Соның ішінде Шымкент қаласының әр ауданынан 4 отбасыдан іріктеп алынып, қалалық кезеңге 16 отбасы қатысқан. Арнайы комиссияның шешімімен бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем чемпионы Біржан Жақыповтай аптал азаматты тәрбиелеп өсірген Құттыбековтер отбасы жеңімпаз деп танылып, байқаудың республикалық кезеңіне жолдама алды.
– Халқымызда «Отан – отбасынан басталады» деген ұғым бар. Себебі отбасы қай заманда да ел болашағы – жастарды тәрбиелейтін шаңырақ болған. Сондықтан отбасы институтының іргесін нығайту – Қазақстанның келешегін кемелді етудің бірден бір кепілі. «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының мақсаты да сол, үлгілі отбасыларды анықтап, олардың өнегесін өзгелерге көрсету және де ұлттық салт-дәстүріміз бен отбасы құндылықтарын насихаттап, отансүйгіш, ізгі ұрпақ тәрбиелеу, – деді Ұлттық байқаудың
қалалық кезеңінің марапаттау рәсімінде сөз сөйлеген Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Мұратжан Шотанов.
Басқарма басшысының айтуынша, халқымыз ежелден ұлттық және отбасылық дәстүрлерге берік. Бұл қоғамдағы рухани құндылықтардың сақталуына оң ықпал етеді. Сондықтан аталған іс-шараны Қазақстанның әлеуметтік саясатының маңызды бөлігі деуге толық негіз бар.
Сонымен бірге «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы – бір шаңырақ астында берекелі өмір сүрудің қаншалықты маңызды екенін түсінуге, отбасылық өмір салты, ата-аналық парыз, жауапкершілік секілді ұғымдарды ел санасына сіңіруге, әсіресе жастарға жеткізуге мүмкіндік береді.
Ендеше жеңімпаз отбасының өзі туралы қысқаша мағлұмат бере кетсек, Бокстан Әлем чемпионы, халықаралық спорт шебері «Құрмет» орденінің иегері, үш олимпиада ойындарының қатысушысы, әлем біріншілігінің қола жүлдегері, Азия чемпионатының екі мәрте күміс жүлдегері, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы Біржан Жақыповтың әкесі 69 жастағы Жақып Құттыбеков бүгінде жекеменшік спорт мектебінің директоры қызметін атқарады. Ал анасы Қарлығаш Зәуірбекова саналы ғұмырын жас ұрпаққа білім беруге арнаған ұлағатты ұстаз. Қырық жылдан астам уақыт бойы шәкірттерге математика пәнінен сабақ берген Қарлығаш апай бүгінде құрметті еңбек демалысында. Екеуінің отасқанына биыл – 45 жыл. Бақытты ата-ана төрт перзент тәрбиелеп, олардан 15 немере сүйіп отыр.
Марапаттау рәсімінде жеңімпаздар мен қатысушыларға қала әкімінің Алғыс хаты мен бағалы сыйлықтар тапсырылды. Ал іс-шара соңы мерекелік концертке ұласты.
ШЫМКЕНТ