Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Ақтөбе қаласына жақын аудандардың тұрғындары 10-11 сыныпта оқитын балаларына қаладан репетиторлық орталықтар іздеп, әбігерге түседі. Күнделікті қалаға қатынауға көп ата-ананың шамасы жете бермейтіні де белгілі. Білім ҰБТ тапсыруға ғана емес, жүйелі болуы керек. Ауылдық жерлердегі білім сапасын көтеруде ең алдымен жоғары жылдамдықтағы интернет байланысын жолға қою күн тәртібінде тұр. Заманауи білімге қол жеткізу үшін бірыңғай мектеп оқулықтарымен даярлану жеткіліксіз екенін ұстаздар да, оқушылар мен олардың ата-аналары да жақсы түсінеді. Сондықтан қағазға басылған оқулықтардағы ақпараттан өзге тақырыпты түсіну мақсатында оқушылардың қосымша ақпарат алуы, мәліметтерді саралауы мен талдай алуы, сыни ойлау қабілетін жетілдіре білуі өте маңызды.
Елімізде қала мен ауыл мектептерінің арасындағы білім алшақтығын жою мақсатында NIS мектептері 17 өңірдегі 17 мектепке әдістемелік қолдау көрсету жобасын бастады. Солардың қатарында Алға ауданының Бестамақ орта мектебі «Ауылдық жердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы бойынша Ақтөбедегі NIS-тің тірек мектебі болып бекітілді. Ауқымды жұмыс зияткерлік және Бестамақ орта мектептерінің директорлары Сәуле Өмірбекова мен Анар Истеғұлованың кездесуінен басталды. Бір апта ішінде NIS мұғалімдері бүкіл педагогикалық ұжымға ашық сабақтар, семинарлар, шеберлік сабақтар мен тренингтер өткізді. Бестамақтық мұғалімдер жаратылыстану-математика және әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар, география, тарих, өнер, дене шынықтыру, роботтехника және информатика пәндері бойынша дәрістерге қатысып, кітапхана мен үйірмелердің жұмысымен танысты. Сондай-ақ NIS оқытушылары оқу процесінде тік және көлденең жоспарлауды ұйымдастырудың тәсілдерін көрсетті. Бестамақ мектебінің оқытушылары осындай шығармашылық байланыстың тиімділігін атап өтті.
– Зияткерлік мектеп мұғалімдерінің сабақ жоспарлаудағы зерттеушілікке мән беруі, осы бағытты түрліше дамыту шеберліктері, оқушылардың шығармашылық қабілетін ашудағы жұмыс бағыттары ұнады. Бұл – біз үшін үлкен тәжірибе алмасу, – дейді Бестамақ орта мектебі тарих пәнінің мұғалімі Роза Дүйсенбаева.
Айта кету керек, «Ауылдық жердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасын NIS Білім беруді тұрақты дамыту қоры және «Қазақстан халқына» қорымен бірлесіп іске асыруда. Біраз уақыт бұрын Ақтөбедегі NIS ұстаздарынан құралған топ Бестамақ мектебіне келіп, «Ауылдық жердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» бағдарламасымен әріптестік байланыс орнатуға өздері ұсыныс еткен. NIS мұғалімдері күнделікті пәндік сабақтарынан соң жоба қатысушыларымен сабақтың өткізілуіне талдау жасап, тыңдаушылардың сын-ескертпелерін және ұсыныстарын сұрады. Таңдаулы білім ошағының ауыл мектебіне қаншалықты әсер еткенін осы оқу жылының соңында мектеп оқушыларының сабақ үлгерімі мен ҰБТ қорытындысы бойынша анықтауға болады. Ақтөбедегі NIS мұғалімдері Бестамақ мектебін үш жыл бойы әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз етеді. Бұл екі жаққа да пайдалы әрі түпкілікті нәтижесі – тірек ауылдағы білім сапасының артуына оң әсер етпек.
Ақтөбе облысы