Елорда • 20 Қазан, 2022

Күйшілер аллеясы

768 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астананың Абылай хан даңғылы мен Күйші Дина көше­сінің қиылысында Күйшілер аллеясы ашылды. Алматы облысы Қордай елді мекенінен жеткізілген, көлемі 3х2 метр­лік мәрмәр тасқа өнерімен кеңінен танымал 101 күй­шінің аты қашалып жазылды.

Күйшілер аллеясы

Аллеяның ашылуына келген қауым алдымен даңқ­ты күйші Дина Нұр­пейі­со­ва­ның ескерткішіне гүл шоқ­тарын қойды. Бұдан кейін Қа­зақ­станның еңбек сіңірген қай­раткері, профессор, күйші ұс­таз Орынбай Дүйсен мен Ал­маты ауданының әкімі Мақ­­сат Саматұлы «Күйшілер аллея­сы­ның» лентасын сал­танатты түрде қиды.

«Ұлты­мыз­дың күй өне­рі­нің саңлақтарына ар­найы аллея

ашылып отыр. Мұны Ұлы дала өркениетіне, қазақ­тың рухани кемел­дігіне қойылған ескерткіш деп баға­лауға да болады. Қазақ тарихында Қорқыт баба, Кетбұға сынды ұлы күй­шілердің мұрасы халық санасынан өшкен жоқ. Қазақ күйшілері мен ком­позиторларының аты гранит тасқа қашалып жазылуы бая­ғы көктүріктердің заманын еске түсіреді. Күлтегін мен Білге қаған жазулары тас­қа қа­шалып күні бүгінге дейін жетті. Ха­лық жадынан шық­пайтын 101 адамның есімі тасқа ғана емес, ұлтының жү­ре­гінде жазылды деп қа­рауы­мыз керек», деді жиында сөз алған «Күй анасы» рес­пуб­ли­калық қоры жа­нын­дағы ақса­қалдар алқа­сының мүшесі Уәлихан Қалижан.

Аллеяның кіреберісіне, ортасына – қазақ халқының шаңырағы, екі жа­ғына – инс­тал­ля­циялық үлгіде мыстан құйы­­лып жасалған домбыра мен қобыз орнатылған.

Қазақстанның мәдениет қайраткері, дирижер, ком­пози­тор Нұрлан Беке­новтің жетек­­шілігімен елуге жуық жас күй­ші­ден құралған ұлттық ас­пап­тар оркестрі, «Ар­қа әуен­­­дері» ұлттық ансам­блі сол жер­де күй ойнап, ке­­лу­ші­лер­дің кө­ңі­­лінен шы­ға білді.

Белгітасты жасаған мү­сінші Жалын Баурқан, ал идея авторы – профессор Тө­леген Қуанышев.