Білім • 27 Қазан, 2022

Берлин техникалық университетінің филиалы

338 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық уни­вер­ситетінің базасында Берлин техникалық уни­вер­ситетінің филиалы ашылады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын іске асыру мақсатындағы министрліктің бұл бастамасын бүгінде ШҚТУ-дың профессор-оқытушылар құрамы қолдап отыр.

Берлин техникалық университетінің филиалы

Айтулы күні Шығыс Қа­зақ­­станға іссапармен келген Ғылым және жоғары білім ми­нистрі Саясат Нұрбек жо­ға­ры оқу орнының техни­ка­лық материалдық базасымен, ғылыми жетістіктерімен, тың жобаларымен танысты. Со­ны­мен қатар университеттің ғылыми орталықтарын аралап, «Прототиптеу және материалдарды өңдеу» ғылыми өндірістік кешенінде, құрылыс және құрылыс материалдары саласындағы Құзыреттілік және трансфер орталығында болды. Ғылыми орталық қыз­меткерлері ведомство бас­шы­­сына медицинада қол­да­ны­латын титан өнімдерін, газ-мұнай саласына арналған титан өнімдерін, тантал мен ниобийден дайындалған меди­ци­налық бұйымдарды, ди­қан планшетін, 3D-прин­тер­­лерді таныстырды. Бү­гінгі таң­да кез келген нысанның 3D құжаттамасын жасау және өл­шеу нәтижелерін өңдеу үшін аппараттық және бағдар­ла­­малық жобалар қажет. Сондай-ақ техникалық, табиғи және мұражай объектілерінің 3D құжаттамасын жасау да сұ­ранысқа ие. Одан бөлек 3D құрылыс принтерімен әртүрлі күрделі формадағы өнімдерді аз уақыт ішінде жобалап алуы­ңыз­ға болады. Ал мұндай заманауи мүмкіндік аталған жоғары оқу орнының базасында бар.

Осы орайда университеттің өзге де жұмыстарына тоқталып өтейік. 2020 жылы облыстық мұрағат, облыстық кітапхана және облыстық музей материалдарын цифрландыру бойынша үлкен жоба іске асырылды. Атап айтсақ, «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ үшін кітап қорының 3мыңнан аса данасы цифрландырылды. Жалпы, Шығыс Қазақстан техникалық университетінің Ғылыми кітап­ха­насы – Қа­зақ­стан аума­ғын­дағы 1 млн данадан аса қоры бар тех­никалық бейіндегі ең ірі жоға­ры оқу орны. Оның үстіне жыл са­йын кітапхана қоры 10-15 мың дана кітапқа толығып отыра­ды. Кітапхана құрамына 5 оқу залы, абонемент бөлімі және 7 мамандандырылған бөлім кіреді. Студенттер, оқы­тушылар мен ғылыми қыз­меткерлер қа­жет­ті оқу, ғылы­ми, көркем және анық­та­малық әдебиеттерді ке­ңінен қолдануға, рефераттар, курстық, дипломдық жұ­мыс­тар жазу кезінде білікті кеңестер алуға мүмкіндік мол. Кітап­хананада интернет же­лі­сіне қосылған 56 компью­тер, мультимедиялық қор, пла­не­тар­лық сканерлер, принтерлер, көшіргіштер кіреді.

Айтқандай, ғылым саласы да көш ілгері. Алдыңғы жылдары ҮМЗ АҚ-мен бірлесіп, уни­верситет қабырғасында им­планттардың 20-дан аса түрін дайындау технологиясы әзірленді. Бүгінде оларды медициналық мақсатта пайдаланып та үлгерді. Өнімнің 3 табақшасы пациенттерге орнатылған. Қазір клиникалық сынақ кезеңі жүріп жатыр. Сондай-ақ импланттардың жаңа түрлерін жасау технологиялары әзірленуде. Атап айтсақ, украиналық жақ-бет хирургиясы қауымдастығының серіктестерімен бірге мойын ақаулары бар науқастарды оңал­ту үшін компьютерлік томография деректері бойынша 3D-басып шығару әдісімен ме­ди­циналық импланттарды модельдеу және дайындау жұ­мыс­тары жүргізіліп жатыр.

Университеттің ғылым саласында ашып жатқан жаңа­лық­тары көп. Себебі білікті ма­мандардың көбі осы оқу орны қабырғасында қызмет етеді. Соның ішінде жылжымалы жол зертханасының рөлін айта кеткен абзал. Бұл зертхана автомобиль жолдарының жағдайын диагностикалауға, паспорттауға, бақылауға ар­налған. Жолдардың негізгі гео­метриялық параметрлерін, жол төсемдерінің беріктігін, жа­бын­ның тегістігін, қозғалыс қар­қындылығы мен құрамын, жолдың құрылымдық элемент­те­рінің болуы мен жай-күйін анықтауды қамтамасыз етеді.

Жалпы, Шығыс Қазақстан облысында инженерлік-тех­ни­калық бейіндегі жоғары білікті кадрлардың сұра­нысын ескере отырып, беделді еуропалық уни­верситет филиалының ашылуы өңірдегі жоғары білім­нің дамуына елеулі серпін бе­ре­ді. Сонымен қатар алдағы уақытта неміс технологияларын облыстың өндірістік кәсіп­орын­да­рында пайдаланып, жұмыс барысын жеңілдетіп, сапасын арттыруы әбден мүмкін.

Берлин техникалық универ­ситеті филиалының ашылуына байланысты Қазақстаннан ғана емес, ТМД мен Азия елдерінен де талапкерлердің айтарлықтай көбеюі күтілуде. Ілкімді істердің нәти­жесінде Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан тех­­ни­калық уни­вер­ситетінің ға­лымдары бір­лескен ғылыми-зерт­теу­лер­­ді жүргізу және ола­р­ды одан әрі коммерциялан­дыру бө­лігінде еуропалық әріп­тес­тер­мен неғұрлым тиімді ын­ты­мақтастық құра алады.

Кездесу соңында Саясат Нұрбек Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ студенттері мен қызмет­кер­лерінің өңір мен ел дамуы­на қосып жатқан ғылыми жетіс­тік­терін жоғары бағалады. Кездесу соңында Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ басқарма төрағасы-ректор Сәуле Рахметуллина алғысын білдірді.

 

Шығыс Қазақстан облысы