Қазақстан • 27 Қазан, 2022

«Самұрық-Қазына» қайырымдылыққа жұмсалатын шығыстарды ұлғайтады

272 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін «Самұрық-Қазына» алаңында Экономика және жоспарлау департаментінің директоры Мират Өтеповтың баспасөз брифингі өтті. Брифинг барысында «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының қазіргі қаржылық көрсеткіштері мен 2022 жылдың алдын ала қорытындылары айтылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Самұрық-Қазына» қайырымдылыққа жұмсалатын шығыстарды ұлғайтады

Мират Өтеповтың айтуынша, 2022 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша Қордың таза пайдасы 956 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 18%-ға артық. Спикердің болжамы бойынша, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 1,85 трлн теңгеге жетеді.

Департамент директоры мұны әлемдік нарықтағы мұнай құнының өсуімен байланыстырып отыр. Тағы бір маңызды фактор - Қордың өндірістік емес шығындарды оңтайландыру бойынша атқарған жұмысы. «Самұрық-Қазына» оны компаниялар тобының қызметкерлеріне зиян келтірмей өткізеді. 2022 жылы олардың жалақысы төмен жалақы алатын лауазымдар мен өндірістік персоналға ерекше назар аудара отырып 5-тен 48%-ға дейін көтерілді. Жалпы бұл мақсаттарға шамамен 340 млрд теңге бөлінген.

Пайданың өсуі аясында Қор Қазақстандағы қайырымдылық жобаларына шығындарды едәуір арттыруға дайын екені айтылды. Қазір «Самұрық-Қазына» тобының барлық компанияларының атынан қайырымдылық қызметін Samruk-Kazyna Trust қоры жүзеге асырады. Оның 2022 жылға арналған бюджеті шамамен 10 млрд теңгені құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 33%-ға артық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес 2023 жылдан бастап «Самұрық-Қазына» қоры таза пайданың 7%-ын қайырымдылық мақсаттарға жұмсауға әзір. 2022 жылдың қорытындысы бойынша бұл сома шамамен 130 млрд теңгені құрайтын болады. Осылайша Қордың қайырымдылық шығындары 13 есе арта түспек.

Сондай-ақ брифинг барысында «Самұрық-Қазынаның» мемлекетке төлемдері талқыланды. 2022 жылы Қор жалғыз акционер ретінде Үкіметке шамамен 170 млрд теңге дивиденд төледі. Мират Өтеповтың айтуынша, Қазақстандағы түрлі әлеуметтік жобаларды қаржыландыру мақсатында тағы 141 млрд теңге, қайырымдылыққа 10 млрд теңге жұмсалады. Бұдан басқа «Самұрық-Қазына» жыл сайын ҚР бюджетіне 1 трлн теңгеден астам салық төлейді, Қазақстан бойынша Қор тобының 250 мың қызметкерінің жалақысын көтереді, сондай-ақ бүкіл ел бойынша портфельдік компанияларға инвестиция салады.

«Самұрық-Қазына» жұмсайтын барлық ақша Қазақстанда қалады, біздің экономикамызды дамытуға және азаматтарды қолдауға жұмсалады», деп түйіндеді М.Өтепов.