25 Мамыр, 2014

Чемпиондар лигасы: Финалға лайықты тартысты ойын

378 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

24-05-14-futbol-real-atletiko-2

24 мамыр. Лиссабон. «Эштадиу да Луж» стадионы. 60976 көрермен. Төреші: Бьорн Кейперс (Голландия). «Реал» (Мадрид) – «Атлетико» (Мадрид) 4:1 (0:1). «Реал»: Икер Касильяс, Даниель Карвахаль, Серхио Рамос, Рафаэль Варан, Фабиу Коэнтрау (Марсело, 59), Лука Модрич, Сами Хедира (Иско, 59), Анхель Ди Мария, Гарет Бэйл, Карим Бензема (Альваро Мората, 79), Криштиану Роналду. «Атлетико»: Тибо Куртуа, Хуанфран, Жоао Миранда, Диего Годин, Фелипе (Тоби Алдервейренлд, 83), Рауль Гарсия (Хосе Эрнесто Соса, 66), Тиагу Мендеш, Габи, Коке, Давид Вилья, Диего Коста (Адриан, 9). Голдар: Диего Годин (36), Серхио Рамос (90+3), Гарет Бэйл (110), Марсело (118), Криштиану Роналду  (120-пенальти). Ескерту: Рамос Серхио (27), Сами Хедира (45+1), Марсело (118), Рафаэль Варан (120+3), Криштиану Роналду (120+1) – Руаль Гарсия (27), Жоао Миранда (53), Давид Вилья (72), Хуанфран (74), Коке (86), Габи (100), Диего Годин (120).

 24-05-14-futbol-real-atletiko-1

Кеше, мамырдың 24-і күні түнде Португалия астанасы – Лиссабон қаласында испан елінің бас қаласы – Мадридтің  «Реал» және «Атлетико» командалары Чемпиондар лигасы финалында кездесіп, ойын 4:1 есебімен бұлардың алдыңғысының пайдасына шешілді. Бұл туралы ras.kz хабарлады. Финалдық ойынға ғана лайықты нағыз фантастикалық матч болды бұл! Бәлки, ол футбол ойыны сапасы тұрғысынан қарағанда, аса көрнекті болып шықпаған да шығар. Бірақ жұрт оны қызықтай отырып, буырқанып атылған сезімдерді, көңіл-күйдің ерекше бұлқынысын, шиеленіскен сюжеттерді көрді. Футбол, міне, осынысымен де қымбат, осынысымен де қызықты! Серік ПІРНАЗАР. Ойынға кіріспе Чемпиондар лигасы , әлбетте, Еуропаның клубтық деңгейдегі футболының шыңы болып табылады. Кәрі құрлықта, сірә, оның шыңына шығуды армандамайтын бірде-бір команда да, жалғыз-жарым футболшы да жоқ. Ал биыл екінші жыл қатарынан сол асуды алуға бір елдің екі бірдей ұжымы таласа-тармаса ұмтылды. Былтыр ғана Лондондағы атақты «Уэмбли» стадионының төрінде немістің екі жамағаты – Мюнхеннің «Бавариясы» мен Дортмундтың «Боруссиясы» шайқасқан болатын. Енді сол кепті Испанияның бір қаласының – Мадридтің екі клубы – «Реал» мен «Атлетико» киді. Бұл – аталмыш турнир тарихында бір қаланың екі командасы бас бәйгені сарапқа салған финалда бірінші рет тоқайласуы! Әрине, «Реалдың» құрлық турниріндегі тәжірибесі де, атағы да қарсыласына қарағанда, анағұрлым артық. Соңғы кезеңдері ол 2000 жылы финалда испанның тағы бір командасы – «Валенсияны» 3:0 етіп ұтты. Арада екі жыл өткенде «сарымайлар» немістің Леверкузенінің «Байерін» жеңіп шықты. Алайда, содан бергі «бланкос» финалда ұту мәртебесіне қайтадан жете алмай қойды. Бір текті, яғни өз отандасымен өткен финалда ойнау тәжірибесі бұған дейін «Атлетиконың» да басынан өтті. Рас, ол Еуропа лигасында орын  алды. 2012 жылы