Қоғам • 26 Қазан, 2022

Үздік офицерлердің аналарына құрмет

427 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Республика күніне орай Шымкент қалалық полиция департаментінде салтанатты жиын ұйымдастырылды. Мерекелік іс-шара департамент басшылығы, жеке құрам қызметкерлері, полицейлердің аналары мен №4 балалар үйі басшысының қатысуымен өтті. Салтанатты жиында қызметте ерекше көзге түскен 70-тен аса полицейдің анасы «Үздік офицердің анасы» медалімен марапатталды.

Үздік офицерлердің аналарына құрмет

Департамент бастығының атынан барлығы 73 анаға «Үздік офицердің ана­сы» медалі тағайындалса, 10 поли­цей­дің анасына генерал Қайрат Дәл­беков марапатты өз қолымен тапсыр­ды. Осындай марапатқа ие болған­дар­дың бірі – №4 балалар үйінің дирек­торы Нұрсәуле Тастыбаева. Оның қам­қор­лығындағы 3 тәрбиеленуші – ІІМ Қа­раған­ды жоғары мектебінің курсанты.

Сондай-ақ полиция лейтенанты Ақжан Алтынбек, полиция аға лейтенанты Ерлан Жанысбаев, полиция капитандары Батыйхан Пернебай мен Еламан Абдуалиев есімді батыр полицейлердің, әлемдік полиция ойын­дарының бірнеше дүркін чем­­пион­дары полиция майоры Ғалым­жан Кат­баев пен полиция капитаны Дамир Та­шанов сынды спортшы-полицей­лер­дің аналарына арнайы медаль табысталды.

«Араға 13 жыл уақыт салып сіздер­мен бірге Республика күнін атап өту бақыты бұйырыпты. Осы сәтті пайдалана отырып, Шымкент қаласы Полиция департаментінің қалыптасып, дамуына зор үлес қосқан аңыз адам, милиция генерал-майоры Құлахмет Қалменовтің еңбегі жайында айта кеткен жөн. Ол ең қиын шақтар­да оңтүс­тіктегі полиция саласына 12 жыл табан­дылықпен басшылық етті. Қазіргі таңда қатарымызда аталған нар тұлға­ның ізімен келе жатқан қырағы сақшы­лары­­мыз жетерлік. Біз олармен әр­қашан мақтанамыз. Сонымен қатар біздің жұмысымыздағы әрбір жетістік­тің артында департаменттің жеке құрам қызметкерлерінің үлкен еңбегі жат­қанын атап өткім келеді. Барша­ңызға жанқиярлық еңбектеріңіз үшін ал­ғыс айта отырып, бақ-береке, денсау­лық, қажырлы қызметте биік жеңіс­тер тілеймін!», деді департамент бас­тығы, полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков.

ШОД

Сондай-ақ Республика күнінің құрметіне қызметтік міндеттерін адал атқарып, жұмыста жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін 60-тан аса полиция қызметкері алғысқа бөленді. Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың бұйрығымен полиция департаментінің 15 қызметкері марапатталды. Оның ішінде полиция подполковнигі Максим Сидоровтың шені бір саты жоғарылады.

Айта кету керек, биыл ел Президенті Қасым Жомарт Тоқаев Ұлттық құрыл­тай­дың бірінші отырысында Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынған еді. Осыған орай елдігіміз бен егемендігімізді білдіретін айтулы күн Парламентте бекітілді.

Мерекелік іс-шара соңында эстрада әншілерінің қатысуымен думанды концерт ұйымдастырылды.

 

ШЫМКЕНТ