24 Мамыр, 2014

Озық ойлы Орманов

948 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Нургали КеримбекулыӘйтеуір, кейіпкер етіп жазатын болған соң озық ойлы деп оздырып отырған жоқпыз. Ормановыңыздың сондай сапаға лайық екені рас. «Осы Орманов туралы жазыңыздаршы» деп өтінетіндер аз емес. Оңтүстік Қазақстан облыстық онкологиялық диспансерінің бас дәрігері Орманов қой ол. Нұрғали Керімбекұлы. Әкесі Керімбек те, анасы Мәрия да мұғалім болған. Төрт ұл, бір қызды тәрбиелеп өсіре жүріп: «Бәріңді қайдан білейік, бір-екеуің дәрігерлікті оқысаңдаршы», − деседі екен. Нұрлан физиканы таңдапты, қазір кәтта профессор. Нұрғали әке-шеше тілегін орындауға тырысты. Інісі Ерғали мен қарындасы Гүлғайша да сөйтті. Ербол басқа мамандықты қалады. Нұрғали Орманов 1977 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтын тәмамдап, хирург мамандығын игерді. Туған ауданына, ауруханаға дәрігер-хирург боп орналасты. Ақ желең әдемі жарасатын, алайда, жап-жас, жіп-жіңішке, ұзын бойлы жігіт тым балаң көрінетін. «Бала, көп ойланады екенсің», − десетін егде дәрігерлер. «Бала, кітапты көп оқиды екенсің, оқу өтіп кетпегей», − десетін орта буын өкілдері. Сол көп ойланатын, көп оқитын бала дәрігер тез танылған. Дәрігер-хирург ретінде. Тоғыз жылдан кейін аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің емдеу-профилактикалық істер жөніндегі орынбасары болды. Екі жылдан соң облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Әбдуәлі Жақсыбаев пен аупартком хатшысы Исатай Сарықұлов аудан­­­дық медицина бірлестігінің бас дәрігері орындығына отырғызды. Құттықтады. Елге аян ерен емгер, байырғы басшы Әбекең: «Нұрғали шырақ, біз сені атқа отырғыздық, ал енді бұл аттың тулайтыны болады, түсіп қалсаң, өкпелеме, өз обалың өзіңе», − деді. Ол жылдар өте-мөте қиын еді. Барлық салалар сияқты медицина да құлдыраған. Әсіресе, 1989-1991 жылдары не жалақы жоқ, не дәрі жоқ, не ауруларға беретін тамақ жоқ еді. Көп ойланатын, көп оқитын бас дәрігер сырқаттардың палаталарына кіріп, небір-небір ақындардың өлеңдерін жатқа оқып жұбататын. Асқар Бейсенбаев дей-тұғын кәсіпкер ауруханаларға ұн берді. Нұржігіт дейтін іскер жігіт жанармайдан көмектесіп, «Жедел жәрдем» көліктерін тоқтатпауға тырысатын. Кейіннен солардың бірі әкім, екіншісі, орынбасар болды ғой. Ауданда жүргеннің өзінде ол «озық ойлы Орманов» атанған. Мейірбандық. Парасаттылық. Жоғары мәдениет. Ормановқа тән-тұғын. Өзге салалардың басшылары біле бермейтін, оқи қоймаған жаңалықтарды, әлемдік әйдік әдептер мен әдіптерді бәрі де осы Ормановыңыздан алғаш естіп елеңдесер еді. Кітап оқу сәннен қала бастаған сайын Орманов қайта құныға түсетін. Жұмыс бөлмесіндегі сөрелерде том-томдап кітаптар мен журналдар тұратын. Қат-қат газеттер жиналатын. Ормановыңыз он бір әкімді көрді. Түлкібас ауданында. Жиырма бір жыл бас дәрігерлікте жүргенде. Әкімдердің де әкімі бар. Медицинадан титімдей де түсінігі жоқ, ақ желеңді абзал жандардың жұмысы мен тұрмысы, мамандықтарының айырмашылықтары хақында бас ауыртқысы келмей, бас дәрігерге әдейі әкіреңдейтіндері де болған. Тіпті біреуі басқа аудандарда әбден әдеттеніп, дәнігіп үйренсе керек: «Маған ай сайын пәлен теңге әкеп тұрасың, мейман көп», − деген талап қойған. Нұрғали Орманов тікесінен салды. Әдетінше. Мәймөңкеге жоқ қой. «Мен өзім пара алмаймын. Сондықтан, ешкімге пара бермеймін, әкім мырза!» − деді. Анау әкімнің танауы аспан тепкендей. «Онда ұзаққа бармайсың!» − деп кіжінді. «Аспаныңызды тастап жіберсеңіз де, айтарым осы», − деді Орманов. Нұрғали Керімбекұлы аудандық мәслихатқа депутат-тұғын. Күндердің күнінде аудан басшысы сол кездегі ардагерлер кеңесінің төрағасымен, тағысын-тағылармен келісіп, әкімдік кеңсесінің алдындағы Алаш ардақтысы Тұрар Рысқұловтың ескерткішін орнынан алып, көшірмек әрекетке кіріскенін білді. Бірден қарсы шықты. «Тұрар болмағанда, тағы бірер миллион қазақ қырылар еді ғой, сол үшін де басымызды иіп, күн сайын тағзым етуге тиіспіз. Ұлы қайраткер ескерткішін сақтап қалғаныма қуанамын», − дейді Нұрғали. 