Қоғам • 27 Қазан, 2022

Құжаттарды жедел жеткізеді

252 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

ХҚО-дан дайын құжаттарды алуға енді үйден тапсырыс беруге болады. Оны Яндекс жеткізу қызметінің курьерлері әкеп береді. Жеткізу уақыты орта есеппен бір сағатты құ­райды. Осылайша, танымал мем­ле­кеттік қызметтердің 150 түрі бо­йынша құжаттарды алуға болады. Қызмет Қазақстанның 17 қаласында қолжетімді.

Құжаттарды жедел жеткізеді

Пайдаланушының смартфонына 1414 нөмірінен құжаттардың дайын болғаны туралы, сондай-ақ express.gov4c.kz порталында дайын құжат­тар­ды жеткізуді ресімдеуге ұсыныс біл­­діретін SMS-хабарлама жолданады. Бұ­дан әрі форманы толтырып, жет­кізу мекенжайы мен телефонын көр­сетіп, жеткізілім ақысын төлеу керек.

Курьер бірден тағайындалады. Ал жеткізудің нақты уақыты тапсырыс берілген кезде белгілі бір аймақ­тағы курьерлік қызметтерге сұра­ныс­тың болуымен, межелі жерге дейінгі қашық­тыққа және жолдағы жағдайға байланысты анықталады. Ор­таша алғанда, бұл бір сағатты құрайды. Жеткізу мәртебесін Яндекс Go қосымшасында немесе SMS-хабар­ламада көрсетілген сілтеме бойынша карта виджеті арқылы бақылауға болады.

ХҚО-дан құжаттарды жеткізу азаматтарды орталыққа қайта барудан бо­сатады, сонымен бірге уақытты үнем­дейді. Бұл жұмыс істейтін адам­дарға, қалдырып кетуге болмайтын кішкентай балалары немесе басқа туыстары бар азаматтарға қолайлы.

«Азаматтарға арналған үкімет» мем­лекеттік корпорациясы» КеАҚ бас­қарма төрағасы Сүйеніш Әбділдин өзара жасалған ынтымақтастықты былай деп түсіндіреді: «Біз бұған дейін бір жұмыс күні ішінде құжаттарды жеткізу қызметін іске қосқан бола­тынбыз. Енді Цифрлық даму ми­нистр­лігінің бастамасы бойынша Ян­декс­пен бірлесіп жеткізудің неғұрлым жылдам әрі ың­ғайлы баламалы тәсілін іске асырдық. Көбінесе құжат бізге шұ­ғыл қажет болуы мүм­кін. Мұндай сәттерде Яндекс жет­кізу қызметін пайдалану ыңғайлы. Адам­дарда әрдайым жұмыстан кетуге, қай­тып келуге немесе балаларды үйде қалдыруға мүм­кіндік бола бермейді. Құ­жаттарды жет­кізу сервисі уақыт пен ақшаны ай­тарлықтай үнемдейді».

Бүгінде қазақстандықтарға 150 мем­­­­лекеттік қызмет бойынша құжат­тар­ды жеткізуге болады. Оның ішінде туу, некеге тұру және некені бұзу туралы анықтамалар, әскери билеттердің телнұсқалары, жылжымайтын мүлікке меншік құқығын мем­лекеттік тіркеу, білім туралы «апостиль» мөртаңбасы қойылған құжаттар бар. Бұл ретте жеке куәлікті, паспортты немесе жүргізуші куәлігін курьер арқылы алуға бермейді, оны алу үшін өзіңіз келуіңіз қажет.

17 қаланың тұрғындары құжат­тар­ды жеткізу қызметін пайдалана алады. Бұл – Астана, Алматы, Көк­шетау, Өскемен, Тараз, Қызылорда, Петро­павл, Ақтау, Павлодар, Шымкент, Семей, Атырау, Қарағанды, Орал, Тал­дықорған, Қостанай және Ақтөбе қала­лары. Жақын арада қызметтерді қамту аймағына Түркістан, Екібастұз және Қонаев қалалары қосылмақ.