аталмыш команда Бильбаоның «Атлетигімен» ұшырасып, 3:0 деген есеппен жеңіске жеткен еді. Шыны керек, құрлықтық жарыстардағы табыстары бойынша Мадридтің бұл екі жасағын бір-бірлерімен салыстыру тіпті де мүмкін емес. Бұған дейін «Атлетико» Еуропа лигасында екі рет бас бәйгені алып, сонау 1962 жылы Кубок иелері кубогына қол жеткізген-ді. Ал Еуропа Чемпиондар лигасының финалына ол бірінші рет шығып отыр. Команда Еуропа чемпиондары кубогы үшін шайқастың ақтық сынына 1974 жылы бір рет жетіп, онда немістің «Бавариясына» жол беріп қойған еді. Өз кезегінде «Реал» алты рет Еуропа чемпиондары кубогын ұтып, кейінгі Чемпиондар лигасында үш рет бас бәйге алып үлгерді. Оның ойыншылары тағы екі мәрте УЕФА Кубогын төбелеріне көтерді. Ойын барысы Кездесудің басынан «Реал» допты тізгіндеп ұстады. Қорғаушы Карвахальдан ұдайы қолдау алып тұрған Бэйл оң қапталдан бірнеше рет шүйлікті. Бір жолы ол Бенземаға әдемі доп асырды. Оны алған француз футболшысы өкшесімен допты бұған қайтарды. Бірақ қақпашы Куртуа оны жарты жолдан қағып кетті. Алғашында «Атлетико» өз алаңы маңына көп күш шоғырландардырып, қорғанысқа көшуге мәжбүр болды. Қарсыластарының жойқын шабуылын барынша басуға тырысқан олар сонымен бірге тасқамал қорғаныстың аясында қалып қоюға да оншалықты құштар бола қоймады. Сол себепті де Диего Симеоненің шәкірттері өздерінің қарсы шабуылдарын ұйымдастырудың жолдарын ұдайы іздестірумен болды. Айналып келгенде, «матрасшылардың» қарсы алаң жаққа ең бірінші жорығы айып доп соғуға алып барды. Рас, оны шартты түрде қонақтар саналған атлетиколықтар мұны өздері үшін тиімді пайдалана алмады. Ал алғашқы оныншы минуттың ақырында Диего Симеоне ойыншылар алмастыруға мәжбүр болды. Ол өзінің толық күшінде ойнай алмаған Диего Костаның орнына Адрианды шығарды. Аргентиналық бапкер жарақаты бар шабуылшыны старттық құрамда алаңға шығарудың үлкен қателік болғанын осы тұста ғана аңғарса керек. Бір аптаның ішінде тізе жарақаты қалпына келе қоймайтынына оның көзі енді ғана жеткен шығар. Дегенмен, «Реалдың» ойын басындағы қатты қысымы уақыт ұзаған сайын біртіндеп босаң тарта берді. Ақырында екі жақ ойынындағы таразы басы теңескендей қалып танытты. Осы тұста екі жақ та көптеген қателіктерге ұрынды. Ал гол соғатын сәттерге екі жақ та қол жеткізе алмай жатты. Матчтағы бірінші тура соққы 14-минутта жасалды. Оны Рауль Гарсия алыстан ұрып орындады. Бірақ доп қақпа бағанының ортасына туралап барған жоқ. Осыдан кейін матчтағы қарқын біршама басылып қалды. Командалар қайтадан алаң үстінде үстемдік құру жолындағы күрестерін жалғастыра берді. Осы кезде ойыншылардың барынша сақтық жасап жүргендері де көрініп тұрды. Егер кездесудің басында «Реалдың» оң қапталы мейлінше белсендірек қимылдаған болса, бірінші таймның экваторы шамасында ойынның негізгі айқасы қарсы қанатқа ауысып кетті. Сол жақпен Коэнтрау бірнеше рет рейд жасап та көрді. Бір жолы тіпті ол қауіпті болуы ықтимал айып добының соғылуына да себеп