Қазақстан • 26 Қазан, 2022

Ұлттың ұлы мерекесі

296 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

1989 жылдың желтоқсан айында Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1990 жылғы наурыз айында XII сайланатын Жоғарғы Кеңес сайлауы туралы қаулысы шықты. Ерекшелігі – депутаттыққа кімді кандидат етіп ұсыну арнайы тапсырмамен анықталған жоқ, үміткерлер кандидатурасы жергілікті жерден ұсынылды. Сайлау округтерінің шекарасына сай Жаңаөзен қаласы мен Ералиев ауданы бір округ болып белгіленгендіктен, «Өзенмұнайгаз» басқармасы басшысы, екі кәсіпорын басшысы, шопан мен дәрігер азаматтар кандидат ретінде тіркелді. Кандидатты тіркеу аяқталуға бір күн қалғанда әріптес, замандас азаматтардың ұсынысымен менің де кандидатурам тіркеліп, нәтижесінде, сол кездегі сайлау тәртібі бойынша депутат болып сайландым.

Ұлттың ұлы мерекесі

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Жоғарғы Кеңеске 360 депутат сайланды. Араларында 7 академик, 48 ғылым докторы мен кандидаты, 11 кеңес одағының Батыры және Социалистік Еңбек Ері болса, 23 депутат КСРО және Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты еді. С.Нұрмағамбетов, Ө.Жәнібеков, С.Тәкежанов, З.Тамшыбаева, А.Абдулин, Ш.Есенов, С.Зи­манов, М.Қозыбаев, Ғ.Қалиев, Ж.Әбділдин, Ө.Жолдасбеков, Ә.Кекілбаев, Ә.Әлімжанов, Ш.Мұртаза, К.Смайылов, М.Ша­ханов, Б.Қыдырбекұлы, А.Жұмаділдаев сынды еліміздің қайраткер ұл-қыздары, ғылым мен әдебиеттің танымал тұл­ғалары болды.

Бірінші сессияның алғаш­қы күніндегі отырыстың күн тәртібіне жаңа мәселе – Қазақ КСР-нің Президентін тағайындау енгізіліп, Қазақстан Ком­пар­тиясы Орталық Коми­тетінің бірінші хатшысы Н.Ә.Назарбаев Президент болып сайланды.

Мен Жоғарғы Кеңесте экономика ғылымдарының докторы О.Сәбденов төрағалық еткен ғылым мен халыққа білім беру ісін дамыту мәселелері жөніндегі комитеттің мүшесі болдым. Комитетте заң жобаларымен қатар, ғылым-білім­ге қатысты түрлі мәселелер талқыланып, Білім министрі Ш.Шаяхметовтің есебі жиі тың­далатын. Осы жыл­дары ашыл­ғанына он шақ­ты жыл болған Ақтаудағы (ол кезде Шевченко) «Қазақ поли­тех­никалық институтының жалпы техникалық факультеті» деп аталатын оқу орнын институт фи­лиа­лы деңгейінде құру туралы талап қойдым. Біраз талқылаудан соң алдымен филиал ашылып, кейін Гурьев педагогика институтының филиалы келіп, кейін екі филиал бірі­гіп университет болып ірілен­ді. Қазіргі Ақтау қаласындағы іргелі оқу орны, талай жас маманның бірнеше мамандық бойынша білім алып, маман болып шығуына, ел игілігіне еңбек етуіне жолдама беретін білім ордасы Ш.Есенов атындағы КМТжИУ осылай дүниеге келген еді.

Жоғарғы Кеңесте 1988 жылы жабылып қалған Маңғыстау облысын қайта құру туралы бастамамыз да қолдау тауып, сайлаушылардың депутаттарға берген басты аманат-тапсырмасы 1990 жылы 17 тамызда орындалды. Осы күні «Қазақ КСР-нің құрамында Маңғыстау облысын құру туралы» Жоғарғы Кеңес Төралқасының төрағасы Е.Асанбаев қол қойған қаулы шықты. Ел-жұрт, белсенділер мен ардагерлер кеңес одағы Конс­титуциясының 6-бабына сәйкес облыстық партия комитетінің бірін­ші хатшылығына Ә.Кекіл­баевты ұсынды, алайда облыс басшылығының тізгіні Ф.Новиковке бұйырды.

Депутат ретінде қат-қабат жұмыс ішінде жүріп 1990 жылы өзгерістер кезеңіне кел­дік. Осы жылы мамыр айына дейін Балтық бойы елдері мен Армения Одақ құрамынан шы­ғып, Әзербайжан мен Грузия егемендік туралы декларация­сын жариялады. Қазақстан м­ен Қырғызстаннан басқа республикалар маусым-тамыз ай­ларында егемендік дек­лара­циясын қабылдап үлгерді. Біз Қазақстанда Президент сай­­лағаннан кейін Мемлекеттік егемендік туралы декларацияны әзірлеуге кірістік. Қазан айында декларация жобасын комитеттерде талқылау басталды. Балама жобалар ұсынғандар болды. Талқылау үлкен пікірталаспен, өте қызу жүрді. Ол орынды да еді, өйткені декларация болашақ Конституциямыздың негізіне айналған республиканың тұңғыш заң актісі еді. Осылайша 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендік туралы декларациясы қабылданды. Сөйтіп, Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігін жариялау Қазақстан үшін өз дамуының жолын дербес анықтау мүмкіндігін ашты, сонымен қатар тәуелсіз Қазақстан­ның тұңғыш Конституциясы­ның жобасын әзірлеу керектігі айқын болды. Осы жылы 15 желтоқсанда Жоғарғы Кеңестің қаулысымен оның төрағасы басшылық еткен 35 адамнан тұратын Конституциялық комиссия құрылды. Осы жыл толықтай болашақ Конституцияның тұ­жырымдамалық ережелерін айқындауға кетті. 1991 жылғы 1 желтоқсандағы президент сайлауынан кейін Конституциялық комиссияның төрағасы болып тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев бекітілді.

