Биыл шығысқазақстандық аналар үшін жағымды жыл болып отыр. Облыстық мәслихаттың шешімімен төртінші бала туған өңірдегі әрбір ана 50 мың теңге мөлшерінде әлеуметтік көмек алатын болды. Аймақ экономикасы өрге басқан сайын аталған әлеуметтік көмектің көлемі де ұлғая түспек.
– Біздің өңіріміз мұндай идеяны елімізде бірінші болып қолға алды. Алдағы уақытта кәсіпкерлер мен кәсіпорындар да көпбалалы аналарды қолдайды деп ойлаймыз. Өңірімізде көпбалалы жас отбасылардың көбейгенін қалаймыз, – деді аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев көпбалалы аналармен кездесуде.
Сондай-ақ, облыс басшылығы барша көпбалалы аналарға танымал сауықтыру-емдеу кешендеріне сертификаттар табыс етті. Оның ішінде Алакөл, Рахман қайнары, Көктау сынды демалыс орындары мен Өскемендегі этноауыл, бассейн, театр және тағы басқа әлеуметтік-мәдени орындарға жыл бойы тегін кіруге арналған абонементтер бар.
Шығыс өңірінде 16 мыңнан астам көпбалалы ана тұрады. Олардың барлығы «Алтын алқа», «Күміс алқа», ертеректе берілген «Батыр ана» атақтарына ие және «Ана даңқы» орденімен марапатталған жандар. Сондай-ақ, 8 мыңға жуық ана кәмелеттік жасқа толмаған төрт баладан асатын отбасылардың ұйытқысы болып отыр.
Кездесуге облыстың барлық қалалары мен аудандарынан 40-қа жуық көпбалалы ана қатысты. Олардың арасында қысқы Азия ойындарының екі мәрте чемпионы Мария Федоренко, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскери оркестрінің концертмейстері Ольга Сағындықова, Өскемендегі ана мен бала орталығының директоры Рая Рахимова сынды қоғамда белсенділігімен көзге түсіп жүрген жандар бар.
Кездесуге Зайсан қаласынан келген Бибәтіш Рахымжанова сексеннің екеуіне шыққан екен. Әжейдің балалық шағы соғыс жылдарына тап келсе де, тылда ауыр еңбек ете жүріп, 8 баласын өсіріп, жеткізген. Елімізде түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген балалардың анасы қазір 24 немере мен 6 шөбере сүйіп отыр.
– Барлық жас қыз-келіншектерімізге ана бақытын тілеймін. Біз соғыстан кейінгі қиын жылдарда да дүниеге бала әкеліп, өсірдік. Ал қазір мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып жатыр, – деді Бибәтіш әже.
Қысқы Азия ойындарының екі дүркін чемпионы Мария Федоренко жуықта дүниеге үшем әкелген екен. Өңір басшылығы бақытты ананың отбасына кең пәтер беруге уәде берді.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
ӨСКЕМЕН.