болды. Стандартты соққыны Модрич жасады. Бірақ оның шірене ұрған добы зуылдап ұшып барып, тура Куртуаның қолынан бір-ақ табылды. Көп ұзамай «Атлетико» қарсы шабуылға қауырт көтеріліп, Касильястың дарбазасы маңын торуылдап алды. Оның ойыншылары тіпті бір рет бұрыштама добын да соқты. Ал одан нәтиже шығара қоймағасын, артынша өз айып алаңдары аумағына қайта топтасуға мәжбүр болды. «Бланкостың» жылдам ұйымдастырған қарсы шабуылын олар тек тәртіп бұзу арқылы ғана тоқтата алды. Бұл жолы осыған байланысты белгіленген айып добын соғуға Роналду ынта танытты. Оның зыңылдай ұшқан ұшқыр добы қақпа шеңберін туралап жетті. Бірақ Куртуа қателесе қойған жоқ. Осыдан бастап алаң үстіндегі ойлы ойын өзінің өрнегін жоғалта бастады. Оның орнына тірнекті тірес пен кескекті күрес бірінші планға шықты. Алайда, бұған қарадай қапа болудың да реті жоқ еді. Себебі, мұндай ірі ауқымдағы турнирдің бастан-аяқ футбол ойынының сабағына кіретін үздік үлгі қалпында өтуі мүмкін де емес болатын. Түпкі нәтижесі жеңіс болып табылатын кездесулерде көп жағдйда сол мақсатқа жетудің басқа да тәсілдері қолданылып жатады. Бұл жолы да солай болды. Сондай текетірестің барысында ықтимал меймандар Касильяс қақпасына қарай кезекті мәрте шабуылға шықты. Оның «бланкос» үшін бірден өкінішті болып аяқталуы да мүмкін еді. Осы мезетте бір-бірлерімен үйлесімді ойнай алмаған реалдықтар өз қақпаларына доп та жіберіп қоя жаздады. Алайда, Адрианның айып алаңы сыртынан ұрған добы ортадағы ойыншылар шоғырына тиіп, кері қайтты. Ал король клубының бұған жауап ретінде жасаған қарсы жорығы бұдан да қауіпті көрінді. Алдымен Тиагудың салғырт берілген пасын Бэйл жары жолда қағып әкетті. Содан соң қарсыластар тарапынан бірде-бір тосқауыл көрмеген Гарет айып алаңы ішіне емін-еркін қойды да кетті. Бірақ валлилік жігіт қақпаға қарай тез соққы жасаудың орнына ретсіз кідіріп қалды. Осылай қолайлы сәтті жіберіп алды. Арада екі минут өткенде, футболда айтыла беретін «сен соға алмасаң, саған соғады» деген қағиданың орындала кететін мезеті же туа қалды. «Матрасшылар» кезекті мәрте бұрыштамадан доп жеткізу құқығына ие болды. Олар әуелетіп әкелген допты «Реал» ойыншылары дәсәуілгіде кері қайтарып, қауіптің бетін аластатқандай болып еді, алайда, «Атлетико» жігіттері оны қайтадан айып алаңына асырып, Диего Годиннің баспен қақпаға қарай ұруына жол ашып берді. Осы кезде алға қарай біраз алға шығып кеткен Касильяс орнында тұрып қалмағанының зардабын тартты. Әуелеп ұшқан доп Икердің қолы жетпейтін траектория бойынша ұшып өтіп, оның ту сыртынан қақпа торына барып гүмп етті! Гол! 1:0! Есеп осылай ашылды. Қақпашының қателігінен соғылған бұл гол Карло Анчелоттидің сарбаздарын, әлбетте, қатты ашындырып жіберді. Үзіліске дейін де әлі біраз уақыт бар еді. Сондықтан «Реал» ойыншылары осы аралықта есепті теңестіріп үлгеруге барын салды. Олар Куртуаның иелігіндегі алаңға бірнеше рет қауырт шабуылдар ұйымдастырды. Бірақ бұлардың бірде-бірі нәтиже