24 Мамыр, 2014

CӨЗ СОЙЫЛ

330 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Әзіл - оспақ, сын - сықақ

Су мен шу – Сел келеді... сел келеді! – Деп үрейі ұшқан шұбап ел келеді. Қарғын суды белуардан кешіп, Қайда барарларын білмей тербеледі. Ауылды түгел су басып кетті, Су басқан соң шу басып кетті. Әуелі қора құлады, Оны көріп шулап бала жылады, Артынша ана жылады. Қойшы, құлағың тұнады. Қора құлағаны құт екен, Бұл қайдан келген жұт екен? Артынша там құлады. Шулағанның әкесі сонда болды, Бүкіл дала жылаудан жаңғырады. – Әкім қайда, ойбай, әкім қайда? Осындайда жәрдем шақырмай ма? Әншейінде бізге келіп есеп береді, Мұндайда қасымызға жақындай ма? – Деп шалдар әкімін іздеді, Біреулер жақынын іздеді, Үшіншілері қатынын іздеді. Әйтеуір, бір көмектің боларынан, Күдерлерін үзбеді. Сарғайтып күткен әкім келді, Зардап шеккендерге жақын келді. – Алланың селін мен әкелгенім жоқ, Үйлеріңе неге қарамайсыңдар? Өз баспаналарыңды қауіпсіз етпеген, Бәрің де жарамайсыңдар. Бақадай шулап топталып  тұрғанша, Неге үйлеріңе тарамайсыңдар? – Деп өзегіне шоқ түскен, Сары самаурындай бұрқ-бұрқ қайнады. Көздері бұқаның көздеріндей шатынап, Маңдайыңда ойнады. Не көмек бермесе, Не жұбата алмаса, «Әкім бол, халқыңа жақын бол», – Деп жүргеніміз емес пе  бір далбаса. Қабағы қату әкімнен халық та жасқанады, Бұлар елді қалай басқарады? *  *  * Халық айтса қалт айтпайды, «Су ағады, тас қалады». Сабырбек ОЛЖАБАЙ. ШЫМКЕНТ.

Оқу бітірген оқымыстылар

Без имени-1

Мергенбай айтқан екен

Өзің көрініп қаласың

Шора үнемі басқалардың жұмысына баға бере сөйлеп, «мен бастық болсам», «мен әкім болсам» дегенге құмар-ақ. – Айналайын Шора, – дейді сондайда Мергенбай. – Сен басқа болғанға құмартпасайшы, аржағынан өзің көрініп қалып, жұрттан ұят болады ғой.

Кінә кімнен?

– Жас кезімде талай қыз кездесті ғой, солардың ішінен осы қатынды таңдағаныма таңмын! – деді Жолтай тағдырына налып. – Басқалардың Нұрқамалдан артықтығына көзің жете ме? – деді Мекең құрдасына. – Ойбай-ау, олардың көбін көріп жүрмін ғой, жарасымды отбасын құрып отыр емес пе?! – Мүмкін, саған кезікпеген­дік­тен де шығар, осыны да бір ойласаң қайтеді? – депті Мер­генбай.

Ұқсастық еске түсіреді

– Анау Смағұл мұғалімді көргенде, менің ойыма Сүйен марқұм түседі. Жұртпен дауласып жүруші еді ғой, – деп Сәлім өз әдетіне басып, ауылдың белсенді жігітін жамандауға кірісті. Оның әңгімесін создырмау үшін Мекең де, оның сөзін қостағандай болып: – Біреуді көріп, біреу еске түсетіні рас, – деді Мергенбай. – Сені көргенде, мен де Жамалбекті еске алам. Ол да сен сияқты былтыр алған қарызын әлі бермей жүр.

