«Бозоқ» Ұлттық паркі – Астананың туристік бренді әрі маңдайалды рәмізі ғана емес, елорда тұрғындары мен қонақтарының мәдени демалыс орнына айналып, ішкі және халықаралық туризмнің өсуін қамтамасыз етеді.
Іс-шарада сөз алған Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев «Бозоқ» қалашығының тарихи құндылығы зор екенін атап өтті.
«Бұл жерде ұлттық саябақ құрудағы мақсат – тарихи-мәдени мұраның бай қабатын сақтау және онымен үндес болу, оны қалың жұртқа көрсетіп, танымал ету. Болашақта бұл аумақ Ұлы дала тарихын бейнелейтін кешенді археологиялық саябаққа елордамыздың тұрғындарын ғана емес, сонымен қатар Қазақстан мен әлемнің түпкір-түпкірінен келген туристерді тартатын орталыққа айналады», – деді министр.
Сондай-ақ тарих ғылымдарының докторы, академик Ерлан Сыдықов көне қалашықтың тарихы мен маңызы туралы айта келіп, іргетасы қаланған ауқымды жобаға сәттілік тіледі.
Ал «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Сәуле Бурбаева бүгінгі бас қаланың тарихы осы шаһардан басталып, ежелгі дәуірде онда адамдар өмір сүргені жайында ғылыми негіз бар екенін жеткізді.
«Бұл туралы 1998 жылы Бозоқ қалашығын ашқан есімі әлемге танымал археолог Кемел Ақышевтің ғылыми тұжырымдамаларының арқасында біліп отырмыз. Ежелгі шаһардың қирандылары Бұзықты көлінің шығыс жағалауынан табылған. Осы 20 жыл ішінде ғалымдар бұл аймаққа қазба және зерттеу жұмыстарын жүргізіп, ауқымды істер атқарды. Мұнда табылған әрбір жәдігер осы аумақтың бай мәдениеті болғанын дәлелдейді», деді аталған музей-қорығының басшысы.
Айта кетейік, жоба құрылысы 2025 жылға дейін жалғасады.