Депутаттар құрамында Парламент Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Владимир Волков, комитет хатшысы Қанатбек Сафинов және комитет мүшелері Айнұр Арғынбекова, Нұрлан Бекназаров, Советбек Медебаев, Ләззат Сүлеймен және Амангелді Төлемісов бар. Қылмыстық іс жүргізу заңнамасын одан әрі жетілдіру мәселелерін талқылау отырыстың басты тақырыбы болды.
Комитет төрағасы Владимир Волков отырысты аша келіп, заңнаманы жақсарту мәселелері еліміз азаматтарының конституциялық құқықтарына тікелей қатысты екенін атап өтті.
В.Волков Сенаттың сот жүйесін жетілдіру жөніндегі жүргізіп жатқан жұмысы туралы кездесуге қатысушыларға айтып берді. Және оның қорытындысы бойынша тиісті заң жобалары әзірленетін болады.
Қылмыстық, қылмыстық іс жүргізу заңнамасын жетілдіру аясында жеке адамның құқықтарын қорғауды күшейту туралы, есірткіге байланысты, жеке адам мен меншікке қарсы қылмыс және басқа да ауыр қылмыс үшін жауапкершілікті қатаңдатуға бағытталған заңдар қабылданды, деді ол.
Еліміз Бас прокурорының орынбасары Әсет Чиндалиев өз кезегінде Бас прокуратураның қылмыстық заңнаманы оңтайландыру жөнінде жүргізген жұмысының қорытындысы мен қылмыстық-процестік және қылмыстық атқару кодекстеріне бір мезгілде түзету енгізе отырып, қылмыстық заңнаманы оңтайландыру мәселелері бойынша әзірленген заң жобасы туралы депутаттарға баяндап берді. Сондай-ақ Ә.Чиндалиев қылмыстық істер бүгінгі таңда елімізде 90 пайызға электронды форматта жүргізілетінін жеткізді. Бұл құқық қорғау органдарының жұмысын анағұрлым жеңілдете түсті.
Жиында сөз алған Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан жергілікті әкімдіктің күштік құрылымдармен тығыз байланыста жұмыс істейтінін мәлімдеді.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев заң шығару қызметінің сапасын арттыру жөнінде тапсырма бергені белгілі. Мемлекет басшысы Шымкентке жасаған сапарында да осы тұрғыда қалалық әкімдікке бірнеше міндет жүктеді. Сондықтан Жолдауда айтылған тапсырмаларды орындау негізінде мегаполисте кешенді жоспар қабылданып, бүгінгі таңда ол лайықты іске асырылып жатыр. Мәселен, өңірлік жедел штаб құрылды. Полицияның сервистік моделі жұмыс істеп жатыр», деді Шыңғыс Мұқан.
Жиында сонымен бірге Мемлекет басшысының Жолдаудағы тапсырмасына сәйкес ұлттық байлықты ұрлаған тұлғаларды іздестіру және Қазақстанның шетке заңсыз кеткен қаржысын елге қайтару бойынша қызу жұмыс жүріп жатқаны баяндалды. Ішкі істер министрлігі жанынан ұйымдасқан қылмысқа қарсы арнайы топ құрылғаны айтылды. Полицияның қоғам қауіпсіздігін сақтауда атқарып жатқан жұмыстары да ауқымды. Мәселен, республика көлемінде есірткі саудалайтын 1 700 сайтты анықтаған. Оның ішінде қаншама есірткі зертханалары тәртіп сақшыларының құрығына ілікті. Синтетикалық есірткі өндіретін зертханалар қоғам үшін өте қауіпті. Солардың кесірінен қаншама жас есірткінің құрбанына айналды. Жалпы, құны 2 млрд теңгеге бағаланатын 102 кило синтетикалық есірткі тәркіленген. Полиция интернет алаяқтардың да жолын кесуде табандылық танытып жүр. Жылына осындай қылмыс түрінен азаматтар 10 млрд теңгеге жапа шегеді екен. Алаяқтар жәбірленушінің сеніміне кіріп, онлайн несие рәсімдейді немесе ақшаны басқа шотқа аударуын өтініп, клиентті сан соқтырып кетеді. Ал қомақты қаржыны қолға түсірген бойда дереу шешіп алады, болмаса криптовалютаға алмастырып жібереді. Интернет алаяқтық және кибер шабуылмен күресті күшейту мақсатында елімізде құқық қорғау саласының мамандары ақпараттық технология бойынша арнайы даярлықтан өтуде. Ішкі істер министрлігі тарапынан отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы шаралардың күшейтілгенін де отырыс барысында сала өкілі баяндап берді. Бүгінде шаңырағында ұрыс-керіс шығаратындар саны 6,9 пайызға төмендеген. Үйдің берекесін алған 37 мың бұзақы жазаланды. Осы ретте министрлік әйел бала-шағаның шырқын бұзғандарды 5 тәуліктен 25 тәулікке дейін қамауды ұсынып отыр. Егер отбасылық зорлық-зомбылық қылмысына бірінші мәрте барған кісіге татуласуға мүмкіндік берілсе, дәл осындай оспадар қылықты екінші мәрте жасаған жағдайда ешқандай кешірім болмайды. Осы орайда басбұзарларды қоғамдық жұмысқа салу туралы да жиында мәселе көтерілді.