Аман қалудың жолы

– Айталық, Меке, бір саяхат­тың кезінде бір адам жегіштердің қолына түсіп қалдың делік, сонда қайтер едің? – деді Әбсәт құр­дасы. – Сені жұрт жол тапқыш дейді, қайтіп жол табар едің? – Мен жеке өзім ғанамын ба, жоқ қасымда сен де барсың ба? – Жарайды, мен де болайын. – Онда алдымен сені жегізу­дің жолын табамыз ғой, – деді Мергенбай. – Ал олар сенің арақ сасыған етіңді жеген соң, қазақ­тардың бәрі осындай болар деп, басқамызға жоламас. Өкінбе, қазақтарды құтқарып, құрбан боласың. Мамадияр ЖАҚЫП. АЛМАТЫ.

Шолақ мылтық

Бесобада жа­ңа тұрғызылған көп­қабатты үйдің қирап қалуына байланысты құрылыс мате­риалдары бас қосып, жиын өткізеді: – Мен әшейін төбесін ғана жауып тұрдым ғой, үйдің құлауы­на мен кінәлі емеспін, – деп ақталды шатыр. – Сонау Қытайдан келіп көмектестік қой біздер, – дейді арматуралар. – Біз аз болсақ та, кәдім­гідей жабылып жұмыс істедік, – дейді құмның бір түйірі. – Мінезіміз жұмсақ әрі бос болса да, құрылыстың берік болуын қаладық қой біз де, – деп ақталады кірпіштер. Осы кезде бәрі бір бұрышта бір уыс болып бүгежектеп тұрған цементке шүйліге бастайды. Ол болса: – Неменеге маған дікеңдей бересіңдер, әрі-беріден соң менің ол құрылысқа мүлде қатысым жоқ!.. – деп мүләйімсіді. Камшат ЖҰБАТХАНОВА. АСТАНА.

Иір-қиыр интернет

Ілдекең интернет келмей тұрып есейіп-ержеткеніне өкінсе де, баласының бағы жанып, заманы соған тура келгеніне тәубе дейді. Әсіресе, докторлық диссертациясына керек мағлұматтарды бүге-шігесіне дейін тауып берген баласына дән риза... Керегіңді айта қал, іздеп із кезеді де әп-сәтте алдыңа тастайды. Ілдекең баласы тауып берген мағлұмат атаулыны қиыстырып: – Атыңнан да, затыңнан да айналдым интернет... Сен болмағанда архив кезіп жүнжіп бітер едім-ау!.. – деп риза кейіпте күбірлеп отыр еді, аяқасты бойжеткен қызы: – Әке, мені алып қашып кетті! – деп жайсыздау хабарды дүңк еткізгені. Ілдекең: «Бағың ашылсын!» дей жаздап барып, «алып қашқан» деген сөзді қолапайсыздау көрді де: «Қазір қызым, хабарласамын» деп тоқтау айтып, болашақ құданың аты-жөнін сұрап алды да, баласына: – Мына кісі жөніндегі бар мағлұматты тездетіп тап! – деп болашақ құданың аты-жөнін алдына тастады. Интернет із кесіп: «Күзетші. Кейінгі әйелімен пәтер жалдап тұрады. Бұрындары істі болып сотталған...» деген мәндегі мағлұмат берген бойда Ілдекең, қызына: – Құртамын! О заманда бұ заман алып қашты деген не сұмдық! Келісім берме! Барамын да көздеріне көк шыбын үймелетемін, түрмеге тоғытамын! – деп тоқ етерін айтып жұлқына жолға шықты. ...Орта жолдан асқанда баласы хабарласып: – Әке, бағанағы мағлұмат басқаша болып тұр, интернет қателесіпті... Құдаңыз шенеунік екен. Баршылықтың иесі. Интер­нет болашақ құдаңыздың зәулім коттеджі алдында түскен суретін де көрсетіп тұр, – демесі барма. Біреу Ілдекеңнің үстінен мұздай су құйып жібергендей болды... Көлігін кідіртіп, ақылға келе сабасына түсіп: – Қызым, әкеңді тыңдасаң келісіміңді бер. «Өз еркіммен келдім» деп қолхатыңды жаз. Барған жеріңде бағың ашылсын, – деп тоқ етерін айтып кері қайтты. ... Аулаға енгені сол еді, баласы қолында ноутбугы: – Әке, әпкемнен болашақ құдаңыздың аты-жөнімен қоса туған жылын сұрап алып интернеттен қайта іздеп көріп едім... фамилиястар бірдей болып шығып, анығы – болашақ құдаңыз бағанағы басындағы кісінің нақ өзі екен, – демесі барма... ... Ілдекеңнің үстінен біреу тағы да мұздай су құйып жібер­гендей болды... Көзі қарауы­тып, аяғы тәлтіректеп: – Атаңа нәлет иір-қиыр интер­нет! Түбімізге жеттің, жет­кіз­­бей желке қидырдың! Бәрі­нен де қызымның қолхат беріп қойғанын айтсаңшы! – деп табалдырыққа құлап сылқ түсті... Ерсұлтан МАҒЖАН. ТАЛДЫҚОРҒАН.