әперген жоқ. Ал «Атлетико» өз кезегінде «екінші нөмірмен» ойнауға оңай келісе салған жоқ, ол да шабуылды тоқтатпауға тырысты. Соның сәтінде Симеоне жігіттері бұрыштама соғуға да құқық алды. Оның ырғағында Адриан баспен ұрып, допты қақпаға дәл бағыттай алмады. Сәл кейін «матрасшылар» айып добын да ұрды. Бірақ Габидың соққысы қақпаға тура бармады. Осымен бірінші тайм аяқталды. Екінші таймның басынан Карло Анчелоттидің шәкірттері ойын тізгінін өз қолдарына алуға ұмтылды. Алайда, «Атлетико» жігіттері допсыз да өте жақсы ойын көрсетіп, жерлестерінің жойқын шабуылдарына белсенді ұжымдық ойынды сауатты түрде қарсы қоя білді. Соған қарамастан, 53-минутта Ди Мария керемет дриблингтің арқасында «матрасшылардың» қорғаныс қамалын бұзып өтіп, айып алаңының жиегіне жетіп келді. Сол кезде Мирандаға оны шалып құлатқаннан басқа жол қалмады. Осыған орай белгіленген айып добын Роналду жап-жақсы орындады. Бірақ өзінің позициясын дұрыс таңдаған Куртуа қатты соққыны бұрыштамаға қарай аударып үлгерді. Мұның артынша берілген корнерді «сарымайлар»  оңды пайдалана алмады. Дәлірегі, әлгіндегі Роналду қақпаға ұрғанда қиыс кетті. Король клубының ойыншылары бұдан кейін де «Атлетико» қақпасына осыған ұқсас қысым жасап көрді. Әйткенмен, Диего Симеоне жауынгерлері оның қаупін өз қақпалары маңынан алыстатып жіберуге қол жеткізді. Көп ұзамай олардың сапындағы Адриан қарсы қақпаның айып алаңына кіріп барудың орайын келтірді. Бұл шабуыл Карвахальдың шабуылшы аяғының астынан допты қағып жіберіп, қапталдан асыра салуымен аяқталды. Мұның соңынан «матрасшылар» екі рет бұрыштамадан доп тастады. Бірақ олардың екеуі де нәтижесіз бітті. Енді ойын алма-кезек шабуылға көшті. Екі жақ та өте жылдам да жігерлі ойнай бастады. Кездесудің жүріп жатқанынан бір сағат толуға қараған шамада Карло Анчелоттидің екі ойыншыны алмастырды. Ол Фабиу Фабиу Коэнтрау мен Сами Хедираның орындарына Марсело мен Исконың шығуы арқылы көрініс тапты. Бұл Мадрид дербиінің күшейе түсуіне кәдімгідей үлес қосты. Соның айғағындай арада аз уақыт өткенде, Куртуа дарбазасы алдында тағы да қауіпті сәт туындады. Тың екені қимылынан танылған Иско сол қапталдан келіп, қарсы айып алаңына қарай допты керемет етіп әуелетіп жөнелтті. Оны іліп әкетуге Роанлду мен Бензема сәл ғана жетпей қалды. Бірақ бұған қарап, «Атлетико» қақпасына гол түсетін сәт пісіп-жетілді деп те айтуға болмайды. Дегенмен, бұл тұста «Реалдың» шабуылы үзіліске дейінгі мәуріттегіден анағұрлым қауіпті болып жатты. Сондықтан «матрасшыларға» таза қорғанысқа көшіп, шабуылды қайтарып қана тұруға әсте болмайтын еді. Мұны Диего Симеоне ойыншылары да жақсы түсінді. Осының нәтижесінде олар бұл жағдайдан тиімді шығудың бірден-бір оңды жолы қарсы шабуылда жатыр деп санады. Мұның соңында Касильяс қақпасына қайта-қайта корнер белгіленген уақыттар да келіп жетті. Ал тайм экваторы ауысар шақты олардан Рауль Гарсияның орнына алаңға Хосе Эрнесто Соса шықты. Таймның ортасында «Реал» қайта-қайта қысым жасай жүріп, ақыры ойын тізгінін біржола өз қолына алып алды. Король клубы осыдан бастап позициялық тұрғыда көп шабуылдап, допты қақпаға қарай тұрақты түрде ұрып тұруды әдетке айналдырды. Олардың өкініштеріне орай, бұл соққылар ылғи қақпа бағаны жанынан зуылдап өтіп кетумен болды. Ал «матрасшылардың» орындауындағы қарсы шабуылдар барған сайын азайып, қуаты да кеми берді. Сондықтан олардың тарапынан қарсыластар жорығын тәртіп бұзушылық жолымен тоқтату жиілей түсті. Ойынның 72-минутында Ди Марияға қарсы кезекті жасалған фол «Атлетиконың» тағы бір футболшысына «сары қағаз» көрсетілуіне себеп болды. Бұл жолы оны Хуанфран өзіне жүктеді. Сол мезетте қайта өрісін тапқан шабуыл орайында Роналду шалқалай беріп, қақпаға қарай доп атты. Алайда, онысы үш бағанның ортасына туралап бармады. Ал кездесудің 75-минуты шамасында «Реал» есепті теңестірудің тағы бір тамаша мүмкіндігін жіберіп алды. Қарсыластар алаңына доппен жүгіріп кірген Бэйл қолайлы сәтте қолайсыз соққы жасады. Доп қақпаның жанынан өте шықты. Сәл кейін Карвахаль қапталдан жеткізген доп айып алаңы ішінде Искоға тап ете түсті. Оны алған ойыншы айнала беріп, қақпаға ұрмақшы бола берген. Сол кез қарсы алдынан Годин шыға келді де, допты оның аяғы астынан зытырып жіберді. Екінші таймның соңына қарай екі жаттықтырушы да өз командалары сапындағы соңғы ойыншы алмасушылықты жасауға шешім қабылдады. Карло Анчелотти осы тұста Карим Бенземаның орнына алаңға Альваро Моратаның шығарса, Диего Симеоне шаршағаны білініп жүрген Тоби Алдервейрельдті Филипе Луиспен ауыстыды.  Осы кезде екі жасақ алдында тұрған мақсат пен міндет те бөлек еді. Ол «Атлетико» үшін қалайда осы жеңісті есепті ұстап қалумен әйгіленсе, «Реалды» сол есепті алдымен теңестіріп алуға жетеледі. Сондықтан «бланкос» соңғы минуттарда, әлбетте, жойқын жорыққа шықты. Оның Куртуа қақпасы алаңына қарай жасаған үздіксіз рейдтері барған сайын қауіпті бола бастады. Сол қызу тартыс майданында «Атлетико» ойыншылары қарсыластарының есепсіз шабуылдарын қайтару жолында жосықты-жосықсыз әрекет етумен болды. Олар кездесудің алғашқы 90 минутында сол мақсаттарына жа жетті. Алайда, алаңдағы арбитр негізгі мезгілге тағы 5 минут қосты. Финалдық матчтың нағыз шиеленісі мен драматизмі осы қосымша уақытта көрінді. «Реал» бұл кезде бұрынғысынша үздіксіз алға ұмтыла берді. Сол өлермендік пен өжеттік ақыры нәтижеге де жеткізді. Алдымен Модрич бұрыштамадан айып алаңына қарай доп әуелетті. Ол ортада тұрған Рамостың басына дөп келді. Жұрттың бәрінен биік те бұрын секірген ойыншы допты Куртуа тұрған қақпаның торынан бір-ақ шығарды – 1:1! Ойынның қосымша уақыты жұртшылық күткендегідей сценариймен өрбіді. Енді есептің теңесуінен керемет екпін алған Карло Анчелоттидің жігіттері ерекше көңіл-күймен алға ұмтылды. Ал қарсыластарынан айқын басымдылықтарын көрсету үшін король клубына бар-жоғы 10 минут уақыт жетіп жатты. Бұл кезде «Атлетико» ойыншыларына қарағанда, күштері