2009 жылы 78 жасында өмірден озған әулеттің отағасы Оспан Бақов ұзақ жыл бойы Қорғантұз орта мектебінде мұғалім, мектеп директоры болып абыройлы еңбек еткен. Оспан мен Шәмшия 1959 жылы шаңырақ көтеріп, жарты ғасырдан астам уақыт бойы өмірдің қиындығы мен қуанышын бірге бөліскен жандар.
Осы әулеттен өрген бес ұл, бес қыздың бәрі бүгінде бір-бір үйдің отағасы, отанасы атанып, еліміздің әр түкпірінде қызмет етіп жүр. Ғасырға жуық ғұмыр сүрген кейуана келіндерінің ақылшысы. Отбасылық шаруаларда ұлдары да анасының ақ батасынсыз іс бастамайды. Ұлдары мен келіндері, қыздары мен күйеу балалары әулеттің ынтымағы нығайып, берекесі артуына Шәмшия ананың ықпалы көп болғанын айтады. Кейуана әлі күнге дейін немере-жиендерінің қамқоршысы, немере келіндерінің кеңесшісі.
Бұл – мұғалімдер әулеті әрі қазақтың ән-күйін құрметтейтін шаңырақ. Өйткені Шәмшия әжейдің төрт қызы мен бір ұлы мұғалімдік мамандықты таңдап, осы салада абыройлы еңбек етіп жүр. Бір қызығы, Оспан әулетінің немерелері мен келіндердің дені ұстаздық жолды таңдапты. Оспан атай мен Шәмшия әжейдің тұңғышы Венера қазір зейнеткер ұстаз, қырық жыл мектепте абыройлы қызмет атқарған. Одан кейінгі мұғалімдер тізімінде Жадыра тұр, оның еңбек өтілі – 35 жыл, бастауыш сынып мұғалімі Анджела Оспанқызының еңбек өтілі – 28 жыл, Еділ Оспанұлының еңбек өтілі – 29 жыл, Әлия Оспанқызынікі – 22 жыл.
«Мерейлі отбасы» байқауының биылғы сайысында Оспанов әулетінің үздік деп танылуына әсер еткен бірнеше себеп болды. Соның ішінде ең бастысы – осы әулет мүшелерінің сыйластыққа негізделген шынайы қарым-қатынасы деуге болады. Кішісі-
нің ересегін құрметтеуі, өзара жанашырлық, ортақ іске жұмылу, мейірімділік пен ізгілік, отбасының жазылмаған қағидасы екен.
Ақтөбе облысы