Алла бізді қолдаса

Зәулім үйлер не керек, Ішіне бала толмаса, Сеңсең  ішік не керек, Жылқы жайып тоңбаса. Ұрпақ тілеп не керек, Өзіңнен артық болмаса, Наркоман не  маскүнем, Әдеттерін қоймаса. Қазақ болып не керек, Бас пен жамбас қоймаса, Туыс болып не керек, Көңілің көншіп толмаса. Атағыңнан не пайда, Істеген ісің оңбаса, Маңдай терден не пайда, Басыңа бақыт қонбаса. Халық бұлай болмас еді, Алпауыттар сормаса, Миллиардер болса да, Көздері оның тоймаса. Әділдік қайтып болады, Жемқорды тұтас жоймаса, Тәубешіл адам болар ед, Құранға терең бойласа. Адам атадан тараған, Түп-төркінін ойласа, Халық іріп кетеді, Бөлінуін қоймаса. Адам қайтіп көбейеді, Некеге қыздар тұрмаса, Ауыл қайтып көгереді, Бюджеті жетпей ұрласа. Әкімдерді сыйлар ек, Халықтың жайын ойласа, Етегіне намаз оқыр ек, Періштедей қорғаса. Текті атадан тумаған, Адамшылық болмаса, Құлшылықты тек қана, Бір Аллаға жолдаса. Қазақ мәңгі өлмейді, Берекесін жоймаса. Қазыхан ӘШЕ. АЛМАТЫ.

Ауылдың айтқыштары

Ақын Мұқатай Жылқайдаров бір күні Кегенге қарай өтетін күре жолдың бойында көлік күтіп тұрыпты. Біраз уақыт өткенде сол кездегі Кеген ауданының бірінші хатшысы мінген ақ шаңқан волга өтіп барып, тоқтай қалады. Мұқатай ақын жүгіріп жете бергенде көлік орнынан қозғалып кетеді. Іле-шала екінші көлікке мінген ақын көздеген жеріне әлгілерден бұрын жетіпті. Кегенге келе сала өлең жазып, оны аудандық газетке жариялап жібереді. Ертеңіне бірінші хатшы өз көмекшілеріне тапсырма беріп, Мұқатайды кеңсесіне алдырады. «Мұқа келіңіз, мына жүрісіңіз болмас, басыңызға үй алып берейін, жағдайыңызды жасайық», – деп мәймөңкелепті. Өзін орта жолда қалдырып кеткен хатшының бұл ісіне аң-таң болған ақын үстелде жатқан газетті жұлып алып: «Бұл Кегенде сен қалмайсың мен қалам, Болашаққа сен бармайсың мен барам. Ақын ұлын түбінде бір жоқтайды, Аман болса, асқар тауым, кең далам!   Асфальтта жүрмесем де «Волгамен», Жалғыз жаяу қалмаспын-ау жолда мен. Келешекке сенен бұрын жетемін, Өлең деген желден жүйрік жорғамен.   ...Сенген халқың санап еді дарынға, Сол дарының сүңгіп кетті-ау қарынға... ...Күндеу емес, жүндеу емес өлеңім, Қызмет деген өсті-ау сенің өнерің. Мың күн емес, бір күндік қой көрерің, Айқын енді, бықсып барып сөнерің», – деп ақын әкімнің жасаймын деген жағдайына қарамай кеңседен шыға жөнеліпті. *  *  * Жиі ауысып жататын әкімдердің санында қисап бар ма. Райымбек ауданына қызметке барған су жаңа әкімнің бірі ауыл-аймақты аралап жүріп, Қарасаздағы «Мұқағали» мұражайына бас сұғыпты. Сол кездерде мұражайда қызмет істейтін айтыскер ақын Қасен Саматыров жаңа келген әкімді мұражай жұмысынан жан-жақты хабардар етеді. Бірақ, әлгі әкім Қасекеңді жыға танымаса керек. Есік алдына шығып: «Сізбен дұрыстап таныспадық»,  қой деген әкімге, Қасен ақын: «Әкім мырза жол болсын бұл ісіңе, Таңырқап мен де тұрмын жүрісіңе. «Өлгендердің» құлағын шуылдатпай, Шапан жап мен сияқты тірісіне», – деп ұялтқан екен. Көрген БІЛГЕНОВ. Алматы облысы.

