеграциялық қатынассыз алға баспайды. Бұл қашаннан да аксеома сияқты өзгермейтін үдеріс. Фазылбек Темірханов облыстық балалар ауруханасына бас дәрігер болып тағайындалған соң, ол жұмысты дәрігерлер біліктілігін арттырудан бастады. Бала денсаулығы – қасиетті ұғым. Ол шекарамен шектелмейді, медицинасы озық елдің ғалымдары үйренемін дегеннің қолын қақпайды. Тәуелсіз достастық елдері арасында медицина саласының озық тәжірибелері жөнінен Беларусь Республикасына қостанайлық дәрігерлердің қызыға қарайтыны рас.
– Қазір мұндай әріптестерге тікелей шығуға барлық мүмкіндіктер бар ғой. Мен 2011 жылы Беларусьтің дипломнан кейінгі оқыту медициналық академиясына хабарласып, үш дәрігерімді сонда жібердім. Бас дәрігердің орынбасары Ольга Сон, реаниматолог дәрігер Әлібек Ақанов және нәрестелер патологиясы бөлімшесінің меңгерушісі Лариса Данченко бір ай оқып, жаңа әдістемелер мен технологияларды меңгеріп келді. Олардың білімімен жаңа оталар жасай бастадық, емдеу тәсілдерін өзгерттік. Нәтижесін бірден берді, – дейді Фазылбек Сәбитбекұлы.
«Алтын шыққан жерді белден қаз» демей ме қазақ. Бас дәрігер Фазылбек Темірханов белорустық әріптестеріне қайта шықты. Олардың ғалымдарын, білікті дәрігерлерін Қостанайға шақырды. Медицина ғылымдарының докторы, профессор Георгий Шичко мен медицина ғылымдарының кандидаты, доцент Юрий Устинов келіп, дәрігерлерді екі апта бойы оқытты, ауыр халде жатқан ауруларға ота жасап, шеберлік класын өткізді. Облыстық балалар ауруханасының базасында өткен бұл біліктілікті көтеру курсына Фазылбек Сәбитбекұлы бүкіл аудандар мен қалалардағы балалар дәрігерлерін жинады, олардың белорустық ғалымдардан барынша үйреніп қалуына жағдай жасады. Ал өткен жылы белорустық ғалымдар Қостанайға тағы да келді. Олар облыс орталығындағы перинатальдық орталықта қостанайлық дәрігерлерге бай тәжірибелерін тағы да үйретті.
Мұның барлығы облыста бала өлімін азайту үшін жасалған шара болатын. Ал Беларусь Республикасында бұл мәселе бойынша жағдай көш ілгері кеткендігін біздің дәрігерлер Георгий Шичконың дәрісінен анық аңғарғандай. Қазірде бұрынғы Кеңес Одағы құрамында болған елдер бойынша Беларусьте бала өлімі өте аз тіркеледі. Қостанайда перинатальдық орталықтар енді құрылып жатыр. Ал Беларусьте мұндай орталықтар баяғыдан бар. Олар баланы ауырмай тұрып қарайды, аурудың төңіректеуіне жол бермейді. Балалар медицинасы жүйесіндегі жұмысты солай қалыптастырған. Біздің дәрігерлер минскілік әріптестерінен перинатальдық технологияны үйреніп, меңгерді.
– Беларусьтік ғалымдар біздің ауруханада жатқан ауыр халдегі ауруларды көріп, «Жоқ, біз мұндайдан әлдеқайда арылғанбыз. Жан-жақты жұмыс істесеңіздер бұл деңгей әлі-ақ артта қалады» деген еді минскілік әріптесім Георгий Александрович. Біз минскілік дәрігерлермен араласқалы бала өлімін болдырмауға, облыстағы балалар ауруларын азайтуға бел шешіп кірістік. Шүкірлік ететін нәтижеміз бар, – дейді Фазылбек Сәбитбекұлы.
Расында, облыста бала өлімі бір жылда 35 пайызға азайған. 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы бойынша Қазақстанда бала өлімі 2013 жылы әр мың балаға шаққанда 14,1, ал 2015 жылы 12,3 болуы керектігі межеленген болатын. Облыстағы бала өлімінің көрсеткіші бұл екеуінен де төмендеді. 2013 жылы облыста нәрестелердің шетінеуі әр мың балаға шаққанда 11,9 болды.
– Бұл жан-жақты жүргізілген жұмыстың нәтижесі. Өткен жылы еліміздің штаттан тыс бас педиатры Зәуре Оспанованың басшылығымен «Бала жастағы ауруларды ықпалдастыра қарау» мектебі ашылды. Зәуре Мұратқызы өзі келіп, облыстың барлық балалар ауруханалары мен емханалары дәрігерлеріне Дүниежүзі денсаулық сақтау ұйымы ұсынған осы стратегияның мән-жайын түсіндірді, ол бойынша жұмыс істеу ұстанымдарына үйретті, – дейді Фазылбек Сәбитбекұлы. – Бұл мектеп бойынша балалар арасындағы аурудың барынша алдын алу жағдайы қалыптастырылады. Оған дәрігер, кіші медицина қызметкерлерінен бастап, ата-анаға дейін қатыстырылады.
Облыстық балалар ауруханасы жыл сайын заманауи медициналық құралдармен жабдықталуда. Өте жетілдірілген жабдықтардың, дәрігерлер біліктілігінің арқасында балалардың сынған сүйегіне ота жасамай-ақ орнына салуға қол жеткізілді. Өткен жылы лизингілік келісім арқылы 60 миллион теңгеге заманауи жабдықтар алды. Дәрігерлер мұны балалар денсаулығының, оларды аман алып қалудың, мүгедектікке ұрындырмай аман өсірудің басты шарттарының бірі деп отыр. Бір жылда облыстық балалар ауруханасына 13 мыңнан астам бала келіп қаралады. Соның 6,5 мыңы ем алады.
Көрші елдермен интеграциялық қатынастар, үйрену, ықпалдасу облыстық балалар ауруханасындағы ілкімді істер осылайша өрістеп отыр деуге болады. Міне, бұл күндері көрші Ресей Федерациясының Қорған облысындағы атақты Илизаров клиникасынан келген мамандар облыстық балалар ауруханасының қызметіне көңіл бөлді. Екі елдің дәрігерлері жылы жүзбен кездесті, бірден ортақ әңгімеге көшті. Себебі, проблема ортақ. Ол – балалар денсаулығы, болашақтың қамы.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
ҚОСТАНАЙ.