Олимпиадалық спорт түріне енетін көгалдағы хоккей спорты кейінгі жылдары Қазақстанда қарқынды дамып келеді. Азия чемпионаттарында жүлде салып жүрген ұлттық құрама өкілдері әлемдік деңгейдегі жарыстарда да лайықты өнер көрсетіп жүргенін жанкүйерлер жақсы біледі. Енді, міне, жастар құрамасы да үзіктер қатарынан көрініп, Азия кубогында алғаш рет топ жарды.
Орталық және Оңтүстік Азияның алты құрамасы өнер көрсеткен Талдықорғандағы тартысты бәсекелерде Қазақстан құрамасының қыздары топтық кезеңде тек қытайлық Тайбэй спортшыларына ғана жол беріп (финалда дәл осы құраманы жеңді), қалған ойындардың барлығында қарсыласын қапы қалдырып, Азия кубогының жеңімпазы атанды.
Атап айтқанда, жерлестеріміз құрлық бәсекесінің топтық кезеңдегі алғашқы турында Тәжікстан құрамасын 18:0 есебімен тізе бүктірсе, кейінгі ойында Индонезия хоккейшілерінен басым болды – 5:0. Үшінші турда қытайлық Тайбэйден 0:2 есебімен жеңіліп қалған жерлестеріміз кейінгі екі матчта Гонконг (7:0) пен Өзбекстан құрамаларын (2:0) жеңіп, финалдық сайысқа жолдама алды.
Әр төрт жылда бір рет өткізілетін Азия кубогының биылғы финалында топтық кезеңде ең көп ұпай жинаған Қазақстан мен қытайлық Тайбэй құрамалары шығып, отандастарымыз 7:2 есебімен жеңіске жетіп қана қоймай, осы жарыстағы есесін қайтарды. Ал үшінші орын үшін өткен бәсекеде Өзбекстан спортшылары Индонезияны жеңіп, Азия кубогының қола жүлдегері атанды. Бұған дейін ұйымдастырылған жастар арасындағы Азия кубогы бәсекелерінде қытайлық Тайбэй құрамасы (2003, 2011, 2014) үш рет жеңімпаз атанған болса, Малайзия (2007) мен Сингапур (2019) спортшылары бір-бір мәрте үздік шыққан-тын.
Сондай-ақ жарыс қорытындысы бойынша, қытайлық Тайбэй өкілі Хуан И-Чунь Азия кубогының үздік сұрмергені, ал Ван Ю-Чин үздік ойыншы атанды. Сондай-ақ Қазақстан құрамасының бас бапкері Нұржан Бейбітов турнирдің ең үздік жаттықтырушысы атағына ие болса, Ділназ Олжабаева ең үздік қақпашы аталымында топ жарды.
Бір аптаға жалғасқан жарыстың жабылу салтанатына Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Диас Ахметқалиев, Жетісу облыстық спорт басқармасының басшысы Алмат Үшкемпіров, Қазақстан хоккей федерациясының президенті Берікқазы Сексенбаев, вице-президенті Махмұд Орман, федерацияның бас хатшысы Серік Қалымбаев және тағы басқа шет мемлекеттерден келген лауазымды тұлғалар қатысып, жарыс жеңімпазы мен жүлдегерлерін марапаттады.