Қалталылар туралы қағытпа

«Қалталы» мық­ты кейкиіп оты­рып өзі шамалас мығымға: – Сонау Вати­каннан келген бетім. Ой-хой, мені ондағы Әулие әкейдің өзі қабылдап, көзбе-көз, екеуден-екеу отырып тура бір сағаттай әңгімелестік, – дегенде, анау есінеп алып: – Білемін, ол кісі оны маған қалта телефоныма хабарласып айтты... – деген екен. * * * Байлығымен аты шыққан бір мырза қайыршыға ақша тастап тұрғанда ана сабаз: – Сіздің балаңыз маған бұдан екі есе ақша тастайды, – деп қалады. Сонда байшыкеш: – Е, оныкі жөн! Өйткені, оның аса бай әкесі бар, – деген екен... * * * Байшыкештің баласы әкесіне келіп: – Егер мен математикадан «бес» алатын болсам, онда сіз доллар беремін дегенсіз. Кеше мұғалім «үш» қойып еді, бүгін «екі» алдым... Екеуін қоссам «бес» болып тұр. Уәдеңізді орындайтын шығарсыз? – дейді. – Әлбетте! Міне, кешегіңе бір доллар, міне, бүгінгіңе біреу, екеуін қоссақ – уәде еткен он бір... – депті әкесі.

Бүгінгі тәсіл Шулату керек, шулату, Шулату керек қалайда. «Деловой видпен» шулатсаң, Боласың «үлгі» талайға.

Тақырып қойып тулатып, Газетпен көтер еңсені. Ашу керек шулатып, Екі адамдық кеңсені. «Камаз» шығарам де, ел сенед, Болмаса да бұранда. Шығармасаң да белсебед, Шулата бер, ұранда. Шулататын күн бүгін, Не десе де ел мейлі. Ертеңіне олар бір-бірін, Шулатып, сірә, ерлейді. Бұдан шығар жол кәні, Құдай қылдық жекені. Атанбасақ болғаны, Шуылдақтар мекені. Үкім ет Жаналғыш ракета – жендеттей, Үсті де дүмпу, асты да. Ентігеді дем жетпей, Сыр бойы науқас – астма. Ау, Үкімет, үкім ет, Елге қалған шеттегі, Беріңдер ауа, оттегі. Теңеу – Агай, казакша тусинем, айта алмайм, Орысшадан кайта алмайм. – Көріп тұрмын, Орысшаға шешенсің, Без имени-2Өз тіліңе бөтенсің. Бәрін түсініп, айта алмайтын, Итім сияқты екенсің. Орынбасар ӘЛЖІК. ҚЫЗЫЛОРДА.

Мүйісті жүргізетін Берік САДЫР