Аймақтар • 26 Қазан, 2022

Асқаров ардақталған күн

358 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың жүз жылдығына орай Шымкент қаласында ауқымды іс-шаралар өтіп жатыр. Соның алғашқысы мегаполистегі Әл-Фараби алаңының маңындағы белгілі тұлғаның ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды.

Асқаров ардақталған күн

Аталған іс-шараға кезінде А.Асқаровтың көзін көрген, бірге қызмет атқарған замандастары – еңбек ардагерлері, зиялы қауым өкілдері және осы мақсатқа орай Шымшаһарға арнайы келген қо­нақтар қатысты.

Гүл шоқтарын қою рәсімінен соң жиналған қауым қайраткерді құрметпен еске алып, есімін ұлық­тады. Солардың ішінде Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан Асанбай Асқаровтың мегаполистің дамуы­на өлшеусіз үлес қосқанын тебі­рене жеткізді.

Қазақ елінің өркендеуі жолында уақытын да жанын да аяма­ған тұлғалардың қатарында Асекеңнің есімі ерекше аталады. Және дәреже тұрғысынан ол кісінің алар орны әрдайым биік­те тұрады. Шымкенттіктер әрда­йым ардақты азаматты жадын­да ұстап өтеді. Өйткені ол қала­ның гүлденуіне, көркеюіне көп ең­бек сіңірген адам. Мұндай тұлға­лардың халық жадынан ұмыт қалуы мүмкін емес деді ол.

Іс-шара барысында Асанбай Асқаровтың қызы Жанна Асан­бай­қызы мен Қонаев қоры­ның төрағасы Эльдар Қонаев та сөз алып, жылы естеліктерімен бө­лісті.

Сондай-ақ осы күні Асанбай Асқаров атындағы қордың және Ардагерлер кеңесінің ұйым­дас­тыруымен «Риксос Хадиша» қонақүйінің үлкен залында ғы­лыми конференция өтті. Атал­ған жиын А.Асқаровпен бір­ге кезінде қызмет атқарған за­ман­дастарының, еңбек арда­­гер­­­лерінің, қалалық мәсли­хат депутаттарының, ғалымдар­дың, мәдениет пен өнер қайрат­кер­лерінің, бір топ зиялы қауым өкілдерінің және ұстаздар мен жастардың басын қосты.

Конференцияда мінберден сөз сөйлегендер А.Асқаровтың мемлекет және қоғам қайраткері ретіндегі тұлғалық қасиеті ту­ра­лы баяндама жасады. Біре­гей тұлғаның тағдырдан талай таяқ жесе де адамдық, адалдық қасиетінің туын жықпай биік ұстағаны, ар-намысын таптат­па­ған, ішкі жан тазалығына кір шалдырмай кеткен азамат болғаны мазмұнды баяндалды. Ол Алматы, Жамбыл, Шымкент облыстары партия комитетінің бірінші хатшысы лауазымында болған уағында мансапқа алданып тура жолдан тайқып кетпеді. Үш облысты табаны күректей 26 жыл қатарынан басқару сол заманда Орта Азия елдері басшылары­ның ішінде тек А.Асқаровқа ғана бұ­йырыпты. Сонша жыл қазағы қалың өлкелердің тізгінін ұстаса да ерен тұлға елдің қасиетін, жердің қадірін кемел жүрекпен сезініп, өзі туып-өскен туған жер­дің өркендеуі жолында аянбай еңбек етті.

