Қоғам • 25 Қазан, 2022

Ұлт – ұлық, ер – құлдық

298 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Күндіз отырмадым, түнде ұйықтамадым» дейтін Күлтегін заманы дәл қазір қазақ ұлтының басына келіп тұр десек, қателесе қоймаспыз. Қай заманда да, қай бір жайдағы жоқ, жыртқышы мол кезеңде де қазақ баласы көкбөрідей жонын берген жоқ. Жолбарыстай жортып, киіктей қарғып, қырандай қалықтап, сұңқардай сорғалап күн кешіпті.

Ұлт – ұлық, ер – құлдық

Міне, жаңа ғасырдың жиырма екі жылын да артқа тастағалы тұрмыз. Не бітірдік, не қойдық де­ген сұрақ андағайлай алдыңнан шығатыны рас. Сонау Абылай за­манынан кейін отарлық қақпа­нына мықтап түскен өр қазақ көкжалдай «сирағын» шай­нап, бармағын тістеп келгені тағы ақиқат.

Замана тағдырының талқы­сында тас шайнап, мұз жастан­ған еліміз қандай қатерлі сәтте де ертеңіне деген үмітінен айырыл­ған емес, болашаққа деген се­німмен байырғы бабалары жо­лын жалғастырды. Осы үрдіс күні бүгін де қазаққа қайырымен бұйы­рып келеді.

Алаштың алдаспан ақыны Мағжан айтқандай, «толқыннан толқын туып, толқынды толқын қуып» тағдыр-талайын әр буын абыроймен атқарып келгеніне бір Алла мен алты Алаш қауымы куә. Оны ірге жау мен белдеу жау болып келе жатқан дұшпандарымыз да еріксіз мойындайды. Кешегі Сырым мен Кенесары, Исатай мен Махамбет рухы қазақ бойынан атойлап шығып келгенін батыр Бауыржан мен Оспан батыр бастаған қанша ерлеріміз дәлелдеп бергені ақиқат.

Бір Желтоқсан көтерілісі қа­зақ баласының ғана рухын оят­қан жоқ, біле білсек, ұлттар жанын жаныштау мен намысын таптау, мойымас рухын бір­жолата жасытуда алдына жан сал­маған коммунистік жүйенің іргесін шайқалтып, талайлы тағ­дыры таптауда отырған басқа ха­лықтардың рухына да өшпес сәуле түсіріп, жан-жүрегіне рухты сенім ұялатып беріп еді... Соның арқасында айналасы бес жылға да жетпейтін уақытта әлем­ді қызылдатқан қанды импе­рия опырыла құлады. Бірақ оның озбыр санасы мен салған жүйесі, сұрапыл ойы мен сұмдық іс-әре­кеті әлі де жалғасып келе жат­қаны белгілі.

Қол жеткен тәуелсіздіктің отыз жылында көк туымызды кө­­тер­дік, іргемізді бекіттік деп қом­­пиғанмен, кең-байтақ жеріміз бен дарқан көңіл халқымыз үшін бітпей жатқан, бітіспей жатқан қаншама шаруа шаш-етектен екенін көріп отырмыз. «Ереуіл атқа ер салмасақ» та, «егеулі найза қолға алмасақ» та еліміздің ішінде дау мен еріміздің сыртында жау барын байқап отырған жайымыз бар.

Мұндай алмағайып кезеңнің өтінде отырғанымызды ойласаң, жаның түршігіп кетеді. Жат жұрт атаулы ішіңде кердең мінез көрсетіп, тысыңда керез сөз сап­тап тұрған сәтте жеріңнің тұ­тас­тығы мен еліңнің ұйытқысы са­­наңа салмақ салары сөзсіз. Ұл­тың­ның ұлықтығы мен халқың­ның бірлігіне күмән келтіріп, найза бойламас жымсыма әрекет пен қауіпті іске бармасын ойлауыңа тура келеді.

Бүгінгі күн бұлыңғыр санадан аулақ болуға үндейді. Қара қазақ баласы құбатөбел күн кеш­се де, сайран-сауық ой кешсе де, «Тәуелсіздіктің қадіріне жетіп жүрміз бе?» деген сергек сана әрбір азаматты күндіз күл­кісінен, түнде ұйқысынан айырып, ақылақ ақылын тербетуге тиіс! Сонда ғана бекем берекеміз бен бірегей бірлігіміз рухымызды суаттандырады, жанымызды қуаттандырады.

Ұлт – ұлық, ер – құлдық. Ұлан-ғайыр ұлтымызға ұлағатты ұлықтай қызмет қылайық! Ерен еңселі елімізге ер атаулы құлдық ұра еңбек етейік!

 

Асқар АЛТАЙ,

жазушы