Медицина • 27 Қазан, 2022

181 балада ретинопатия бары анықталды

213 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Офтальмологиялық скрининг жасайтын заманауи диагностикалық құрал-жабдықтарға қол жеткізген еліміздегі 10 Перинаталдық орталық биылғы жарты жылда жаңа туған 1265 нәрестенің көзін тексеріп, 181 балада ретинопатия бар екенін анықтаған, деп хабарлайды Egemen.kz.

181 балада ретинопатия бары анықталды

Осылайша отандық офтальмолог-дәрігерлер AYALA ҚҚ сатып әперген жабдықтардың көмегімен көз торының лазеркоагуляциясын жасап, тоғыз баланың көру қабілетін сақтап қалды.

Қазақстандық дәрігерлердің мәліметіне сүйенсек, айы-күні жетпей туған нәрестелердің 40% жуығы көру қабілеті қайтып қалпына келмейтін кеселге душар болады.

Сырттай қарағанда ретинопатияның белгілері көрінбейді. Тек мамандандырылған және арнаулы білімі бар офтальмологтар ғана офтальмоскоп көмегімен оның белгілерін ерте анықтай алады.

2022 жылға дейін Қазақстанның Перинаталдық орталықтарын ретинопатияның ерте скринингіне арналған жабдықтармен жабдықтау оңайға түспеген. Ол тек 4 орталықта ғана бар болды. Оған қоса ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен ретинопатияның күрт дамыған түрін инъекциялық емдейтін клиникалық хаттаманың болмауы да жағдайды ушықтырып, соның салдарынан соқыр болып қалатын балалар саны жыл сайын көбейе түскен еді.

в

Осындай күрделі мәселені шешуге 2021 жылдың қазан айында AYALA қайырымдылық қорының негізін қалаған әрі президенті Айдан Сүлейменова араласып, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Жандос Бүркітбаевпен бірқатар кездесу өткізген еді. Оған қоса ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің басшысы Мағрипа Ембергеновамен бірге қазақстандық Перинаталдық орталықтардың жаңа туған нәрестелердің офтальмологиялық скринингіне арналған жабдықтарға, сондай-ақ кадрларға деген қажеттіліктеріне жан-жақты талдау жүргізіліпті.

«Қазақстанда шала туған нәрестелер дүниеге келетін 42 Перинаталдық орталықта балалардың ретинопатиясын анықтау үшін офтальмологиялық скрининг жүргізе алатын небәрі 23 офтальмолог бар. Біз скринингтік жабдықтармен қоса, ең алдымен арнаулы мамандар жұмыс істейтін орталықтарды қамтамасыз ету керектігін түсіндік. Сондықтан екі демеушімен бірге 11 Перинаталдық орталыққа және Атырау қаласындағы Облыстық офтальмологиялық аурухананы назарға алдық. Нәтиже біздің болжамдарымыздан да асып түсті – алты айда көзінде кеселі бар сәбилер саны 1200-ден асты. Сонымен қатар, скрининг ретинопатиядан басқа да көз кінәраттарын анықтауға септесті. Мысалы, Атырауда 136 баланың 74-інде ретинопатияға жатпайтын, бірақ айтарлықтай ауытқу анықталды. Көз патологиясын ерте анықтау дәрігерлерге де емді ерте, асқындырмай бастауға және балалардың жақсы көру қабілеттерін сақтауға көмектесті. Бұл қайырымдылық қоры, Денсаулық сақтау министрлігі мен мемлекеттік медициналық орталықтардың өзара жемісті әрекетінің нәтижесі», дейді AYALA қайырымдылық қорының президенті Айдан Сүлейменова.

Жоғарыдағы офтальмоскоптардан бөлек, Ақтөбе, Семей және Тараз қалаларындағы облыстық перинаталдық орталықтарындағы AYALA қорының бокстары арқылы жиналған қаражатқа ретинопатиямен туған нәрестелердің көз торын лазеркоагуляциялау отасын жүргізуге арналған аппараттар орнатылғанын айта кету керек. 52 миллион теңгеден астам сомаға сатып алынған, тәжірибелі хирург-офтальмологтардың қолына түскен бұл аппараттар жаңа туған 9 нәрестенің көзін сақтап қалуға көмектесті.

Оған қоса осы қыркүйек айында Денсаулық сақтау министрлігі жаңа туған нәрестелерге «Луцентис» препаратын интравитреалды енгізу жөніндегі клиникалық хаттаманы бекітті. Офтальмолог дәрігерлер бұл шешім Қазақстанда шала туған нәрестелердің ретинопатиясын нәтижелі емдеуге серпін бере  алады деп отыр.

«Бірнеше жыл бұрын ғана қазіргі қолымыздағы жабдықтардың барлығы – ультра заманауи бинокулярлық офтальмоскоптар, сәбилердегі соқырлықты емдеудің жалғыз әдісі – лазерлік қондырғылар, «Луцентис» инъекциясы арқылы ретинопатияны емдеуге арналған клиникалық хаттама біз үшін қол жетпес арман болатын. Енді бізде шала туған балаларға әлем сұлулығын, ал отбасыларына қуаныш пен бақыт сыйлайтын мүмкіндік пайда болды. Ал біз мамандардың талайы сенбеген, балаларға офтальмологиялық көмек көрсетудің керемет мүмкіндіктерін сыйлаған Айдан Сүлейменоваға алғыс айтамыз», дейді ҚР Көз аурулары ҒЗИ офтальмолог дәрігері Әсел Шәріпова.

Осылайша өзі де бұрынғы терапевт-дәрігер Айдан Сүлейменова 15 жылдан бері балалар денсаулығын сақтаудағы сауапты істермен айналысып келеді. Ол негізгі қаражатын мемлекет көмегін күшейте түсу үшін Қазақстандағы балалар өлім-жітімі мен мүгедектікті азайтуға бағыттап отыр. 2007 жылдан бері Айдан Сүлейменова 1,5 миллиард теңгені құрайтын жеке қаражатына еліміздегі көпбейінді 30 балалар ауруханасы мен перинаталдық орталықтарының жансақтау бөлімшелерін озық медициналық технологиялармен жабдықтап келе жатыр. AYALA ҚҚ президенті тек шала туған сәбилердің ретинопатиясынан туындайтын балалар зағиптығын төмендету жобасына 28 950 000 теңге бөлсе, оның 16 810 000 теңгесі  2022 жылы офтальмологиялық скринингке арналған жабдықтарға, ал 12 140 000 теңгесі Алматыдағы Қалалық перинаталдық орталыққа ретиналдық камера сатып алуға жұмсалды.