 Халқы үшін аянбай қызмет еткен қайраткер өзінің саналы ғұмырында шарықтауды да, құл­дырауды да бастан ке­шір­ді. Халқының шынайы сүйіс­пен­шілігіне бөленді. Сондай-ақ ал­мағайып замандағы саяси қақ­тығыстардың да құрбаны болды. Елге қызмет етудің үлгісін көр­сеткен Асанбай Асқаровтай тұл­ғаның өмірін, ерен еңбегін осы залда отырған ардагер ағалар көзбен көрді. Ал біз секілді жас буын сіздер айтқан тағылымды әңгімеден өнеге алып келеміз. Оның жарқын бейнесін ұрпақ­тан-ұрпаққа жеткізу біздерге артыл­ған аманаттық парыз, мәртебелі міндет. Шарболаттай рухы биік азамат қасиетті қаламды серік етіп, кітаптар жазды. Қанша­ма қиындық көрсе де адалдық қасиетін биік ұстады. Ол өзінің қаламгерлік қарымымен де хал­қына қалтқысыз қызмет етіп, өткен мен бүгіннің дидарын дөп басқан ой толғамдарымен, ес­те­лік, өлеңдерімен артына мол мұра қалдырды, деді қала әкі­мі жасаған баяндамасында. Асқа­ровтың «жақсы басшы болу үшін адамда үш қасиет болуы шарт: біліктілік пен зиялылық, тазалық пен адалдық, халқын шексіз сүю, осы үш қасиет болса, ұйымдастыру қабілеті уақыт өте қалыптасады. Басшылардың ке­лесі буынына айтқан бұл қасиет ат үстінде жүрген әрбір аза­маттың ой түбінде жатуға тиіс. «Тәуелсіздіктің қадірін бодан боп жүргенде емес, осындай ер­кін­дікте, теңдікте, дербестікте біл­ген жақсы. Ол үшін ұлттық санаға, қозғау салмай болмайды. Ұлттық санаға жетпей ұлт болудың қиын екенін ұмытпаған жөн деді шаһар басшысы Мұрат Әйтенов құттықтау сөзінде.

Конференциядан соң дендро­­саябақта ағаш көшеттері отыр­ғызылды.

Мемлекет және қоғам қай­раткері, еңбек жолында респуб­ликадағы үш ірі облысты бас­қар­ған, халықтың ерекше ықы­ла­сына бөленген Асанбай ­Асқа­ровтың туғанына 100 жыл то­луы­­на орай Ж.Шанин атындағы Шым­­кент қалалық академиялық қа­зақ драма театрында жазушы Мархабат Байғұттың «Асқаровтың аққа­йыңдары» атты драмасы сахналанды. Белгілі тұлғаның ғұмыр шежіресінен сыр шертетін қо­йы­лымда кейіпкердің ішкі жан күйзелістері барынша шынайы әсер қалдырады. Автор мемлекет қайраткері Асанбай Асқаров пен жазушы Шерхан Мұртаза арасындағы сұхбат арқылы бір ұлттың тұтас бір кезеңдегі тарихынан сыр шертеді. Талай дарабозды шабысынан сүріндірген қаскөйлік деген жаман қасиет қазақ қоғамында кеше ғана пайда болды десек қателесеміз. Ас­қаровтың заманында ол тіпті жаңаша сипат алғандай әсерге бөледі. Сол секілді спектакльдегі Жағымпаз бен Жандайшаптың ұрпақтары арамызда бүгін де, ертең де өмір сүре береді. Сыртқы келбеттері ғана өзгермесе, қалған іс-әрекеттердің барлығы қай заман келсе де қайталанып отырады. Жағымпаз бен Жандайшапты сахнадан көрген сайын сананы алдымен осындай ой баурайды. Қысқасы жазушы драматург Мархабат Байғұт осы спектаклі арқылы ерен тұлғаның қырын жан-жақтан аша білді.

Асанбай Асқаров тек талантты басшы емес, ақын, зерттеуші, өз ұлтын сүйген азамат болған. Оның «Тағдыр», «Жұмақ пен то­зақ жырлары» жыр жинақтары, «Ұлы Тұранның ұлдары», «Мен еліммен біргемін», «Өлмейтін артымда сөзім қалса» атты өсиет кітаптары жарық көрген.

Халқы үшін туған ер есімін ел жадында мәңгілікке қалдыру үшін бүгінде жергілікті әкімдік тарапынан біршама істер атқарылып жатыр. Солардың ішіндегі ең маңыздыларын атап өтсек, қазір­гі таңда Шымкентте Асанбай Асқаровқа қойылған ескерткіш бар. Мегаполистің бір көшесі белгілі тұлғаның есімімен аталады. Сонымен бірге бүгінде талай оқушы А.Асқаров атындағы орта мектепте оқып жүр. Талантты бас­шының құрметі үшін шаһардан арнайы мұражай ашылған. Ал осыдан екі жыл бұрын қала бас­шылығы қоқыс полигонын жасыл аймақ еткен Асанбай Асқаровтың атын дендросаябаққа беру туралы ұйғарым шығарды.

 

ШЫМКЕНТ