Биылғы оқу жылында Жамбыл облысы бойынша 9349 оқушы мектеп бітіріп, бұл күні барлық білім шаңырақтарында соңғы қоңырау соғылды. Тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан бұл оқушылар соңғы қоңырау жиынында алтын ұя – мектептерімен қимай-қимай қоштасты. «Біз сапалы білім, адал еңбегімізбен елдің дамуына өз үлесімізді қосамыз. Мен психолог мамандығын таңдап отырмын. Бұл адамға сенім, үміт беретін, жанына үнемі қолдау көрсетіп отыратын мамандық. Кеше ғана мектеп табалдырығын аттаған сияқты едік, міне, енді үлкен өмірге жолдама алып отырмыз.
Соңғы қоңырау менің мәңгі есімде қалады. Бізге білім берген ұстаздарымызға мың алғыс. Лайым, арман арқалаған құрбы-құрдастарымның бәріне сәттілік тілеймін», дейді жүзі қуаныштан бал-бұл жанған Тараз қаласындағы №5 мектеп түлегі Іңкәр Советова.
Бүгiнгi заман – бiлiмдiнiң заманы. Тәуелсіз елімізде жас түлектердің интеллектуалдық және шығармашылық қабілеттерін көрсетуге барлық жағдай жасалған. Енді алда үлкен сын тұр. Биыл Жамбыл облысындағы мектеп бітіруші түлектердің 72,4 пайызы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға ниет білдіріп отыр. Оның 300-і «Алтын белгіге», 118-і үздік аттестатқа үміткер. Жалпы, жамбылдық оқушылардың биылғы оқу жылындағы жетістіктері мақтан етуге тұрарлық. 2014 жылғы республикалық пән олимпиадалары
мен ғылыми жоба жарысының қорытындысы бойынша облыс оқушылары командалық есепте І орынды иеленді. Биылғы жылы халықаралық, республикалық деңгейдегі білім сайыстарында облыс оқушылары барлығы 143 медальді иемденді. Оның 37-сі алтын, 41-і күміс, 65-і қола медаль.
Соңғы қоңырау – жастарға үлкен жауапкершілік жүктейді, бойларына рух, күш, сенім береді. Адамды есейтіп, арманға бөлейтін ерекше күн. Болашаққа нық қадам басып, азамат атанған жастардың сапарлары сәтті болсын дейік.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Жамбыл облысы.