1991 жылғы 16 қазанда Е.Асанбаев Қазақ КСР-і вице-президенті болып таға­йын­далып, Жоғарғы Кеңес төрағасы болып С.Әбділдин сайланды. Сессияда «Қазақ КСР-і Пре­зидентін сайлау туралы» заң қабылданып, 1991 жылғы 10 желтоқсанда Қазақ КСР-ін Қазақстан Республикасы деп атау туралы заң, 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы қабыл­данды. Сан-сапат жұмыстар толқыны тұншықтырған сол аласапыран кезде С.Әбділдин мені 25 желтоқсанда Жоғарғы Кеңес төрағасының орынбасары етіп тағайындады.

Менің еншіме Жоғарғы Кеңестің барлық шаруашы­лық жағын, оның ішінде материал­дық-техникалық жаб­дық­тау, қауі­псіздік мәселесі, депу­тат­тардың келіп-кетуіне, жұ­мыс істеуіне, жүріп-тұруы мен демалуына, әлеуметтік, ме­ди­циналық қызметпен қам­­тамасыз ету тиісті болды, ал қызметтік міндетіме Ұлт­тық Банк жұмысын қада­ғалау, Конституциялық Сот, Қазақ КСР Жоғарғы соты, Қазақ КСР-і Жоғарғы Төрелік соты­ның, Қазақ КСР Бас про­ку­ра­ту­расының бюджетін, тиіс­ті қаржы құрылымдарынан ке­йін қарап, Кеңес Төралқасына ұсы­нуым енді. Тәуелсіздіктің алғаш­қы жылдарындағы эко­но­ми­калық, әлеуметтік, қар­жы дағ­дарысы, қолданыстағы Ресей рублі­нің құнсыздануы республика бюджетіне күн сайын өзгеріс енгізуге мәжбүр ететін.

1990 жылы 15 желтоқсанда «Қазақ ССР-дағы меншік тура­лы» заңды қабылдауымыз – рес­публика қарамағындағы заң­дылықты дамытудың маңыз­д­ы сатысы болды. Осы актіде Қазақстанның барлық тари­хы­ның ішінде меншіктің негізг­і қағидаттары мен құқық ұғым­дары бекітілді. Заңның өзі заң актілерінің бірқатарының дамуы үшін базаға айналды. Тәуелсіз мемлекетіміз даму­дың нарықтық экономикалық жолына бағыт алса, кәсіп­керліктің түр-түрі нарық­тың негізі екені белгі­лі. Сол себепті 1992 жыл­ғы 4 шіл­деде Қазақстан Республи­касының Жоғарғы Кеңесі «Жеке кәсіп­керлікті қорғау және қолдау туралы» заң қабылдады. Осы заң кәсіпкерлікті қолдау мен қорғаудың негізгі түрлері мен әдістерін белгілейді, мемлекеттің жеке кәсіпкерлікке тікелей араласудан бас тарту саясатын, жеке кәсіпкерлердің барынша еркіндігін, коммерциялық құпияның қорғалуын және мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың жеке кәсіп­керлердің құқықтарын бұз­ғаны үшін жауаптылығын баян­ды етеді. Сөйтіп, азаматтар­дың және мемлекеттік емес заңды тұлғалардың өздерінің жекеменшігіне негізделген, тәуе­келмен және мүліктік жауап­кершілігіне алынып, жүзеге асырылатын, табыс табуға арналған бастамашылық қызметке жол ашылды. Қазіргі елімізде кең орын алып, ел экономикасына өзіндік үлесін қосып отырған шағын, орта, үлкен бизнестің алғашқы қадам басуына мүм­кіндік берілді.

Әр саланың тәжірибелі жүйріктерінен, елге танымал тұлғалардан құралған Жоғарғы Кеңес өз қызметін жоғары кәс­і­би шеберлікпен атқарды. Сала­лар­ға қатысты көлемді, кешенді, мазмұнды-мағыналы заңдар қабылданды, ел ішінде түрлі шаралар ұйымдастырылып, шетелдік сапарлар болды. Мұның бәрі тәуелсіз Қазақ­станның аяғынан тік тұрып, ел болып кетуіне ғана негізделген маңызды қадамдар болатын. Мен осы аса жауапты кезең­де тәуелсіз еліміздің уығын қа­даушылар қатарында болға­ным­ды мақтаныш етемін.

Биыл Президент Қ.Тоқаевтың бастамасымен 25 қазан – Республика күні болып қайта белгіленді. Дұрыс шешім деп есептеймін. Жоғарыда айтып өткенімдей, біз бұл күнге қандай қажырлы еңбектермен, үлкен сеніммен жеткен едік, ол кездер сол қалпында көз алдымда. Күн-түн демей, уақытпен санас­пай иық тірестіріп, үзеңгі қағыс­тыра қызмет еткен азамат­тардың бүгінде қатары сиреп барады. Сондықтан Рес­пуб­лика күні – мемлекет тари­хындағы аса маңызды, айтулы мереке, бұл күнде қаншама аза­мат­­тарымыздың білім-білігі, қажыр-қайраты, маңдай тері мен ұлтжанды пейілі жатыр.

Қайта оралған Республика күні құтты болсын!

 

Қайролла ЕРЕЖЕПОВ,

Жоғарғы Кеңестің XII шақырылымы депутаты,

мемлекет және қоғам қайраткері