көбірек сақталып қалғаны анық байқалған «Реал» жігіттері әріптестері алаңынан шықпай қойды. Шабуылдың шарқы бұдан былай Марсело белсенділік танытқан сол қанатқа ауысты. Соның бір ауанында ол қарсыластар айып алаңына желдей есіп кіріп, допты жерлетіп тепті. Сол мезет Миранда доптың жолынан табылып, қауіптің бетін қайтарып үлгерді. Бұдан кейін Марселоның кезекті шабуылы қауіпті айып добының белгіленуіне себеп болды. Айып добын тағы да Роналду ұрды. Соққы «қабырғаға» соғылып, кері серпілді. Осы уақыттары «Реал» алаңда бір өзі жүргендей әсер қалдырды. Тек қосымша уақыттың бірінші таймы соңында ғана «Атлетико» ойыншылары қарсы алаңға жорық жасай алды. Бірақ онда да көп тұрақтай қойған жоқ. Рас, олардың сол шапқыншылықтары тағы бір бұрыштама берілуіне жеткізді. Сонымен бітті. Ал «Реал» қарсы шабуылға шығып, дәл сондай бір корнерге аяқ артты. Мұнда да бұрыштама нәтиже бермеді. Екінші қосымша таймның алдыңғыдан өзгешілігі болмады. «Реал» бұрынғысынша ойынның тізгінін қолға ұстап, шабуылдауын жалғастырып жатты. Ал «Атлетико» шанда бір орайы келе қалатын қарсы шабуылға сүйенді. Алаң иелігі өз қолдарына көшкен Карло Анчелотти жігіттері қарсы жаққа шабуылды барынша кең қанатпен өрістетуге тырысты. Сондай көп шабуылдардың бірінде Модрич жиырма метр жерден соққы жасады – Куртуа орнынан табылды. Ал арада бар-жоғы екі минут өткенде «бланкос» «матрасшыларды» ақыры «алып тынды». Кездесудің 110-минутында Анхель Ди Мария «Атлетиконың» алаңына құйындай ұшып кірді де, жақын жерден тура Куртуаға қарай доп ұрды. Ал доп алыс бағанға қарай зымырап бара жатқанда, оған Бэйл бәрінен бұрын жетіп, басын тоса қойды – 2:1. Әлбетте, осыдан кейін «матрасшылар» есепті қайта теңестірмек болып, шұғыл алға тартты. Олар күштері әбден сарқылғандары көрініп тұрғанымен, бірнеше рет жорық ұйымдастыра алды. Солардың бірінде Диего Симеоне сарбаздары бұрыштама да беріп көрді. Ал оны беру кезінде «Реалдың» қақпа алаңында нағыз дүрлігіс орын алды. Оның ойыншылары Годиннің ұрған добын әрең қайтарды. Осы тұста «Атлетико», сөз жоқ, есепті теңестіруге өте жақын қалды. Алайда, 117-минутта ол өзінің қақпасына үшінші допты жіберіп алып, барлық үміттерінен айрылып қалғандай күй кешті. Роналду қарсыластар алаңына кірген кезінде допты өзінен кейінгі Марселоға сырғыта салды. Ал алдында ешқандай қарсылық көрмеген футболшы оны алыс бұрышқа дәл түсірді – 3:1. Мұның өзі де ойынның ақыры емес еді. Ақыры қосымша таймның соңында осы кездесудің бірінші голын салған Диего Годиннің өз айып алаңы ішінде Роналдуды шалып құлатуымен аяқталды. Осыған байланысты белгіленген пенальтиді Криштанудың өзі ұрды – 4:1! Осымен тартысқа толы матч та өзінің мәресіне жетті. Кездесу даңқты клубтың бағын тағы жандырумен бірге, мұндай аса жауапты ойындарда кездейсоқтық дегеннің көп аса бола қоймайтынын, оның қалай дегенде де шын мықтының айбыны асып, айдыны озып шыға келуіне алып баратынын көрсетіп берді. Дереккөз: ras.kz. Фото: www.dw.de.