Қазақстан • 21 Қазан, 2022

Құнды құжаттар енген жинақ

206 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазіргідей алмағайып заманда айналамыздағы ежелден көрші елдермен ауызбіршілік пен түсіністікке қызмет ететін істің бәрі де өзекті. Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығына арналған кітаптың тұсаукесерін де осындай маңызды оқиғалар қатарына енгізуге болады.

Құнды құжаттар енген жинақ

Оқырман үшін осы отыз жылда екі ел арасында саяси-құқықтық, экономикалық, әлеу­меттік-мәдени, ғылым-білім және гуманитарлық салалардағы ынты­мақтастыққа қатысты 200-ге жуық маңызды құжатқа қол қойылғанын айта кету керек.

Алматыдағы Әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық уни­вер­ситетінің Әл-Фараби атын­­дағы кітапханасында өткен «Қазақстан-Қытай: тату көрші­лік және өзара тиімді ынтымақ тастықтың отыз жылдығы» атты кітаптың тұсаукесері осы іске ұйытқы болған екі тараптың да көрнекті өкілдерін тоғыстырды.

Мерейтойлық кітаптың тұсау­кесері аталған университетте өтуі кездейсоқтық емес, екі елдің дипломатиялық қарым-қатынастарына қатысты бар­лық дерек, мәлімет пен ілкімді оқиғаны жинақтауға Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­вер­ситеті мен Қытайды зерттеу орталығы мұрындық болған.

Шежіресі мол кітаптың жарық көру салтанатына Қазақстанның ҚХР-дағы Төтенше және өкілетті елшісі Шахрат Нұрышев, ҚХР-ның еліміздегі Төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяо, Тұң­ғыш Президент кітапханасы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қазақ­стан және Қытай Сырт­қы істер министрліктері, сарап­тамалық құрылым өкілдері қатысты.

Қолымызға тиіп отырған кітапта 1992-2022 жылдардағы екіжақты қатынастар жан-жақ­ты зерттелген. Кітапқа Тұңғыш Президент кітапханасы, Сыртқы істер министрлігі, «Казахстанская правда» газеті редакциясының мұрағат материалдарының негі­зінде бірегей анықтамалық де­ректер, аса маңызды ресми құжат­тар, сирек фотосуреттер жи­налып, 30 жыл ішінде қол қо­йылған қолданыстағы келісімдер мен шарттардың тізімі енген.

Тәуелсіздік бедеріндегі екі тараптың барыс-келісін, алыc-берісін саралаған жинақ­тың жарық көру құрметіне жиналғандар екі сағатқа созыл­ған жиынға ең маңызды жайт­тарды сыйдыруға  тырыс­ты. Кітаптың басты ерекшелігі – қазақ, орыс және қытай тіл­дерін­­дегі үш бөліктен тұруы. Он­дағы ұсынылып отырған ресми құжаттардың басым бөлігі алғаш рет мемлекеттік тілге аударыл­ғанын ерекше атап өткен жөн.

– Қазақстанда синология жақ­сы дамып келеді әрі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ си­но­логтердің жаңа буынын даярлауда ерекше рөл атқа­рып отыр. Университетіміздің шығыстану факультетінің синология кафедрасында үш дәрежелі мамандар – бакалаврлар, магис­транттар және докторанттар (PhD) даярланады. Университетте ғылыми орталықтар – Қазіргі Қытайды зерттеу орталығы жұмыс істейді, Конфуций институтының да жұмысы белсенді, – дейді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ проректоры Әсел Увалиева.

Қазақстан Республикасы­ның Қытай Халық Республикасын­дағы Төтенше және өкілетті елшісі Шахрат Нұрышев кітапта бұрын басылмаған екі тарап қол қойған құжаттардың толық тізілімі және н­е­гізгі страте­гия­лық құжат­­тар­дың мәтіндері беріл­генін атап өтті.

«Көпшілікке және екіжақты қатынастарды зерттеушілерге қызықты болатын 30 жыл ішін­дегі мемлекет басшылары дең­гейіндегі өзара сапарлардың жылнамасы, Қазақстан және ҚХР арасындағы қазіргі кездегі мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестікті дамытуды көздейтін түрлі деңгейдегі тетіктер туралы ақпарат ұсынылған. Қытай – еліміздің ең ірі сауда серіктес­тері­нің бірі. 2021 жылы екіжақты сауда айналымы 18,2 млрд дол­ларға жетсе, осы жылдың 8 айы­ның статистикасы бо­йынша бұл көрсеткіш 26%-ға өсіп, 15,4 млрд долларды құрады. Яғни жылдың қорытындысы бойынша сауда айналымы жаңа биік межеге жету ықтималдылығы жоғары», деді Ш.Нұрышев.

Өз кезегінде Қытайдың Қазақ­­стандағы дипломатиялық миссия­сының басшысы Чжан Сяо жинақтың терең талдауымен, беделді бағаларымен, жан-жақты мұрағаттық деректерімен және эксклюзивті фотосуреттерімен ерекше екеніне тоқталды.

Қорыта келгенде, салиқалы кітап халықаралық қатынастар, шығыстану саласындағы дипло­маттарға, мамандар мен студенттерге және Қазақстан-Қытай қаты­­­нас­тарының дамуына қызы­ғу­­шылық танытатындарға бағдар бола алады.

 

АЛМАТЫ