– Құқықтық реформаның артында халық тұр. Сол үшін бізге алдымен сананы өзгерту қажет. Сана түзелмей ешқандай реформа жемісті нәтижесін бермейді. Сондықтан Қазақстан Республикасының әрбір азаматы құқықтық жағынан сауатты болуға тиіс. Егер адам өз міндетін жақсы білсе, онда ол өзіне тиісті құқығын талап ете алады. Сол арқылы қоғамдық сана оянып, әркім өзіне жүктелген міндетті мінсіз атқаруға тырысады. Міне, осындай нәтижеге жеткенде ғана бізде заң талаптары, реформалар сәтімен жүзеге асырылатын болады. Президенттің айтқаны да осы. Мемлекет басшысы халықтың сана-сезімін оятып, билік пен қоғамның барлық тармақтарының түбегейлі жаңғырғанын қалайды. Ол үшін алдымен сот жүйесі, қылмыстық іс жүргізу, басқа да құқық саласындағы заңдар өзгеруге тиіс. Ең алдымен қазақстандықтарға әділдік керек. Ол елдің барлық тіршілігінде көрініс тапқаны дұрыс. Мәселен, сотта бірінші тараптың жеңіліп, екіншісінің жеңгені маңызды емес. Екеуі де сот шешіміне риза болса, міне сол әділдік. Адам заң бұзып, қоғам оны әділ жазаласа осыны туралық дейміз. Сондықтан Әділетті Қазақстанды құру үшін біз бірінші кезекте осы әділдікке мән беруіміз қажет. Билік те, халық та бір-біріне адал болса, қоғам да жақсы жаққа қарай өзгереді. Ендігі жерде өзара кінә артыса бермей, «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» тыңдайтын, еститін Үкімет пен болашағы жарқын қазақ елін бірге құруға ұмтылайық, – деді комитет хатшысы Қанатбек Сафинов.
«Жалпы, бұл кездесудің басты мақсаты – азаматтық-процессуалдық заңнаманы жетілдіру. Заңнамаларды мүмкіндігінше ізгілендіру. Осы тұрғыда барлық заңнаманың басында азаматтардың конституциялық құқықтарының қорғалуы тұруы керек. Осыған байланысты елімізде кезең-кезеңімен реформа жүргізіліп жатыр. Оның ең маңызды тұсы – үш буынды модель реформасы. Бұл дегеніміз – Ішкі істер министрлігінің, прокуратураның және соттардың адамдардың құқықтарын қорғау бойынша өзара функция, міндеттерін анықтап алу және осыған байланысты жұмыстарды реттеу. Сенаторлар бүгінде телефон ұрлау секілді жеңіл қылмыстарды медиация арқылы жауапкершілігін жеңілдету жағын ойластырып жатыр. Соның ішінде оларды қоғамдық жұмыстарға тарту сияқты жаза түрлерін қарастыруда. Осы көшпелі отырыста құқық қорғау органы өкілдерінің баяндамасы тыңдалып, соған қарай қорытынды жасалады және арнайы ұсыныстар берілетін болады. Олардың қатарында мәселен, процессуалдық заңнаманы жетілдіру мәселесін атай аламыз». Сенатор Ләззат Сүлеймен осылай деп пікір білдірді.