2008 жылғы күзде облыстық балалар ауруханасына бас дәрігер болып тағайындалды. Мұнда да жаңалықтарды көбірек ендірмекке ұмтылды. Шетелдерде оқытып, мамандық жетілдіру ісіне басымырақ мәніс берді. Туа біткен ақауы бар бала­ларға, ас қорыту және тыныс алу орындарында мүкісі бар сәбилерге операция жасау сапасы жоғарылады. Міне, бес жылдан бері Орманов облыстағы онколо­­­­­­гиялық диспансерді басқарады. Сонау 1998 жылы медицина ғылымдарының кандидаты атанған. «Әлеуметтік гигиена және денсаулық сақтауды ұйымдастыру» мамандығы бойынша жоғары са­натқа, «хирургия» мамандығынан бірінші санатқа ие. Ғылым мен тәжірибені тең ұстайды. Ондаған ғылыми еңбектердің авторы. Бірталай медальдармен марапатталған. Олардың ішінде «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісі де бар. Бес жыл бұрын «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі» атағы берілген. Былтыр Түлкібас ауданының Құрметті азаматы атанған. Туған ауданында осы атақ берілген күні Тұрар ескерткішіне гүл шоғын қойып, басын иіп, тағзым жасаған, ұзақ-ұзақ ой кешкен. ОҚО онкологиялық диспансерінде 210 орын бар. Нұрғалиыңыз 450 адамға басшылық жасайды, олардың 82-сі дәрігерлер. Ұжымда ұйымшылдық та, кәсіби деңгей де жоғары. Ұрпақтар сабақтастығы берік дәстүрге айналған. Жетпіс үш жастағы даңқты дәрігерлер Жандарбек Жұматаев пен Пайыз­хан Байкенжеев, сондай-ақ, Гүлбахрам Ж­еті­баева, Ирина Мұхитдинова, Аққали Маймақов, Қазыбек Сыздықов, Давранбек Арыпжанов сияқты саңлақтар, талантты жастар көп. Бас дәрігер білім жетілдірмекке, көп оқу мен көп тоқуға, мамандықты ұштай түспекке ерекше көңіл бөледі. Жұмыс бөлмесіне кірсеңіз, том-том кітаптарды, қат-қат газет-журналдарды көресіз. Диспансердің бас дәрігері бұрынғыша қазақ ақындарының өлеңдерін жатқа оқиды. Ауыр дертке шалдыққандарды жауһар жыр шумақтарымен де емдейді. Қайбір ғасырда Қытайдың иманды императоры поэзияны сүймейтін парасатсыздарды ешқандай басшылық қызметке тағайындамау туралы пәрмен шығарған екен. Қазіргі Қытайыңыз сол ғасырыңыздан бермен қарата көбейіп, көркею жолына түскен деседі. − Елбасымыздың 2012 жылғы Жолдауында онкологиялық ауруларды емдеуді жан-жақты дамытуға өзгеше мән берілді, − дейді Нұрғали Орманов. – Елімізде осыған сәйкес онкологиялық емдеу ісі жетілдіріле түсті. Арнайы даму бағдар­ламасы жасалды. Жол картасы жүзеленуде. Президент алға қойған міндеттерге орай облыс басшысы Асқар Мырзахметов те, сала басшысы Жұмағали Исмаилов та тиісті қамқорлықтар қарастыруға, талапшылдықты биіктетуге баса назар аударады. Ұжымымыз уақыт талабын, Елбасы тапсырмаларының маңызын терең түсінеді. Бүкіл республика бойынша ең төмен өлім көрсеткіші – осы диспансерде. Онкологиялық ауруды ерте анықтау және оны сапалы емдеу – міне, аталмыш аурухананың аса абзал міндеті де, мақсаты да осы. Егер ерте анықталса, сырқатқа шалдыққандардың 80-85 пайызы ауруларынан айығады. Қатерлі ісіктің алдын алу үшін скринингтік зерттеулерге ерекше мән берілуде. Аурудың алдын алу, ертерек анықтау шараларын атқару жөнінде ОҚО онкологиялық диспансері алда келеді. Мемлекет тарапынан бөлінетін қаржы да шынайы қамқорлықтың айғағындай арта түсуде. Соңғы үш жылда 2 миллиард 17 миллион теңге көлеміне жетті. Аса қымбат тұратын химиялық препараттарды тегін қолдану біраз елдерде ғана бар. Қазақстаныңыз солардың қатарында. Шырайлы Шымкент шаһарының биіктеу тұсында, Ахмет Байтұрсынов пен Тұрар Рыс­құ­лов көшелерінің қиылысында облыстық онко­ло­гиялық диспансер орналасқан. Қайран Ахаң мен Тұрардайын ардақтыларыңыз кезінде Ала­шыңыздың, қайран қазағыңыздың қамы үшін бас­тарын қатерге тігіп еді. Елінің азат боларына, келешегіне сеніп еді. Озық ойлы Ормановыңыз сол арыстардың бүгінгі сарқытындай сезіледі. Мархабат Байғұт, «Егемен Қазақстан». ШЫМКЕНТ. Суретте: Нұрғали ОРМАНОВ.