Ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы Балалар жылына орай, байқауда кішкентай оқырмандарға арналған үздік шығармалар және жасөспірімдерге арналған үздік шығармалар деген екі аталым бойынша сыйлық тағайындалған. Мұның сыртында, бір арнайы сыйлығы тағы бар. Қазылар алқасы байқауға келіп түскен материалдарды жабық түрде оқып шыққан.
– Автордың аты-жөні көрсетілмеді. Қазылар жұмыстарды бағалап, қорытындысын бізге ұсынды, – деді облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов.
Қазылар алқасы қазақ тіліндегі екі номинацияны да Алматы қаласынан келген Мейіржан Жылқыбайға беруді ұйғарыпты. «Менің атам – Қожа» және «Шуақ» деген екі әңгімесін байқауға тапсырған жас жазушының бас жүлдесін өңірге арнайы жұмыс сапарымен келген Жазушылар одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет тапсырды.
Автордың айтуынша, алғашқы әңгімесі Бердібек Соқпақбаевтың әйгілі шығармасындағы Қожа қартайғанда кім болар еді, оның немерелері қандай бала болып шығар еді деген оймен жазылған. Жеңімпаздың шығармасы да, шығармашылыққа келу тарихы да қызық.
– 13 жасымда көлік қағып кетіп, бір жыл ауруханада жаттым. Төбеге жай қарап жата бергенше кітап оқиын деп ойладым. Осылайша, ағылшын жазушысы Алан Милннің «Винни-Пухын» оқи бастадым. Бұл кітаптың ұнағаны соншалық, оқып біткеннен кейін «Неге маған да осындай сүйкімді кейіпкерлер туралы шығарма жазып көрмеске» деген ой келді. Осылайша, тәуекел деп қолыма қалам алдым, – дейді Мейіржан Жылқыбай.
Кейін Мейіржанның қолжазбасын тауып алған анасы қуанып, ұлының әңгімесін мектептегі ұстаздары мен құрбыларына көрсетеді. Қолжазба сөйтіп жүріп бір күні Дулат Исабековтің қолынан бір-ақ шығып, ақыры әйгілі жазушының алғысөзімен кітап болып басылып шығады.
Автор бүгінде IT саласында жұмыс істейді: веб және андроид қосымшаларын жасайды. Компьютер техникаларын жөндейтін шеберханасы да бар. Жас қаламгердің қазіргі балалар әдебиеті туралы пайымы да бөлек.
– 2017 жылы «Батыр қоян» деген кітабым Оңтүстік Кореяда төрт тілде басылып шықты. Сол кезден бері қазақ балалар әдебиетінің өткені мен бүгіні, келешегі туралы көп ойланатын болдым. Менің түсінгенім, бізде контент тұтыну мәдениеті әлі дами қоймаған. Мен көрген Кореямен салыстыруға мүлде келмейді. Бізде жетіспейтін бір нәрсе – маркетинг жоқ. Яғни жазушы өзінің туындысын өнім деп, ал оқырманды өзінің клиенті деп қарамайды. Көбіміз не жазғымыз келеді, соны жазып жүрміз. Үлкен қателігіміз де осында. Ал оқырман не оқығысы келеді? Онымен санасып жатқан жоқпыз. Содан кейін жастар кітап оқымайды деп ренжиміз. Көбіне кітап пен кітапты, жазушы мен жазушыны ғана салыстырып, жарыстырып қоямыз. Ал негізі, кітапқа интертеймент, яғни біздіңше айтқанда, ойын-сауықтың бір түрі ретінде қарау керек. Мәселен, қазір балақайлар бас алмай қарайтын шетелдік мультфильмдер де ойын-сауықтың бір түрі. Біз сол мультфильмдердің авторлары қолданған аналитикалық амалдарды шығармашылыққа да қолдануымыз керек. Қарапайым ғана мысал айтайын, үйінде кішкентай қыздары барлар біледі, «Лол» деп аталатын қуыршақ шығаратын MGA Entertainment деген компания бар. Былай қарасаң, түкке тұрмайтын кішкентай ғана ойыншық, бағасы 30-40 мың теңгеге дейін барады. Бағасы удай болса да, жұрт баласы үшін сатып алып жатады. Ал олар не істейді? Олар ойыншықтың үлгісін жасамас бұрын балаларды қызықтыра алатын нендей дүниелер бар екенін анықтап алады. Осы амалдарды әдебиетте неге қолданбасқа? – дейді Мейіржан Жылқыбай.
Байқауға Қарағанды облысынан қатысқан Елена Пономаренконың «Опаленное детство» әңгімелер жинағы орыс тіліндегі үздік шығарма аталымы бойынша жеңімпаз атанды.
Қостанай облысы