Сенат депутаты Амангелді Төлемісовтің айтуынша, Конституцияға түзету енгізу жөніндегі реформадан кейін еліміздегі заңнамаларды жетілдіру, кейбір қылмыстық заңбұзушылықтардың жазасын жеңілдетіп, ізгілендіру жөнінде ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Осыған орай Парламент Сенатында жыл соңына дейін жиырмадан астам заң толықтырылады. Ата Заңымыздың үштен бір бөлігіне өзгерістер енгізілді. Енді соның заңнамалық актілерінің негізінде жаңа ережелер мен заңдар қабылдау қажет. Бұл сот жүйесінің, құқық қорғау саласының әрі қарайғы жұмысының жүруіне негіз болады. Осы ретте қазіргі таңда Сенат отырыстары белсенді түрде өтіп жатыр. Әсіресе сот билігі, прокуратура, құқық қорғау органдарының қызметіне қатысты ережелерді конституциялық заң деңгейіне көтеру бойынша іс атқарылуда. Бұл өз кезегінде қарапайым азаматтардың құқықтары қорғалуына өзінің оңды септігін тигізеді деген сенім бар. Ең бастысы, ел арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру. Мемлекет басшысының көздеген негізгі мақсаты Әділетті Қазақстанды құру болса, бұл идеяны жүзеге асыру сол құқықтық мәдениеттің қоғам ішінде орнауына тікелей байланысты. Ал алдағы қабылданатын, өзгертулерге ұшырайтын заңдар мен құқық қорғау саласындағы ережелер Әділетті Қазақстанның іргетасының қалануына жол ашады.
Мұнан соң Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті кезекті көшпелі отырысын қалалық сотта өткізді. Онда депутаттар сот органының жауапты мамандарымен кездесіп, келелі сұхбат құрды. Сондай-ақ бұл басқосуда медиаторлардың рөлін күшейту, институтын нығайту мәселесі қаралды. Жалпы, медиаторлық сот жұмысын жеңілдету үшін қажет. Екі тарап сотқа жүгінсе, іс соңғы нәтижесіне жеткенше қаншама уақыт пен қаржыны талап етуі мүмкін. Ал осы арада медиаторлар, яғни бітімгерлер іске араласса, бір-бірімен дауласқан тараптар тезірек татуласып, мәселе сотқа жетпей оңай шешілер еді. Сондықтан медиаторлық институтты елімізде жаңғыртып, дамыту керектігі отырыста жан-жақты талқыланды. Бұл жерде сенаторлар бірауыздан медиаторлар мәселесіне мемлекеттің өзі қолдау білдірмесе, аталған институт өздігінен өркен жайып кете алмасы анық деген тоқтамға келді.
– Бүгінгі таңда елімізде Конституциялық реформалармен бірге саяси өзгерістер де болып жатқаны белгілі. Ол ең алдымен Мемлекет басшысының Жолдауынан бастау алып отыр. Осы ретте бірнеше маңызды әрі ауқымды заң қабылданды. Бұл бірінші кезекте азаматтардың тыныс-тіршілігінен бөлек азаматтық құқықтарын қамтамасыз ету үшін керек. Қылмыстың алдын алу мәселесі үшін де жасалып жатқан реформалар өте маңызды, – деді сенатор Нұрлан Бекназаров.
Сондай-ақ сапар барысында сенаторлар Шымкент қаласы Полиция департаментіне арнайы ат басын бұрды. Мегаполистегі №33 учаскелік полиция пунктінде қоғамдық кеңес мүшелерімен жүздесіп, Әл-Фараби ауданындағы «Сервистік полиция»
қанатқақты жобасы аясында атқарылған жұмыстар мен қол жеткізілген нәтижелерді талқылады.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков шаһар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге зор үлес қосып отырған 3 мыңнан астам бейнекамераны бақылайтын Жедел басқару орталығының жұмысымен таныстырды. Келесі кезекте депутаттар тарихи қазынаға бай музей ішін аралап, қалалық полицияның өткені мен бүгінінен хабардар болды.
Өз кезегінде, Парламент Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Владимир Волков полиция жұмысына табыс тілеп, қалтқысыз қызметі үшін алғысын білдірді. Президент Жолдауына сәйкес, тәртіп сақшылары ашық, қолжетімді, сенімді болу қажет екенін атап өтті.
ШЫМКЕНТ